Бүгінгі күні баспанаға жету әрі оңай, әрі қиын. Олай дейтініміз – қалтаңызда ақша болса қай қаладан болса да, өз арманыңыздағы үйге қол жеткізуге болады. Ал қиыны – бір ғана жалақыға қарап қалсаңыз және тұрғын үй кезегінде тұрсаңыз, ойда жүргендей пәтерге қол жеткізуіңіз екіталай. Бұл жерде сіз жинаған ақшаңыздың шамасымен аласыз немесе мемлекеттік бағдарламамен салынған үй тиеді.
Сарапшылардың айтуы бойынша, баспанасы ең арзан бес қала: Қызылорда – шаршы метрі 135 675 теңге, Актөбе – 148 550, Тараз – 155 475, Семей – 169 050, Павлодар – 175 750. Ал баспанасы ең қымбат бес қала: Алматы – 377 000, Нұр-Сұлтан – 332 950, Атырау – 265 075, Шымкент – 226 200, Карағанды – 207 100. Пәтердің шаршы метрі өткен жылмен салыстырғанда жыл басынан бері 2,2 процентке өскен. Баспана бағасының тұрақтылығы астанада тіркеліп отыр. Өткен жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда, мұнда пәтердің бағасы 0,05 процентке ғана көтерілген. 2018 жылы пәтер бағасының қымбаттауы жағынан Тараз, Атырау, Көкшетау және Шымкент қалаларында бес процентке өсіп, көш бастады. Алматыда 9,4, одан кейін Өскеменде 10,8 және Шымкентте 16,1 процентке өскен. Үш қалада баспана құны: Қызылордада 3,6, Актөбеде 4,1 және Ақтауда 8,5 процентке азайған. Ал Семейде 0,3, Таразда 0,8 процентке төмендеген.
Ал Солтүстік Қазақстанда қантар-шілде аралығында үй бағасы 7 процентке өсіп кеткен. Қымбатшылық неге туындағаны туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов: «Бізде тұрғын үйдің шаршы метрі неліктен сонша қымбат? Неліктен жеке компаниялар коммерциялық үй салуға құлықсыз? Өйткені кірпіш, цемент және тіпті қиыршық тастың 90 пайызын сырттан әкелуге тура келеді. Енді тек құм тасу ғана қалды. Шатырға қажетті материал ол да жоқ. Біздің облыста құрылыс саласы мүлдем дамымаған» дейді.
Бір жағынан құрылыс заттарын сырттан тасығаннан шаршы метрдің қымбаттауы орын алса, екінші жағынан тұрғын үйге деген сұраныстың артуы да әсер етсе керек. Петропавлда жылына бір немесе екі коммерциялық үй салынады. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында биыл жалпы аумағы 230 мың шаршы метр немесе 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2018 жылы 218 мың шаршы метрді құраған.
Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдастығының мәліметінше, материалдардың едәуір бөлігі, оның ішінде қиыршық тас пен кірпіш көршілес Ақмола облысынан әкелінеді. Ол жақта құмның өзі Солтүстік Қазақстаннан бес есе арзан. Көрші облыста үлкен кірпіш зауыты бар, темірбетон конструкциялары мен блок шығаратын кәсіпорын орналасқан. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Қостанай және Ресейден кірпіш, шағыл, шатыр тасымалданады екен.
Иә, құрылыс нарығында тұрғын үйдің қымбаттауы не арзандауы сол қаладағы тұрақтылық пен жұмыс орындарының көптігінен болады. Мысалы, шартарапқа көз жүгіртсек Сан-Франциско әлемдегі құрылыс үшін ең қымбат қала болып саналады, бір шаршы метрдің құны 4 мың еуро төңірегінде. Бұрын бұл мәртебе Нью-Йоркқа тиесілі болған. Еуропада биыл құрылыс бағасының өсу қарқыны жалғасады. Саланы зерттеушілер осындай пікірге саяды. Еуропадағы құрылыс бағасы ең қымбат жер – Лондон. Британдықтарда бір шаршы метрдің құны – орта есеппен 3 365 еуро. Екінші орында – Цюрих. Өңірдегі бір шаршы метрдің бағасы – 3 334 еуро. Бұл – ІCM халықаралық құрылыс нарығын зерттеуші компанияның ақпараты. Оған сай құрылысқа көп қаржы кететін қалалар тізімінде үшінші орында – Дублин. Ирландия астанасындағы бір шаршы метр құны – 2 900 еуро. Болжам бойынша, Дублиннің құрылыс нарығындағы баға биыл тағы 7%-ға өседі. Мамандар мұны коммерциялық және тұрғын үй жобаларының артуымен байланыстырады.
Енді елге оралайық. «Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді» дегендей сіз қалтаңыздағы ақшаны жиып-жинастырып үй ала алмай жылдар бойы қиналсаңыз, енді біреулер миллиондаған АҚШ доллары тұратын зәулім сарай салуда. Өзіңіз саралай беріңіз. Қазақстан бойынша ең қымбат бес үйдің анықтамасы шыққан болатын. Оны әлеуметтік желіде біраз талқылады да. Соның бірінші орындағысы Алматы қаласында орналасқан. Оның бағасы 11 млн 126 мың АҚШ долларын, яғни 3 млрд 700 млн теңгені құрайды. Үш қабатты зәулім үйде 30 бөлме бар. Үйдің ені – 300 мың шаршы метр. Ауласының өзінде әртүрлі шағын үйлер орналасқан. Монша, сауна, фитнес залы, гольф клубы, балаларға арналған ойын алаңы тағы бар.
Ал екінші орында – бағасы 10 млн долларға жуық (3 млрд 300 млн теңге) тұратын жеке жай. Бұл үйдің ені – 1 200 шаршы метр. Ал ауласының аумағы 2 гектар жерді алып жатыр. Үй үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта ас үй, қонақ бөлме, жеке кабинет орналасқан. Екінші қабатта 4 жатын бөлмесі, гардероб, ас үй, екі балкон бар. Сонымен қатар үйдің жанында 250 шаршы метр жерде монша орналасқан. Оның ішінде сауна, джакузи және қонақ бөлмесі бар.
Үшінші орынға орныққан үй Шымкент қаласында орналасқан. Бұл үйдің бағасы 9 млн АҚШ долларын (3 млрд теңге) құрайды. Баспана 2 қабаттан тұрады. Коттедж 10 соттық жерді алып жатыр. Үй 24 сағат күзеттің бақылауында. Толығымен бейнекамерамен жабдықталған.
Астанада ең қымбат үй Ақбұлақ ықшамауданында орналасқан. Аталған коттедж 7,5 млн АҚШ доллары (2 млрд 500 млн теңге) тұрады. Үйдің ішінде 12 бөлме бар. Сонымен қатар далада 4 көлік тұрағы, монша, сауна, бассейн және жеке үйлер орын тепкен.
Бесінші орында – Ақтау қаласындағы 3 қабатты коттедж. Оның бағасы 1 млн 750 мың долларды (582 млн теңге) құрайды. Үйдің ішінде 9 бөлме бар. Қонақ бөлме, ас бөлме, жатын орны, жаттығу жасайтын бөлмелері. Басқа үйлерден ерекшелігі – бірінші қабаттың бәрін қысқы бақ алып жатыр. Бұл енді қалтасына ақшасы сыймай жүргендер үшін айтылған мысал.
Қарапайым халықтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін елімізде бағдарламалар түзілуде. Соның бірі – 2017 жылдан бері іске асып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 5 міндеттеме арқылы азаматтар үшін баспанаға қолжетімдігін арттыру. Атап айтқанда, сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй салу.
Түйін.
Қымбат не арзан үйде тұру жағдайыңызға байланысты. Дегенмен әр қазақ баспаналы болатын күнге жетер күн болсын деп тілесек, ерінбей еңбек етуіміз керек. Жай ғана дабыралай бермей, мемлекеттік бағдарламаларға да зер салып қойғаныңыз абзал. Мүмкін сіз де үйлі болып қаларсыз!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ