Жауапты іс бар мойнында

Жауапты іс бар мойнында

Қай істің болмасын алдын алған абзал. Осындайда телефонға келетін қоңырау  мен хабарламаның орны ерекше. 112 нөмірінен ауа райы, жер сілкіну мен су қаупі туралы ескерту жиі келеді. Ал бұл тау маңында, өзен-көлдердің жанында тұратын ел үшін тиімді. Өйткені ескерту келе салысымен, құжаты мен затын теңдеп отырады. Мәселен, Алматы облысы Сарыбел ауылында тұратын Сандуғаш Рақымжанова 112-ден су тасқыны, қар көшкіні туралы хабарлама келуін қадағалап отырады екен. Себебі таудың етегінде орналасқан ауылда су тасқыны жиі болады. Алда-жалда хабарлама келе қалса, құжатын қолына алып, Төтенше жағдайлар қызметі белгілеген орынға баруға қамданады. Біразымыз төтенше жағдайдың алдын алу дегенде 112 нөмірін еске түсіргенімізбен, арнайы жасақтың барын ұмытпағанымыз жөн. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында олар жыл сайын қысы-жазы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Мегаполистің қысы қатты, көктем-күзде жауын-шашыннан кіші Венецияға айналары бәрімізге мәлім. Сол үшін Төтенше жағдайлар қызметі кез келген іске дайын болуы тиіс. Мәселен, аязды күні жылу беру тұрбасы жарылса, жөндеу жұмысын жүргізу осы мекемеге жүктеледі. Мұндай жаттығу жұмысы тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, Алматыда да өтеді. Өткен жылы 1 500-ден астам адам мен 200-ден астам техника жылу электр орталығында төтенше жағдаймен күрескен. Олар оқу-жаттығу барысында алдымен отын цехының ішінде тұтанған өрт­ті сөндіріп, химиялық улы затқа кү­йіп қалған адамдарды құтқарады. Осын­дай жиынның арқасында қиын-қыстау тұста не істеу керегін жетік меңгереді. Төтенше жағдай дегенге қыста көліктің жолда қалып қоюы да кі­рерін көбі біле бермейді. Суықта көлік ішінде қалып қойған адамдар бұл жұмыстың қаншалықты қиын екенін түсінетін болар. Егер Төтенше жағдайлар  қызметіне мұндай  хабар­лама түссе, олар діттеген жерге жетіп, қар құрсауында қамалғандарды жылы жерге жеткізіп, көлікті тіркеуге алады. Мысалы, биыл Нұр-Сұлтан қаласында қар қалың жауып, шаһарға кірер жолдың бәрі жабылған-ды. Сонда далада көлік ішінде қалып қойған ана мен баланы жедел құтқару тобы аман-сау алып қалған. Құтқару демекші, Төтенше жағ­дайлар қызметінің негізгі міндеті – жағдайдың алдын алу және құтқару. Қызметкерлердің алдын алып, дабыл қағатынын жиі естиміз. Құтқару оқи­ғасынан да хабардармыз. Оған 27 шілде күні республикалық жедел-құтқару жасағының ісі дәлел. БАҚ-та берілген мәлімет бойынша, бір топ жас радон көзіне қарай өтетін Проходное шатқалына серуендеуге шыққан. Біраз жүргесін жас жігіт топтан бө­лініп, өзен арқылы өтетін құбыр бо­йымен шатқалдың басқа жағына өтіп кеткен. Діттеген жерге жеткесін туристер жігітті таппаған. Олар төрт сағат бойы іздестірген. Амалы таусылған жастар республикалық жедел-құтқару жасағына қоңырау шалған. Сөйтіп, жеке құрамның 5 адамы бар жедел топ іске кіріскен. Таудағы тік жыра, буырқанған өзен мен қараңғы түн құтқару жасағына кедергі келтірген. Сондықтан құтқарушылар қосымша күш шақыруға мәжбүр болған. Қосымша күш келген соң, кинолог іздеуші иттің көмегімен жоғалып кеткен жігітті тапқан. Зардап шек­кен жігіт құтқару тобына адасып кеткенін баяндаған. Өз кезегінде олар оған алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, дос­тарының жанына жеткізіп салған. Міне, қоғамда мұндай жағдай жиі кездеседі. Әсіресе, топпен тауға, өзен-көлге демалуға шыққанда оқыс жайт болуы мүмкін. Байқасаңыз, хауыздардың жанында кіші құтқару тобының жүретіні содан. Себебі олар біздің қауіп-қатерсіз өмір сүріп, демалысымыздың ойдағыдай өткенін қалайды. Табиғи және техногендік сипат­тағы төтенше жағдайдың алдын  алу мен жою – жауапты органның құзырын­дағы міндет. Сол үшін олар байыз таппай жұмыс істеп, келген хат-хабарды жіті бақылап жүр. Тілсіз жауды құрықтап, далада қалған көлікті тіркеп, қала берді көшедегі жаңбыр суын сорып алады. Олар мұның бәрін ел тұрғындары бейқам өмір сүруі үшін істейді.  

Айбике ЖАНАСЫЛ