Сот үкімі бойынша Абзал Нұрахановқа Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» және 188-бабына сәйкес «ұрлық жасады» деген айып тағылып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья Бақытбек Ибрагимов деген азаматты «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп 7 жылға соттады. Нұраханов пен Ибрагимов жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ Мырзағали Дүйсенбаев «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деген айыппен 5 жылға сотталды. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған Рүстем Бежібаев 5 жылға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев 3 жылға түрмеге қамалды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтейді. Естеріңізге салсақ, ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған еді. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапты. 59 адамның үстінен 120-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратураның мәліметінше, қақтығыс кесірінен 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам зардап шеккен. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, 1 500-ден астам адам сұралған. Ресми мәлімет бойынша, жаппай жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған.
Ерсайын БАҒДАТ