Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Дәурен Дүйсебаевтың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік грант саны көбейген. «Өз ісін бастағысы келетін шымкенттіктер үшін жағымды жаңалық бар. Шаһарда жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырғысы келетіндерге қосымша 3 мың грант бөлініп отыр. Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап үміткерлердің құжаты қабылдануда. Қазіргі таңда аталған 3 423 орынға аз уақыт ішінде 7 мыңға жуық қала тұрғыны құжат өткізді. Олардың құжаттары комиссияның қарауына ұсынылуда. Мәселен, биыл 1-2 қыркүйек күндері өткен комиссия отырысында 1 022 адамның өтініші бойынша оң шешім қабылданып, оларға мемлекеттік грант тағайындалды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 500 үміткерге грант қаржысы аударылып қойды», – дейді бөлім басшысы. «Бастау Бизнес» жобасы – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқанын еске сала кеткен жөн. Жоба аясында өз бизнесін бастағысы келетін азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылады. Орталық мамандары пандемияға байланысты биыл оқу онлайн режимде өтіп жатқанын айтады. Қатысушы 21 күндік оқуын тәмамдаған соң арнайы тест тапсырады. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, оған оқуды бітіргені туралы сертификат берілмек. Демек, сол сертификатты алған адамның грантқа үміткер атануға құқығы бар. Грант қайтарымсыз берілгенімен, мониторинг тобы қаржының мақсатты жұмсалуын тексеріп, қадағалап отырады. Яғни, бұл өз кәсібін бастаушы азаматтарға берілген бірегей мүмкіндік. Осы орайда, биылдан бастап аз қамтылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар «Бастау Бизнес» жобасының сертификатынсыз да грантқа тікелей үміткер бола алатынын айта кеткен жөн. Бөлім басшысы қалалық жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының да ұтымды іске асып жатқанын тілге тиек етті. Жыл басынан бері 8 айда осынау бағдарлама шеңберінде үшінші мегаполисте 20 471 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бірінші бағыты аясында Шымкентте 3 196 азаматты тегін кәсіби оқуға жолдау жоспарланған. Бүгінде нақты 2 000 адам қысқа мерзімге кәсіптік оқытуға жолданса, 1 196 жан техникалық және кәсіби білімі бар кадрлар даярлауға жіберілген. Бұл дерек жоспардың 100 пайызға орындалғанын көрсетеді. «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға арналған екінші бағыт бойынша 6 819 тұрғынға қолдау көрсетіледі деп жоспарланған болатын. Қазіргі таңда іс жүзінде 4 204 адамға қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспар бойынша 1 850 адам кәсіпкерлік негізде оқытуға жіберілуі тиіс болса, орталық тарапынан оқуға 2 820 адам жолданды. Яғни, жоспар артығымен орындалып отыр. 40 адамға шағын несие беріліп, 1 361 азамат мемлекеттік грант иегері атанды», – дейді Дәурен Дүйсебаев. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген үшінші бағытқа жұмыспен қамту орталығы шымкенттік 22 790 адамды қатыстырамыз деп жоспарлаған. Алайда әзірге бұл бағытта 16 740 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, жыл басынан бері орталық тарапынан 5 755 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 313 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Олардың 2 099-ы жастар практикасы бағдарламасымен жолданса, 4 494 жан ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 4 079 адам жұмысқа тұрған.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы