Көшеде әйелді зорламақ болған күдікті ұсталды
Көшеде әйелді зорламақ болған күдікті ұсталды

Қылмыс кеше кешкі сағат 22:00 шамасында болған, – деп жазады otyrar.kz.

Дереккөздің жазуынша, Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысымен Абай даңғылының бойындағы үйіне қайтып келе жатқан әйелге белгісіз ер адам шабуыл жасаған. Ол келіншекті ұрып, адам жоқ жерге алып барған. Жыныстық сипаттағы әрекеттер көрсетіп, телефоны мен жүзігін тартып алған. 35 жастағы әйел қарсылық білдіріп, көмекке шақырған.

«Кешке жұмыстан қайтып жатқам, белгісіз біреу қолымнан ұстап, стендке қарай сүйреп апарды. Тұншықтырды. Ол менің сақинам мен әмиянымды, телефонымды тартып алды», – дейді зардап шеккен әйел.

Арада жарты сағат өткенде полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Тексеру кезінде 38 жастағы тұрғынның қалтасынан алтын сақина мен зардап шегушінің ақшасы табылды. Бірақ күдікті оқиғаға әйелді кінәлап отыр.

Күдікті: «Ол маған неке сақинасын берді. Мен телефонды алмадым. Мен дүкенге нан алғалы барғам. Әйел шығып «кешіріңіз, сіз көмектесе алмайсыз ба» араққа ақша жеткіліксіз деді де сексуалдық сипаттағы қызмет ұсынды. Мен қалтамдағы бар ақшамды бердім», – дейді.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.