Кедейлік деңгейі өсті
Кедейлік деңгейі өсті
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халық саны – 1,1 миллион адам. Қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, ауылдық жерлерде табысы күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтар 7,8 пайыз болса, қалалық жерлерде – 4,2 пайыз. Теріс тенденция барлық өңірде байқалады. 2020 жылдың екінші тоқсанында кедейлік деңгейінің ең жоғары мәні Түркістан (12,8 пайыз), Солтүстік Қазақстан (7,4 пайыз), Жамбыл (6,9 пайыз), Қызылорда (6,9 пайыз) және Ақмола (6,7 пайыз) облыстарында тіркелді. Жалпы, осы бес аймақта кедейлер саны 481 мыңнан асты. Кедейліктің ең төменгі деңгейі Нұр-Сұлтан қаласында (1,4 пайыз) және Қарағанды (2,4 пайыз), Атырау облыстарында (3,1 пайыз) анықталған. Әрине, бұл қиындық қазаққа ғана емес, әлемге ортақ. Халықаралық еңбек ұйымы 2020 жылдың екінші жартысында коронавирус тудырған дағдарыс кесірінен әлемде 305 миллион адам жұмыссыз қалуы ықтимал деп топшылаған. «Бүкіл дүниежүзінде ахуал нашарлап бара жатқанымен, жұмыссыздық деңгейі АҚШ, Еуропа мен Орталық Азия елдерінде қатты өседі» деп жазады ХЕҰ. Дағдарыстың алғашқы айында Еуропа мен Орталық Азияда бейресми жұмыс істейтін азаматтардың табысы 70 пайыз құлдыраған. Пандемияға дейін 34 пайыз еді. Жұмыссыздық толқыны Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Ұлттық экономика министрлігі биыл Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайыз артады деп болжаған. Халықаралық валюта қорының жорамалына сәйкес, бұл көрсеткіш алдағы уақытта 7,8 пайызға дейін шарықтауы ықтимал. Карантиннен зардап шеккендердің ауқымын Үкімет көмегіне өтініш бергендер санына қарап есептеуге болады. Мысалы, бірінші рет мемлекет тарапынан бөлінген 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны алуға 8 млн 29 мың адам ниет білдірген. Яғни, елдегі экономикалық белсенді азаматтардың 87 пайызы мемлекет қолдауына мұқтаждық танытқан.  

Ерсайын БАҒДАТ