Әскери институтқа Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді
Әскери институтқа Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 50 жылдық тарихы бар институт – Қазақстандағы кадр даярлауда үздік оқу орны.

«Үкіметтің 11 қыркүйектегі қаулысымен еліміздегі әскери кадрларды даярлайтын бірегей білім ордасы – Құрлық әскерлерінің әскери институтына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді» делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Сағадат Нұрмағамбетов – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы. Ұлы Отан соғысында жауынгерлік жорығы Берлинде аяқтаған. Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қорғаныс министрліктің мәліметінше, Құрлық әскерлерінің әскери институты 13 мыңнан астам офицерді даярлап шығарған. Оның 80-нен астамы Қазақстанда және шетелде генерал шенін алды.