«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорны – РМК (бұдан әрі – Орталық) 2019 жылы Үкімет қаулысымен құрылып, заңды тұлға ретінде жұмыс істеп жатыр. Біздің қызметіміздің мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ материалдардың сапасын сараптау. Егер бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды. Біз дәл қазір өз іс-қимылымызды бүгінгі күн талабына сай ұйымдастырып, әлемдік деңгейде қалыптасқан стандарттарды жұмысымызға кеңінен енгізудеміз. Экономикамыздың кейбір саласындай, автомобиль жолдары саласында да білікті маман жетіспеушілігі – өткір мәселе. Біздің Орталық былтырдан бері оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізе бастады, оның барысында біз жол жөндеуші мамандығы туралы, осы кәсіптің артықшылықтары мен келешегі туралы әңгімелейміз. Осылайша, біз шарамыз барысында мейлінше көп білім ордаларын қамту мақсатымен «1 000 мектеп» акциясын жүзеге асырдық. Тіпті, төтенше жағдай режимінде де тоқтап қалмастан, өз акциямызды ZOOM және Instagram тұғырнамасында, онлайн негізде одан әрі жалғастырдық. Бұдан басқа, болашақ автожол саласы мамандарын дайындайтын, еліміздің колледждерімен және ЖОО-лармен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Атап айтқанда, біздің мамандарымыз осы аралықта 715 мектепте, 12 ЖОО-да, 17 колледжде кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізген. Бұл бағыттағы шараларымыз одан әрі жалғасын табады. Бұдан басқа, біз студенттерге ақы төленетін практикадан өтуіне мүмкіндік жасадық. Сөйтіп, өздерінің жазғы каникулында біздің Орталықта 45 студент атқарған еңбектеріне қарай ақысын алып, теориялық білімдерін нақты жұмыспен ұштастырып, тәжірибеден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған халыққа Жолдауында: «...ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс» деген сөздері алға дамуымыздың жаңа деңгейде өрлеуіне бағыт-бағдар сілтеп отыр. Орталығымыздың осы тұғырнаманы өзінің күнделікті іс-қимылында, жоғарыда айтқанымдай, қатаң басшылықта атқарып жатқанын атап айтқым келеді. Мәселен, біздің кәсіби бағдар беру бағытындағы шараларымыз барысында еліміздің барлық өңірінде де талай талантты жасөспірімдер барын, олардың нақты біздің саламызға жұмысқа келіп, еліміздің келешегін өз қолдарымен байыпты өркендетуге атсалысқысы келетінін көріп, қуанып қалдық. Бір ғана мысал, Ақтөбедегі Мұхтар Арын атындағы мектептің 11-сыныбында Исламбек Берікұлы деген оқушымен жолықтық. Өзі жол саласының маманы болуы армандайды екен. Ол «1 000 мектеп» науқаны аясында кездесуге барғанда, бір қарағанда қазіргі жастарды өзіне онша тарта қоймайтын кәсіпке кәдімгідей қызығушылық танытып, елдегі жолдың жайы туралы мазмұнды әңгіме айтқанда, бізді тәнті қылды. Өзі озат оқушы. Орталық филиалының жұмысымен етене таныс, мамандарымызбен саладағы проблемаларды шешудің жаңашыл жолдарын бөлісуден де жалықпайды. Тағы бір жас та болса, үлгілі ісімен танылып жүрген өнегелі өрендердің бірі – Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясының 3-курс студенті Ерқанат Түймебай. Ол қазір «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалында іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Оқуда озат тәлімгер бізде тек тәжірибе жинап қоймай, орталықтың барлық қоғамдық жұмысына да белсене атсалысып, қыруар іс тындырып жүр. Қазіргідей ақпараттық технологиялар мен жаппай цифрландыру заманында жастарға жүктелер жауапкершілік те зор. Біз өз жұмысымызда осыны басты назарға алуымыздың сыры да осында жатса керек. Біздің жағдайымызда бұл бағытта жаңа технологиялар жолдың сапасын жақсартуға, оның жағдайын бақылауға, өзгерістерді көруге, трафик ағынын басқаруға, сонымен қатар талдау жасауға мүмкіндік береді. Қазақта өткен ғасырдың басында мемлекеттігімізді қалыптастырып, ұлтымызды жарқын болашаққа үндеген зиялылары арасындағы бірегей тұлға – Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген өсиеті бүгін де маңызын жойған жоқ. Шын мәнінде, жастар – еліміздің болашағы. Мен осы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК басшылығындағы жұмысым барысында көңілге түйген маңызды мәселенің бірі де нақ осы – білім мен біліктілікті, тиянақты жұмыс пен сапалы еңбекті ұтымды ұштастыру. Жолдың сапалы салынуы, мұқият және стандарттарға сай жөндеуден өткізілуі, түптің түбінде адам өмірін, әсіресе сәбилердің, мектеп оқушыларының өмірлерін сақтап қалуға әкелетінін естен шығармау қажет. Мұның бәрі халықаралық деңгейде қабылданған биік талаптар, ал оларды мүлтіксіз орындау – тек жолаушылар парызы ғана емес, сол жолды пайдаланатын автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің де міндеті.
Замир САҒЫНОВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры