Ел зарыға күткен тарихи іс басталады
Ел зарыға күткен тарихи іс басталады
144
оқылды

Бұл қадам 2020 жылғы 30 ма­мырда бастау алды: «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан­дарын еске алу күніне» орай халыққа үндеумен қайырылған Қ.Тоқаев өткен ғасыр зоба­лаңының құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік дең­гейде шаралар қабылданатынын білдірді. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұ­мыстарын аяқтап, құрбандарды ақтау үшін ол Үкі­метке арнайы комиссия құруды тапсырды.

Бұл комиссияның жұмыс те­тіктері, құзыры, құрамы және бас­қа да нобайы енді ғана айқын­далуда. Оның өкілеттігі зор бол­мақ: құлыптаулы жатқан құпиясы көп, замананы құйындай үйiрген құйтырқы істердің шындығы жа­сырылған талай архив осы мемкомиссия үшін айқара ашы­лады. Дегенмен бұл бағытта абайлап әрекет ету, ақырын жүріп, анық басу керектей. Мысалы, Кеңес тұсында құрылған ұқсас комиссия 1941 жылғы 28 қазанда атып тас­тал­ған қандықол жендет Ф. Голо­щекинді 1961 жылы ақтады. Осы негізде Ресей Самара қаласының маңында, яғни Голощекин атыл­ған жерге ескерткіш белгі орнатты, онда: «Установлен на месте захо­ронения жертв репрес­сий 30-40-х гг. Поклонимся памя­ти невинно погибших» деген сөздер қашал­ған...

Сарапшылар: «мемкомиссия барлығын ақтау ұранымен елігіп, кезінде тұтас ауылдарды қырған, қазақтың бай-бағыланын, ұлт зиялыларын тергеусіз-сотсыз атып кеткен шолақ белсенділерді де сүттен ақ, судан таза деп таны­май ма?» деп қауіптенеді. Егер оған барса, бұл қоғамды қаққа жаруы ғажап емес. Мұнда да байып­тылық қажет.

 

Комиссияға кім кірмек?

Президент Жарлығының жоба­сында аса құзырлы әрі маңыз­ды мемкомиссия құрамына кімдердің кіретіні көрсетілген. Бірақ БҒМ ол адамдардың аты-жөнін жазбай, тек лауазымы мен ғылыми атақтарын ғана бере са­лыпты. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, комиссия құра­мын жасақтау жұмысы жал­ғасуда. Мысалы, ереже жобасы жа­рия­ланған күні жедел хабар­лас­қанымызда, министрлік «құра­мына енді» деген кейбір тұл­ға­лардың өзі содан бейхабар еке­нін анықтадық. Жоғары жақ оларды сәл кешірек құлағдар етіпті. Екіншіден, сырт көзден жа­бық, тіпті бұрын көзі тірілердің еш­қайсысы көз жүгіртпеген мем­ле­кеттік құпиялармен жұмыс істей­тіндіктен, әрине комиссияға кіретін әрбір адамның пейілінің кіршіксіз тазалығын, сыр сақтай білетін қасиетін, сыртқы күш­термен, өзге ел бар­лау­шыларымен байланысы жоғын құзырлы ор­ган­дар мұқият тексергені жөн. Үшіншіден, мемкомиссияны қалыптастыру барысында билікте ауыс-түйіс болуы мүмкін. Бұл да оның құрамын өзгертеді. Мысалы, алдын ала тізімге 6 министр кіріп отыр. Сонымен, Саяси қуғын-сүр­гін құр­бандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комис­сияның құра­мына кірген аза­маттар тізімін Мем­лекеттік хатшы Қырымбек Кө­шербаев бастап тұр. Ол мем­комиссия төрағасы қызметін ат­қармақ. Соны­мен қатар комис­сияға төрағаның орынбасары ре­тінде вице-премьер Ералы Тоғ­жанов, келісім бойынша төраға орынбасары ретінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бі­рінші орынбасары Бауыржан Байбек, төрағаның тағы бір орын­басары ретінде Президент Әкім­шілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Пре­зидент көмек­шісі – Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қа­рауды бақылау бөлімінің мең­герушісі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар. Қорғаныс ми­нистрі Нұрлан Ер­мекбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Балаева, Әділет министрі Марат Бекетаев, Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Жансейіт Түймебаев, ПӘ Ішкі саясат бөлімінің мең­герушісі Нұргүл Мауберлинова, Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жө­ніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов, Бас проку­рордың бірінші орынбасары Берік Асылов, Қы­зылорда облысы әкі­мінің орын­басары, т.ғ.к. Нау­рызбай Бай­қадамов, Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ди­ректоры Зиябек Қабылдинов, Қазақ ұлттық аг­рарлық уни­верситеті «Рухани жаң­ғыру» орталығының жетекшісі Хангелді Әбжанов, Абай атындағы ҚҰУ «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының ди­ректоры, т.ғ.д. Мәмбет Қой­гелдиев, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Дос Көшім, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали, Еуразиялық интег­рация инсти­тутының дирек­торы Ерлан Сайыров, Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ про­ректоры, ака­демик Дихан Қамза­бекұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚХА кафед­расының меңгерушісі Люд­мила Гривенная, Орталық Азия­ның дәстүрлі өрке­ниеттерін зерттеу жөніндегі ор­талықтың директоры, т.ғ.д. Талас Омарбеков және бас­қа тұлғалар ұсынылды. kygin syrgin1 Мұның сыртында комиссияға келісім бойынша Президент Әкім­шілігі Басшысының бір орын­басары, Сенат және Мәжіліс депу­таттары, бірнеше вице-министр, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті төраға­сының орынбасары, Ұлттық кеңес­тің кейбір мүшелері, Қазақ­станның жаппай саяси қу­ғын-сүргін құр­бандары қауым­дастығының және басқа да қоғам­дық ұйым­дардың басшылары, ЖОО профес­сорлары кіреді. Төра­ғаның шешімі бойынша комис­сияға белді сарап­шылар дербес енгізілуі мүмкін.  

Қуаты құзырынан танылады

Бұл комиссия Президент жа­­нын­дағы консультативтік-кеңесші орган болады. Негізгі міндеті – «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау». Оның мүшелері отырысқа жарты жылда кем деген­де 1 рет жиналып тұрады. Шешім жи­налған мүше­лердің басым көп­шілігінің қолдап дауыс беруімен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның дауы­сы шешуші болатыны ай­тылған. Комиссияның жұмысшы ор­ганы – Білім және ғылым ми­нистрлігі. Мемкомиссияның өкілеттігі мен функциялары зор. Біріншіден, ол саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтауы тиіс. Екіншіден, ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін арнайы заң жобаларын және өзге де актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсы­ныстар енгізеді. Үшіншіден, жазықсыз сот­талған, өмірі мен бас бос­тан­дығынан айы­рылған, пси­хиат­риялық ме­кемелерде мәж­бүрлеп емде­тілген, елден алас­талған, сон­дай-ақ саяси наны­мдар, тап­тық, әлеу­меттік, ұлттық, діни неме­се өзге де қа­тыстылығы бойын­­­ша құқығы мен бостандығы шек­телген тұлғаларды ақтау про­цестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын да сол анықтайды. Төртіншіден, іс жүзінде ақ­талмаған саяси қуғын-сүргін құр­бандары санаттарының толық тізбесін айқындайды. Өйткені қол­­­даныстағы заңнамада қамтыл­маған құрбандар санаттары да, сондай-ақ заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құр­бандар санаттары да бар. Бұдан бөлек, «Қазақстанның бос­тандығы, тәуел­сіздігі және аумақ­тық тұтастығы үшін күресу­ші­лер», «өзінің идео­логиялық, ғылыми, шығар­машы­лық, рухани-мәдени құнды­лық­тары мен сенім­дері үшін қуғын-сүргінге ұшыра­ғандар» са­наттары белгіленеді. Бесіншіден, комиссия мү­шелері Қазақстан Президентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің, прокуратура ор­гандарының және өзге де мем­лекеттік меке­мелердің архив­теріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жө­ніндегі мате­риалдарды зерт­теушілер мен ұр­пақтар үшін қол­жетімді етеді. Алтыншыдан, барлық мемор­гандардың ақтау мәселелері жө­нін­дегі қызметін де осы мем­комиссия үйлестіретін болады. Жетіншіден, ақтал­ғандардың құқықтарын қал­пына келтіруде азаматтарға әдіс­темелік және құ­қықтық көмек көр­­сетеді. Се­гізіншіден, комиссия қол­дауымен репрессия құр­бан­дарын, Қазақ­станның бос­тандығы, тәуел­сіздігі және аумақ­тық тұ­тастығы үшін күресте ерлік көр­сеткен адам­дарды мәңгі есте қалдыру жөнінде жеке мемлекеттік бағдарлама қа­былданады. То­ғызыншыдан, комиссия ақтал­ғандардың құқық­тарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өті­ніштер мен шағым­дарды қа­райды.  

Комиссия мүшелері Қазақстан Прези­дентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің архив­теріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды зерт­теушілер мен ұрпақтар үшін қол­жетімді етеді.

  Мемкомиссия ішінен тота­литаризм құрбандарының әртүрлі санаттарын оңалту жөніндегі әдіс­наманы әзірлеу үшін кіші комис­сиялар құрылады. Сонымен қатар өз қызмет бағыттары бойынша ұсы­ныстар енгізу және мате­риал­дарды жинақтау үшін жұмыс топтары түзіледі. Негізгі жұмыс та осы топтарда жүрмек. Жұмыс барысында комиссия жабық қорларды ашу және өз міндетін іске асыруға қажетті ар­хивтік материалдардан «аса құпия» грифін алып тастау (құ­пия­сыз­дандыру) туралы шешім қа­был­дайды. Қалай болғанда, бұл – мектеп пен ЖОО оқулықтарына кіретін нағыз тарихи шараға айналатынға ұқсайды.  

Әділет орнамай қасірет тарқамайды

Мемкомиссия мүшелерін алапат жұмыс ауқымы күтіп тұр. 1916 жылғы көтеріліс, Ресейдегі қазан төң­керісінен кейінгі ала­сапыран, азамат соғысы, ұжым­дастыру және кон­фискация нау­қаны, екі рет жүрген ашар­шылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кезең­дерде дүркін-дүркін репрессия шаралары іске асы­рылды. Құр­бандардың нақты санын бірде-бір тарихшы тап басып айта алмайды. Ресми мәлімет бойынша, КСРО-да 20-50-жылдар аралығында 3 мил­лион 777 мың 380 адам сотталған, оның 642 980-і атылған. Дегенмен бұл ста­тистикаға сотсыз атып тасталғандар, «үштік», «ерек­ше кеңес», «ерекше три­бунал» қолы­нан өткен кейбір істер кір­меген. Қазақ елінде ең кемі 103 мың адам реп­рес­сияланған деп сана­лады. 1 мил­лионнан астам адам «итжек­кенге», елден тысқары жер ауда­рылды. Сталин өлгеннен кейін оның заманындағы қылмыстар әш­кере бола бастады. КОКП ОК жа­нындағы Партиялық бақылау комитеті және одақтас респуб­ли­калардың орталық комитеті 30-40-жылдары және 50-жылдар басында саяси астар бойынша партиялық және сот жауап­кер­шілігіне тартылған адам­дарды ақ­тауға кірісті. 1953 жыл­дың шіл­­­десінен 1956 жылдың ақ­паны аралығында 5 456 адам ақталды. «Ол кезде реабилитациялау жұмысы тым шабан әрі жүйесіз жүргізілді. Бюрократия ғаламат болды: әрбір репрессияланған адамға қатысты құжат КСРО Жо­ғарғы кеңесіне жеке жолданды, ЖК қарап, оң қорытынды бер­геннен кейін ғана ақтау туралы шешім қабылданды. Оның үстіне, осы іске жұмылдырылған ше­неу­ніктердің көбі бірер жыл бұрын ғана өздері домалақ арыз жазған, әлдекімдерге жала жауып, «халық жауы» ретінде атқызған тұлғалар болатын. Сон­дықтан олар ақтауға құлық та­нытпады, бір істі бірнеше рет қайта қарады, кейінге ысыр­ды», – дейді белгілі зерттеуші, қазақ­стандық та­рихшы, доцент Ека­терина Кәріб­жанова. Әйткенмен, 1956 жылғы КОКП ХХ съезі саяси қудалау құр­бандарын жаладан арылту ісіне соны серпін берді. Ақтау ісі жеңілдетілді. Лагерьлерге істерді қайта қарау жөніндегі арнайы комиссия ат­танды. Оларға Жо­ғарғы кеңес Пре­зидиумының құ­қықтары уақытша жүктелді, яғни комиссия өз бетінше реа­били­тациялау, кешіру, қамақ мерзімін қысқарту құзырын ие­ленді. Осы­ның арқасында 1956-1961 жыл­­дары Кеңес Одағында 700 мың­нан аса адам ақталған. Қынжылтатыны сол 1962 жыл­дан бастап бұл жұмыс қар­қыны күрт бәсеңдеді және 1964 жылы мүлдем тоқтады. Ақтал­ғандардың тағдыры да ауыр еді. Түрме не ла­герьден оралғандардың біразы қалыпты өмірден көпке дейін орын таба алмады. Олар үшін қаншама қызмет түрі «жабық» болды. Мысалы, 1954 жылы абақтыдан босап шыққан атақты тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановқа оқытушылық қыз­метке кірісуіне тек 1 жылдық сер­гелдеңнен кейін ғана рұқсат етілді.

Саяси қуғын-сүргін құр­бан­­дарын ақтау жұмысын Пар­тиялық бақылау комитеті 1987 жылы қайта жан­дандырды. Сонда ғана хал­қымыз «Алаш» арыс­тарымен қайта қауыш­ты. Әйт­кенмен, реаби­литациялау процесі аяғына жет­кізілмеді. Бұған қоса, қазақ жеріне күштеп депор­тацияланған ха­лықтар әділет тап­пады. Прези­дент Қ.Тоқаев баста­машы болған мем­комиссия енді осы мәсе­лелер­дің бәріне нүкте қоюы керек.

 

АйханАйхан ШӘРІП