Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарын санитария талаптарын сақтауға шақырды, себебі КВИ инфекциясының қаупі әлі де сақталуда, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. Елордада карантин тәртібін ең өрескел бұзушылар – тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелері. Бұл туралы брифинг барысында Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева айтты.
«Кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин режимін елемей, бірнеше рет бұзушылар бар. Мысалы, Есіл ауданы Тұран даңғылы 2-де орналасқан Auraclub Alanya жазғы кафесі бар түнгі клуб шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда белгіленген жұмыс уақытын, маска тағу тәртібін, әлеуметтік қашықтық сақтамағаны және түнгі клуб пен караоке бөлмелеріне тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жүзеге асырғаны үшін», – дейді Жанна Пірәлиева.Мамандар эпидемиологиялық ахуал жаздағымен салыстырғанда тұрақталғанымен, вирус қаупі әлі жоғары екенін айтады. Бүгінде Нұр-Сұлтанда күн сайын үштен жиырмаға дейін КВИ ауруы тіркелуде.
«Қала тұрғындары мен қонақтарын санитария ережелерін сақтауға шақырамын, өйткені вирус қаупі әлі де бар. Бүкіл әлемдегі КВИ эпидемиологиялық жағдайын ескеру қажет. Алдағы эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы екпе жасау, иммунитетті нығайту, жылы киіну, сырқаттанған жағдайда өз бетінше емделмей, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек», – деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.Мамандар егер тұрғындар санитария ережелеріне немқұрайлы қарай берсе, жағдай ушығуы мүмкін екенін ескертеді. Айта кету керек, тіркелген барлық КВИ жұқтыру жағдайының 4,2%-ы, яғни 594-і 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ 15-тен 17 жасқа дейінгі 75 жасөспірім індет жұқтырды.