«Ертаев ісі»: ұрланған миллиардтар қайта ма?
«Ертаев ісі»: ұрланған миллиардтар қайта ма?
146
оқылды
 

«Альянс банктен» басталған алаяқтық

Жомарт Ертаев туралы ақпарат іздесеңіз, біздің елде одан басқа банкир болмағандай әсер қалдырады. Ол 2002-2007 жылдар аралығында «Альянс банктің» басқарма төрағасы қызметін атқарған. БТА банктің Украинадағы басқарма төрағасы қызметінде де болыпты. Еуразиялық банктің басқарма төрағасы қызметін де атқарған. Ал 2010 жылы Bank RBK АҚ директорлар кеңесінің консуль­танты қызметіне кіріскен. Жомарт Ертаев, тіпті 2018 жылы лицензиясы жойылған Qazaq Banki директорлар кеңесінің де кеңесшісі болғаны туралы дерек бар. Енді бір де­ректерде оның 2011 жылы Еура­зиялық қаржы кон­салтингі орталығын басқарғаны айтылады. Соңғы қызмет орны – «Алма-ТВ» ЖШС бас директоры қызметіне 2014 жылдың 10 қарашасында та­ғайын­далған. Есте болса, 2000 жылдардың ортасында «Альянс банк» халыққа жаппай несие беріп жатты. Елорданы салуға келген қазақстандықтардың арасында аталған банктен несие алмағаны кемде-кем. Осы дүрмектің арасында Ж.Ертаев та банк қаражатын жымқырып қалуды қолға алған сыңай­лы. Себебі 2009 жылдың 25 тамызында сот Жомарт Ертаевты «Альянс банктің» басқарма төрағасы болып жұмыс істеген жылдары құқық­бұзушылық жасады деген күдікпен қамауға алу туралы санкция берген. Оған Қылмыстық кодекстің 220-бабы 1-бөлігі «Банк қаражатын заңсыз пайдалану» бойын­ша айып тағылды. Тергеу абақтысында 9 ай жатып, 2010 жылы айып түрі өзгертіліп, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Айыппұл төлеттіреді. Бұл жазаның өтеу мерзімі аяқ­тал­ған 2013 жылы «Альянс банк» Қаржы полициясына банктің бұ­рын­­ғы топ-менеджерлерін тергеу ту­­ралы өтінішпен жүгінеді. Олар топ-менеджерлер қарыз алушы Ж.Ертаевқа банкке тиімсіз шарттар не­гізінде қайтарымсыз әрі кепілсіз не­сие берген деген шағым түсіреді. 2014 жылдың тамызында Ж.Ертаев «Альянс банктегі» шағымдарды тоқтату мақ­сатында банкке басты несиенің пайызы мен қарызын жабу үшін 2 млн АҚШ долларын қайтарады.  Бірақ оның бостандықтағы ғұмыры ұзаққа созылмады.  2015 жылы Ж.Ертаевқа ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылады. Бас прокуратура   «Альянс банктің» лауазымды тұлғасына қатысты  Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағында көзделген қыл­мыс құрамының белгілері бойынша қозғалған қылмыстық істі қарауды бастайды. Көп ұзамай Алма­тыда меке­меаралық жедел-тергеу то­бының  Ж.Ертаевты құрықтамақ болған әрекеті сәтсіз аяқталады. Күдікті із суы­тып үлгереді. Ертаевқа қатысты халық­аралық іздеу жарияланады. Осылайша,  Қазақстан билігінің өтініші негізінде Жомарт Ертаев Ресей астанасында ұсталды. Біраз уақыт ол үй қамағында болды,  кейін тергеу абақтысына қамалды. Оның босқын мәртебесі Ресей Бас прокуратурасының 2018 жылғы 15 қарашадағы шешімімен жойылды, 2019 жылдың қаңтарында Мәскеу қалалық соты Жомарт Ерта­евты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Ол 2019 жылдың наурызында елге оралды, сол жерде қамауға алынды. Бұл жолы оның үстінен қозғалған іс Bank RBK-ға қатысты болып отыр. Жалпы, Ертаев қызмет еткен банк­тердің бағы жанғаны аз. «Альянс банк», БТА банк, Qazaq Bankiнің бұл күнде елесі де қалмаған. Ал Еуразиялық банк Ертаевты басы дауға қалып, тергеуден көз ашпай жүрген кезінде ресми сайтында банктің «болашақта Ертаев мырзамен ынтымақтастық жасауды» жоспарламағаны туралы мәлімдеме жасағаны бар.  

«Біздей ақымақтарды кешіріңіздер!»

 Тергеу мәліметі бойынша, Ж.Ертаев Bank RBK-ның негізгі жетек­шілерінің бірі ретінде  жұмыс істеген жылдары  сыбайластарымен несие беру мен алудың жалған схемасын ұйым­дастырған. Олар жалған қарыз алушыларға аты бар да заты жоқ ке­пілге несие берген. Банктен алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша жымқырған. 2012-2017 жылдар аралығында  кассадан жеке мақсатына ешбір құ­жат­сыз ақша алып отырған деген айып тағы бар. Болжам бойынша, бұл қаражат ішінара сол уақытта Bank RBK директорлар кеңесінде болған Ертаев пен оның әйелі Нұргүлдің шотына түскен. 5 жыл ішінде 3 миллиард тең­геден астам қаржы аударылған (ша­мамен 8 миллион доллар) деген дерек бар. Ең қызығы, Жомарт Ертаев осы жыл­дың 6 қаңтарында өткен сот отырысында өзіне тағылған айыптармен келісіп, кінәсін толық мойындаған. Ол жасаған қылмыстарға қатысты Қыл­мыстық кодексте  мүлкін тәркілеп,   белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал прокурорлар экс-банкирді 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Бізге қызығы, бірлесіп қаржы жым­қырғандардың суға кетерін сезгенде тал қармайтын адамның әрекетін жасауы болып отыр. Дүйсенбі күні өткен сот отырысында  жауапқа тартылған 36 адамның жартысы кінәсін мойындап, соттан бостандығынан айырмауды сұ­раса, енді бір бөлігі – кінәсіздігін айтып әлекке түсті. Экс-банкир дүйсенбі күнгі соттағы соңғы сөзінде істеген ісі үшін қатты өкінетінін, 2,5 жыл ішінде  ойы өзгер­генін, көптеген кітап оқып, бұрын жо­ғалт­қан рухани дүниесін қалпына келтіруге тырысқанын айтты.
«3 жылдан астам уақыт қамауда отырғанымды, істеген ісіме өкі­нетінім­ді, шығынның едәуір бөлі­гін төлегенімді ескеріп, мені бос­тан­дығымнан айырмауыңызды сұрай­мын, құрметті судья! Ақшаны көріп, жолдан тайдым. Өкінгеніммен, еш нәрсе өзгерте алмаймын. Бірақ барлықтарыңыздан,  әсіресе туыстарым мен жақындарымнан шын жүректен кешірім сұраймын. Біздей ақымақтарды кешіріңіздерші» деген  ол     өзін жаһандық бизнес-жобаларды құруға қатысқан, 4 күндік жұмыс аптасын енгізген, қайырымдылық жасаған адам ретінде таныстырды. «Өзім кедейлікте өсіп, кедей-кеп­шіктердің арман-тілегін әрдайым тү­сінетінмін. Бала кезімде еден жуып, қой жайып, барахолкада сауда жасадым, ешбір жұмыстан қашқан емеспін. Анам мені протестанттық этика рухында тәрбиеледі, оның мәні – Құдайға деген сенім мен шығармашылық жұмыс. Мен иемденген немесе жұмыс істеген компаниялар  салықты уақытында төлеп келді. 10 мыңнан астам жұмыс орнын құра алдым», – деді ол. 
Ертаевтың сыбайласы Игорь Мажинов те кінәсін мойындап, соттан кешірім сұрады. Ал Ертаевқа 144 миллиард теңгені талан-таражға салуға көмектесті деп айыпталғандардың бірі Марпу Жақұбаева  Ертаевты «өмірімде екі-ақ рет көрдім» деуден танбады.  Ол өзін  жазықсыз айыптап жатыр деп санайды.  Айыпталушы орынтағында отырғандардың жартысына жуығы Жақұбаева сияқты  кінәсіздігін айтып, сотты сендірмек болды.  Қалай десек те, енді оларға үкім апта соңына дейін шығуы мүмкін. Атышулы істің нүктесі қалай қойылатынын сол кезде білеміз.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ