Ескерткішке айналған тұлғалар
Ескерткішке айналған тұлғалар
234
оқылды
– Аралда салынған ең үлкен мектепке Ұзақбай Қарамановтың есімі берілгені біз үшін үлкен қуаныш. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аралдық азаматпен мен мектепте бірге оқып, жас күнімізде осы ауданда бірге қызмет те істедім. Екеуміз де теңіз байлығын сүзген балықшылардың баласымыз. Ол 1958-1964 жылдары облыста қызмет істеп, одан кейін сол кездегі астана – Алматыға жұмыс бабымен ауысты. Құрылыс маманы еді. Сол саланың барлық сатысынан өтті. Ұялыдан шыққан Ұзақбай білімі мен қажыр-қайратын елге жолына арнап өткен адам, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов. Тұлға атын иемденген мектеп-гимназия 1 200 орындық, 2009 жылы пайдалануға берілген. Шара барысында министр, облыс басшысы және Ұ.Қарамановтың ұрпақтары мен замандастары қайраткерге арналған мектеп ішіндегі музей жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Бастау» кәсіби қоғамдастық кабинетінде үздік оқушылармен кездесті. Айта кету керек, жұмыс сапарымен аймаққа келген Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Қызылорда қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болды. 1954 жылы салынған музейде 11 көрме залы бар. Арал ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың есімі ұлықталып, мүсіні ашылды. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Сондай-ақ теңізді өлкеде дүниеге келген тұлғаның аты аудан орталығындағы №262 мектеп-гимназиясына берілді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінін ашу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, соғыс ардагерінің жары Қалзира Қалиева, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қа-тысты.  Шарада алдымен Қазақстанның Мем­лекеттік хатшысы Қырымбек Кө­шербаевтың Сыр жұртшылығына арнайы жіберілген құттықтау жеделхаты оқылды.  Онда «Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге ке­ліп, еліміздің жарқын болашағы жолында қа­жырлы қызмет еткен тарихи тұлға Ы.Қалиев­тың ескерткішінің Қызылорда қаласында орналасуы – өскелең ұрпақ үшін ерекше үлгі-өнеге. Халқымызға талай біртуар қайраткерлерді тарту еткен Сыр елінде өскен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын іске асыруда ерекше еңбек сіңірді. Аймақтың абыройлы қайраткері Ы.Қалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық  және рухани дамуына бар күш-жігерін салды. Ғибратты ғұмырдың үлгісін көрсеткен  та­рихи тұлғаның тұғыртасы өскелең ұрпаққа өнеге болсын» делінген. Облыс әкімі  шарада барша қызыл­ордалықтарды айтулы мерекемен құттықтап, Ы.Қалиевтың елге сіңірген еңбегін атап өтті.  Сыр өңірінен шығып, аты Алашқа белгілі болған арыстарымыз аз емес. Соның бірі де бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагері, адалдығы мен азаматтығы биік, парасатты ісімен ел есінде қалған  Ыдырыс Қалиев. Ол еңбек жолын қарапайым теміржолшыдан бастап, облысты басқару дәрежесіне дейін көтерілді. 1943 жылы әскерге шақырылып, қан майданда ерліктің үлгісін көрсетті. Облыста лауазымды қызметте болған кезі сол заманның талабы мен мүмкіндіктеріне сай аймақтың өсу жылдары болды. Қызылорда платинасы, картон зауыты,  қалада көпқабатты үйлер салынды. «Батыс», «Ақмешіт», «Мерей» оңтүстік ықшамаудандары бой көтерді. Мұнай өндірісі дамып, өнім шығара бастады. Кірпіш зауыты, конструкциялық қабырға ма-териалдар комбинаты, эксперименталды жөндеу Рисмаш  зауыты, мыңдаған өндірістер пайдалануға берілді. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі  мен Н.Бекежанов  атындағы драма театры салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға» атты мақаласында «Біз өскелең ұр­пақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда, туған жерін дамытуда өзіндік қолтаңбасы қалған мемлекет және қоғам қайраткеріне деген шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласында Ы.Қалиевтың ескерткіш-мүсіні қойылды. Ғасырға жуық өнегелі өмір сүрген, абыройлы ғұмырында парасат биігінен көрінген ағамызды елі еш ұмытпайды. Ы.Қалиев зейнетке шыққаннан кейін де еңбекке араласып, облыстық мұрағат басқармасын басқарған тұста Алматы, Мәскеу, Орынбор, Ташкент мұражайларынан Сыр өңіріне қатысты көптеген құнды деректі, жәдігерді жинақтап, облыстың мұрағат қорын жоғары деңгейге көтерді. Сондай-ақ Жалаңтөс баһадүр атындағы қор құрып, батырдың есімін ұлықтау жолында сан түрлі шара ұйымдастырып, ескерткіш орнатуға ықпал етті. Жауапты қызметтерді атқара жүріп білікті басшы, іскер ұйымдастырушы және елінің нағыз патриоты екенін  көрсетті. Ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін еңбек ардагері тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы атағымен марапатталды. Айта кету керек, ескерткіш-мүсіннің биіктігі – 1 метр, тұғырының биіктігі – 2,3 метр. Қола материалынан дайындалған. Ескерткіш-мүсіннің авторы – суретші-мүсінші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Амангелді Кененбаев.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы