«Бұлай өмір сүргенше, өлгенім артық» – Қордайдағы қақтығысқа қатысты сот үкімі
«Бұлай өмір сүргенше, өлгенім артық» – Қордайдағы қақтығысқа қатысты сот үкімі

Бұл туралы aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Телеарнаның хабарлауынша, Қордайдағы қақтығысқа қатысқандардың алды соттала бастады.

Алматы әскери гарнизонының сотында кикілжіңнің ортасында болған жеті адам 3-8 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Оларға «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақырды» және «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деген айып тағылған. Судьяның шешімімен келіспеген айыпталушылар сот залын басына көтерді. Тіпті «суицидке барамыз» деп шу көтергендері де бар. Қордайдағы қақтығысқа қатысқан 7 күдіктінің ісі Алматыдағы әскери гарнизонының сотында қаралды. Өйткені айыпталғандардың біреуі – шекара қызметінің аға сержанты. Соттың соңғы отырысына қолхатпен бостандықта жүрген тек төрт айыпталушы қатысты. Ал тергеу изоляторындағылары үкімді онлайн тыңдады.

Судья Дихан Әлиасқаров: «Тілеуғалиев Алмат ҚК 272-бабының, 2-бөлігі бойынша көрсетілген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тағайындалған жаза қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтелсін» деген үкім шығарды.

Аты-жөнін естіген Алмат судьяның үкімін соңына дейін тыңдамай, сот залын басына көтерді. «Ауыр жаза кесілді» деп шыр-пыр болған сотталушы осыған дейін өзіне қол салғанын және тағы да қарнын жарып тастайтынын айтты.

Сотталушы Алмат Тілеуғалиев: «Мен сәуірде өз-өзіме қол жұмсағанмын. Себебі, заңсыз айып тағылды. Заңсыз соттап жатыр. Әділ үкім шығарсын деп тілеймін. Тағы да өзіме қол жұмсаймын. Бұлай өмір сүргенше, өлгенім артық», – деді.

Ал сотталушы Мырзағали Дүйсенбаев: «Үйде бала-шағамды бағатын жалғыз өзіммін. Келіншегім ауырады. Қызым да тіркеуде бар. Мыналар ешқандай жеңілдік қарап жатқан жоқ. Мен таксист  болып барғам. Ұрлық жайында білмедім. Соны біле тұра, алты жылға соттап жіберді», – дейді.

Еске сала кетейік, ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылындағы жергілікті тұрғындардың арасындағы жанжалға 300-ден астам адам қатысқан. Жаппай төбелестен 11 адам қайтыс болды. Төрт ауылға материалдық шығынға ұшырады.

Телеарна тілшісінің айтуынша, осыған дейін Ішкі істер министрлігі 120-дан аса іс бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген. Оның 11-і адам өліміне қатысты. Алайда жаппай тәртіпсіздіктен кейін күдікке іліккендер мен қамауға алынғандардың нақты саны әлі айтылмай отыр. Кикілжіңге қатысқан тағы қанша күдіктіге жаза кесілгені де әзірге белгісіз.