Одаққа жем болмаудың жолы бар ма?
Одаққа жем болмаудың жолы бар ма?
5,144
оқылды

Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабыл­данып жатқан кейбір шешімдер сарапшыларды «Одақ Қа­зақстанға тиімді болып тұр ма?» деген мәселеге қайта-қайта оралуға мәж­бүрлеуде. Ғаламторда «2014 жыл­ғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекеле­ген халықаралық шарттар­дың қол­да­ны­луын өзгерту және тоқ­тату туралы хаттама» жобасы ресми жарияланды.

Құжатқа сәйкес, одақ аясын­дағы сыртқы шекаралардағы бар­лық кеденнен «ортақ қазынаға» жиналатын бүкіл алым-салықты өзара бөлісу кезінде Қазақстанның еншісіне тиесін үлес тағы да азайтылған.

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер төмен­дегіге келісті: кедендік әкелу баж­дарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) со­маларын есептеу және бөлу, оларды мүше мем­лекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәр­тібі туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 ма­мырдағы Еура­зиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа №5 қосымшаға) мынадай өзге­рістер енгізілсін.

Әрбір мүше мемлекет үшін кедендік әкелу баждары сомаларын бөлу нормативтері мынадай мөл­шерде белгіленеді:

Ресей Федерациясы – 85,065 пайыз;
Қазақстан Республикасы – 6,955 пайыз;
Беларусь Республикасы – 4,860 пайыз;
Қырғыз Республикасы – 1,900 пайыз;
Армения Республикасы – 1,220 пайыз».

Бұл ретте Беларусь, Қырғызстан және Армения үлестерінің неге аз екені түсінікті: олардың аумағы тым шағын, шекаралары да сонша ұзын емес. Тек екі мүше елдің – Қазақстан мен Ресейдің жері ғана ұлан-байтақ, далиып жатыр. Бірақ осыдан бес жыл бұрын бекітіліп кеткен келісім бойынша Қазақстан кедендік баждан түсетін барлық табысты солтүстік көршісінен кем дегенде 12 есе кем алады. Және бұл үлесі ары қарай азаюда.

Бұған қатысты одақтың басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның жауабы қысқа болды.

– ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бюджеттері ара­сында кедендік әкелу баждарының сомала­рын бөлу нормативтері мөлшеріне Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері ке­лісімдерін берді. Тиісті хаттамаға қол қойыл­ды, – деп мәлімдеді ЕЭК баспасөз қызметі.

Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанның одақтағы ортақ кірістен алатын еншісі 0,1 пайызға – биылғы 7,055%-дан 6,955%-ға дейін кемиді.

Рас, Ресей де алапат үлесімен шамалы бө­ліседі. Келер жылы еншісі небәрі 0,2%-ға – қазіргі 85,265%-дан 85,065%-ға дейін төмендейді.

Бір қарағанда, Ресейдікі көбірек азаятын сияқты. Шындап келгенде, үлесі ең көп азайып отырғаны – біздің республика ғана. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан жоғалтатын 0,1% деге­німіз 7,055%-дың екі пайызына жуық.

Ал Ресей жоғалтатын 0,2 пайыз оның 85,265%-дық үлесіне шаққанда, 0,23456%-ды құрайды, яғни өте аз.

Басқаша айтқанда, Қазақстан қатарлы өз еншісінің 2 пайызын өзге серіктестеріне қиып бергісі келсе, Ресей 0,2% емес, кем дегенде 1,7% үлесінен айырылуға тиіс.

Екі ел осы еншілерімен кіммен бөліседі? Тек Беларусьпен ғана.

Өйткені өзге екі елдің көрсеткіші сол бұ­рын­ғыдай өзгеріссіз қалмақ: Армения үлесі 2020 жы­лы – 1,22% болады (2019 жылы да 1,22%), Қырғызстандікі – 1,9% (бүгінде де 1,9%).

Ал Беларустікі биылғы 4,56%-дан артып, бес пайызға жуықтайды: 4,86%-ға жетеді.

Сарапшылардың мәліметінше, бұған дейін ЖЕЭК отырыстарында Беларусь тарапы Еуразиялық одақ ішінде импорттан түсетін баж алымдарының республикалар арасында әділетсіз бөлінетініне талай шағымданыпты.

«Жыламаған балаға емшек бермейді» деген халық даналығы бар. Өз мемлекеттерінің эко­но­микалық мүдделерін қорғауда біздің және қыр­ғыз ағайындардың келіссөзшілеріне анағұр­лым белсенді болу, бірін-бірі қызу қолдауы қа­жеттей. Әйтпесе, діні бір, тіні, ділі ұқсас өзге үш серіктесіне жем болып кетуі ғажап емес.