Баспана құрылысына бюджеттен арна тартатын миллиардтар әділетсіз бөлінуде. Мәжіліс депутаттары осындай тоқтамға келіп отыр. Үкімет сағаты аясында талқыға салынған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мембағдарламасын жүзеге асыру жайы көптеген сұрақ тудырды.
Мәселен, 2,5 жыл ішінде қыруар қаражат шығындалса да, әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандардың жалпы санының бар-жоғы 6 пайыздайы ғана пәтерге ие болған. Парламентшілер мәліметінше, елімізде кем дегенде 512 мың адам баспанаға мұқтаж саналады және тиісті кезекке іліккен. Оның 30 мыңдайы он жылдан көп уақыттан бері пәтерлерін күтуде. Әрі бұл мерзім ұзамаса, кеми қояр түрі жоқ. Үй кезегіндегілердің 200 мыңнан астамы – әлеуметтік аз қамтылғандар.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов кейбір кезегі үлкен өңірлер мен аудандарға «Нұрлы жер» аясында жеңілдікті тұрғын үй салуға бюджеттік ақша тимейтініне назар аудартты. Демек үй кезегі ұлғаймаса, азаймайды.
2017 жылдан бастап, 2019 жылғы 1 шілдеге дейінгі аралықта, яғни 2,5 жыл ішінде 30 мың азаматқа пәтер берілген. Бұл кезекте тұрған жалпы адам санының 6,3%-дайы ғана. Осы кезеңде Алматы қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 8 мың адамға немесе 37%-ына, Түркістан облысында – 4 мың адамға (13,5%-ына), Қызылорда облысында 3 300 адамға (12%-ына) баспана берілген. Атырау облысында бұл көрсеткіш небәрі 720 адамды, ШҚО-да – 855 адамды құрайды. Ендеше, депутаттар тұжырымдауынша, Үкімет халықты тұрғын үймен қамту бойынша қосымша шаралар қабылдауы қажет.
– Мұқтаж азаматтарды «Нұрлы жер» бағдарламасы жеткілікті түрде толық қамтымауда. Бюджет қаражатын өңірлердің қажеттіліктері мен кезекте тұрған мұқтаж адамдарды ескерместен бөлу практикасы жалғасып жатыр. Мысалға, кезекте тұрған тұрғындарының саны көп – 48 мыңнан асатын Алматы облысына соңғы үш жылда бар болғаны 18,7 млрд теңге бағытталған. Ал кезектегі адамдар саны 26 мың адамды құрайтын Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд теңге бөлінген. Қарағанды облысында 35 мың адам кезекте тұр, оған 19,5 млрд теңге ғана қаржы бөлінген, – деді Н.Сабильянов.
Әрине, бұл Қостанайдың баспана қаражатын азайту керек деген сөз емес, оған жол беруге болмайды. Керісінше, қалған облыстардың бюджетінің осы бөлігін ұлғайту қажет.
Мұның сыртында, «Нұрлы жер» аясында шағын, моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда жеке тұрғын үйлер құрылысының қарқыны тасбақаның қимылын елестетеді. Қазіргі кезде оларда 210 мыңдай адам баспанаға зәру. Алайда 2,5 жыл ішінде барлығы 188 үй немесе 5 мың пәтер тұрғызылыпты.
Кейбір елді мекендерде үй кезегі кеңес кезіндегі дүкен кезегіне ұқсап кетіпті: сөрелер бос, тауардың саудаға қашан шығарылатыны белгісіз. Н.Сабильяновтың дерегінше, кейінгі жылдары бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй салынбаған аудандар да бар. Мысалы, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 4 мыңға жуық азамат кезекте тіркелген. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауданда тұрғын үй тұрғызылмаған. Ақмола облысының Шортанды ауданында 600 адам кезекте тұр. Әйткенмен, 2013 жылдан бері онда тұрғын үй мүлдем берілмеген. ШҚО-ның Аягөз қаласында үй кезегі 1 мыңға жуық адамнан құралған. Алайда ширек ғасырдан бері бұл қалада бірде-бір көппәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтермепті. Өкінішке қарай, мұндай көрініс көптеген басқа ауданда да қайталануда.
Сондықтан Мәжіліс уәкілетті орган мен жергілікті әкімдіктерден шағын, моноқалаларда және ауылдарда баспана салуға назар аударуын және бюджеттен тиісті қаржы бағыттауын сұрайды.