Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына – 9,1 миллиард теңге, «Еңбек» бағдарламасы аясында қалаларға – 279,5 миллион теңге, ауылды жерлерге 6 миллиард теңге бөлінген. Бұлардан басқа да бағдарламалар бойынша түрлі грант беріліп, жеңілдікпен қаржылар қарастырылуда. Сонымен бірге Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында облыста 118 875 кәсіпкерлік субъектілері салықтық жеңілдіктерге ие болды. Ал несие алу үшін берілген 641 өтінімді қарау кейінге қалдырылды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аймақтағы кәсіпорындарды қолдаудың дағдарысқа қарсы жоспары жасалуда. Былтыр Алматы облысында шағын және орта бизнестің үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға дейін өсті. Шағын және орта бизнес саласында 2020 жылдың қаңтар-наурызында 251,5 мың адам жұмыспен қамтылған. 2019 жылдың соңында өндіріс көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 1 535,6 миллиард теңгені құрады (2018 жылы 1 367,7 миллиард теңге). Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы осы саладағы өндіріс көлемі 260,7 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 106,4 пайыз. Сонымен бірге бірінші жартыжылдықта өндірістің болжамды көлемі 565,6 миллиард теңгені құрайды. Нақты көлем индексі – 100,5 пайыз. 2020 жылға арналған жоспар – 1 650,3 миллиард теңге. 2020 жылдың 8 айында бюджетке шағын және орта бизнестен 70 миллиард теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 800 миллион теңгеге артық.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы