Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнату үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қоғамға есеп беруін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Бұл тәсіл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуы мен мемлекеттік аппараттың азаматтардың сұраныстарына ден қоюын арттыру жөніндегі одан әрі жасайтын қадамы.
Осыған орай, Президент Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ә. Исекешев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының сервистік үлгісімен танысып, оның арнайы мониторингтік тобы, ақпараттық – ағарту штабы, ардагерлер кеңесі мен «Астана-Адалдық алаңы», «Protecting Business and Investments», «Ашық бюджет» жобаларының жетекшілерімен және қоғам өкілдерімен кездесті.
Қоғам өкілдері қолданыстағы жемқорлыққа қарсы жобаларды жетілдіру, азаматтық қоғамды, сондай-ақ белсенді жастарды тарту жоспарлары туралы баяндады.
Азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу барысында Агенттік төрағасы А. Шпекбаев ел басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы озық халықаралық стандарттарды жедел енгізу жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл ретте олардың едәуір бөлігі мемлекеттік бақылаудың баламасы ретіндегі қоғамдық бақылауды дамытуға бағытталған.
Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшуі білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, жер қатынастары және т.б саладардағы тұрмыстық жемқорлықты жоюдағы табыстың негізгі факторларының бірі екендігін атап өтті.
Бұл ретте, Агенттік осы бастаманы ілгерілете отырып, өзі арқылы ашықтық, айқындылық және тұтынушыға бағдарлану қағидаттарына бейілділікті көрсетеді.
Ә. Исекешев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның елордалық департаменті қызметкерлерінің open-space кабинеттеріне барып, мұндай тәсілдің транспаренттілік пен сенім қалыптастырудың қолайлы жағдайын жасаудағы маңыздылығына тоқталып өтті.
Жалпы, «Antıkor Ortalyǵy» сервистік орталығы Агенттіктің қоғамдық ұйымдармен өзара әрекеттестігі мен халықпен кері байланысты қамтамасыз етудің тиімді алаңы.
Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына азаматтарды қабылдаудың заманауи тетігі, сондай-ақ Агенттіктің жемқорлыққа қарсы жобалары жетекшілерінің бастамалары таныстырылды.
«Астана-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Шекенов Агенттіктің елорда әкімдігімен тиімді өзара әрекеттестігі туралы айта келе, тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бойынша жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысын баяндады.
Жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелерінде цифрландыру ерекше орын алады. Мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатының жұмсалуын онлайн режимде қоғамдық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ететін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Ашық бюджет» жобасы ерекше қызығушылық тудырды.
Ә. Исекешев кездесудің қорытындысы бойынша қоғам өкілдерінің бастамаларын қолдап, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын және олардың қоғаммен сындарлы ынтымақтасу қажеттігін атап өтті. Онда әр өтініш бюрократиялық кідірістерсіз және азаматтарды жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүрлемей барынша сапалы қаралуы тиіс.