Қазақстанның Ауғанстандағы Елшісі Әлімхан Есенгелдиев су тасқынынан зардап шеккен Қабыл провинциясының тұрғындарына қазақстандық гуманитарлық көмекті тапсыру рәсіміне қатысты. Ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы және қоюлатылған сүттен тұратын азық-түлік 5 мыңнан астам мұқтаж отбасына берілетін болады, -деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Іс-шараға қатысқан Қабыл провинциясының губернаторы Мохаммад Якуб Хайдари және АИР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Гулам Бахауддин Жилани Ауғанстан Үкіметі мен халқының атынан қиын кезеңде көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.
Елші өз кезегінде Қазақстанның Ауғанстанға достас қарым-қатынасын атап өтті. Сонымен қатар, еліміз осы күрделі жағдайда өңір елдеріне, соның ішінде Ауғанстанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Қазақстандық гуманитарлық көмек Ауғанстанның зардап шеккендер арасында 8 провинцияда таратылған. Аталмыш азық-түлік Қабылдан басқа Балх, Парван, Панджшер, Логар, Вардак, Бағлан және Саманган провинцияларында таратылды.