Шымкентте әлеуметтің әлеуеті басты назарда
Шымкентте әлеуметтің әлеуеті басты назарда
120
оқылды
Шымкент қаласы әкімдігі ха­лық­ты жұмыспен қамту орта­лығының бөлім басшысы Дәурен Дүйсебаевтың айтуынша, 1 қыр­күйектен бастап мемлекеттік грант саны көбейген. «Өз ісін бастағысы келетін шымкенттіктер үшін жағым­ды жаңалық бар. Шаһарда жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырғысы келетіндерге қосымша 3 мың грант бөлініп отыр. Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап үміткерлердің құжаты қабылдануда. Қазіргі таңда аталған 3 423 орынға аз уақыт ішін­де 7 мыңға жуық қала тұрғыны құ­жат өткізді. Олардың құжаттары ко­миссияның қарауына ұсынылуда. Мәселен, биыл 1-2 қыркүйек күндері өткен комиссия отырысында 1 022 адамның өтініші бойынша оң шешім қабылданып, оларға мемлекеттік грант тағайындалды. Оның ішінде бү­гінгі күнге дейін 500 үміткерге гр­ант қаржысы аударылып қойды», – дейді бөлім басшысы. «Бастау Бизнес» жобасы – нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде жүзеге асып жатқанын еске сала кеткен жөн.  Жоба аясында өз бизнесін бастағысы келетін аза­маттар кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылады. Орталық мамандары пандемияға байланысты биыл оқу онлайн режимде өтіп жатқанын айтады. Қатысушы  21 күндік оқуын тәмамдаған соң арнайы тест тап­сырады. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, оған оқуды бітіргені ту­ралы сертификат берілмек. Демек, сол сертификатты алған адамның грантқа үміткер атануға құқығы бар. Грант қайтарымсыз берілгенімен, мониторинг тобы қар­жының мақсатты жұмсалуын тек­серіп, қадағалап отырады. Яғни, бұл өз кәсібін бастаушы аза­маттарға берілген бірегей мүмкіндік. Осы орайда, биылдан бастап аз қамтылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар «Бас­тау Бизнес» жобасының сер­тификатынсыз да грантқа тікелей үміткер бола алатынын айта кеткен жөн. Бөлім басшысы қалалық жұ­мыспен қамту орталығында мем­лекеттік «Еңбек» бағдарламасы­ның да ұтымды іске асып жатқанын тілге тиек етті. Жыл басынан бері 8 айда осынау бағдарлама шеңберінде үшінші мегаполисте  20 471 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның инфрақұрылым­ды және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты дамыту есебінен аза­маттарды жұмыспен қамтуға ар­налған бірінші бағыты аясында Шым­кентте 3 196 азаматты тегін кәсіби оқуға жолдау жоспарланған. Бүгінде нақты 2 000 адам қысқа мерзімге кәсіптік оқытуға жолданса, 1 196 жан техникалық және кәсіби білімі бар кадрлар даярлауға жіберіл­ген.  Бұл дерек жоспардың 100 па­йыз­ға орындалғанын көрсетеді. «Кәсіпкерлік бастаманы ынта­ландыруға арналған екінші бағыт бойынша 6 819 тұрғынға қолдау көрсетіледі деп жоспарланған бо­латын. Қазіргі таңда іс жүзінде 4 204 адамға қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспар бойынша 1 850 адам  кәсіпкерлік негізде оқытуға жіберілуі тиіс болса, орталық тарапынан оқуға 2 820 адам жолданды. Яғни,  жоспар артығымен орындалып отыр.  40 адамға шағын несие беріліп, 1 361 аза­мат мемлекеттік грант иегері ат­ан­ды», – дейді Дәурен Дүйсебаев. Сонымен қатар, халықты жұ­мыс­пен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқыр­лы­ғын арттыру арқылы еңбек нары­ғын дамыту көзделген үшінші ба­ғытқа  жұмыспен қамту орталығы шым­кент­тік 22 790 адамды қатыстырамыз деп жоспарлаған. Алайда әзірге бұл бағытта 16 740 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, жыл басынан бері ор­­талық тарапынан 5 755 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 313 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Олардың 2 099-ы жастар практикасы бағдарламасымен жол­данса,  4 494 жан ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 4 079 адам жұмысқа тұрған.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы