Парыз бен пайым
Парыз бен пайым
225
оқылды

Халық жазушысы, ұлтқа ор­­тақ тұлға Шерхан МҰРТА­ЗА­НЫ еске алу шаралары Ал­­матыда ата дәстүрге сай өт­ті.

Зиратының басына ор­на­­тылған көктастың өзі көп­ке ой салатындай әсерлі шық­қан. Талантты суретші әрі мү­сін­ші Ер­босын Мелдебектің идея­сын­да терең мән де, биік мұрат та бар. Яғни, тасқа бедерленген кітаптағы қызғалдақ арқылы жазу­шының туып-өскен жерін аң­ғартса, мәртебелі сөздің құ­ді­ретін, қаламгердің өткірлігін Шер-ағаңның алдаспан бей­несімен жеткізіпті. Шеберлік із­­денісі, шығармашылық пайы­мы айрықша мүсінші ұлты үшін басын бәйгеге тіккен өр тұл­ға­ны өз деңгейінде сом­да­ға­ны бірден байқалады. Мұны өнер туындысында қалам қай­рат­керіне жасалған тағзым десек те жарасады.

Бұл – ұлт жазушысына құр­мет, зиялылары мен естілері жо­лының жалғасы, өркениетті мә­дениет үлгісі, жалпы, қоғамның ама­натқа адалдығы дер едік.

Шерхан МҰРТАЗА адам ре­тін­де де, жазушы, көсемсөзші ре­тінде де, қайраткер ретінде де ғұ­мырда қайталанбас өз жолын тап­ты, қазақ өмірін Ұлы даланың да­на перзентіндей жақсы көрді. Қуан­са да шын қуанды, жыласа да шын жылады, сынаса да шын сы­нады. Намысын биік ұстады.

Ол Қазақ елін тәлкекке түсір­ген қиындыққа да, теперішке де, қызық-шыжыққа да парасатты аза­мат көзімен қарады. Өз сө­зі­мен айтсақ, Құдай жаратқан мі­­­незімен өмір кешті. Тұрмыс-тіршілікке, байлыққа байлануға иманы жібермеді, ал қыл үстінде тұрған елдік өткір мәселелерде атой­лап, атқа қона кететін. Сол үшін мансабын, дәрежесін, лауа­зымын құрбан етуге даяр-тұғын.

Шерхан МҰРТАЗА кезінде идеологияның көрігі болған га­зет-журналдарды басқарды. Жай басқармады, ұлтының қажетін ой­лап, түсініп, сезініп басқарды. Оты­мен кіріп, күлімен шықса да, ой түкпірінде қазақ мұраты, қа­зақ намысы тұрды. Ол шын ма­ғынасында халық жазушысы ға­на емес, халық редакторы бол­ды. Әр туындысында, әрбір ма­қаласында оның мінезі, табиғаты кө­рініп тұратын. Ол «шындықты ай­тыңдар» деп шыж-быж бол­ма­ды, шырылдамады, өзі өне­ге көрсетті. «Кіші 37-ні» қай­та­лағысы келгендердің ит терісін ба­сына қаптатқанын, Семейде қал­ған-құтқан бомбаларды жа­рып, ақша істемек болғандардың, Қа­рағанды жұмысшысын ұлт мүддесіне қарсы айдап салған­дар­дың құлқынына су құйғанын, Солженициннің сандырағы мен Ро­зенбаумның рия сөздеріне қас­қайып тұрып, тойтарыс бер­генін ұмытпақ емеспіз. Жур­на­листикадағы Шерхан жолын ес­кермеу, оған көзжұма қарау жай қиянат емес, тарихи қиянат және түпсіз жетесіздік болмақ.

Шерхан МҰРТАЗА – Алаш арыстары аңсаған азат­тық­тың мінбері, сөзұстары бо­ла білді. Тәуелсіздік Шер-ағаң­ның қаламгерлік тынысын аш­ты. Ол «Қазақ әдебиетін», «Еге­мен Қазақстан» мен қа­зақ телевидениесін нағыз азат­тық­тың, шынайылықтың, сын­дарлықтың айнасына ай­налдырды. Қазақстан Пар­ла­менті Шерхан сөзімен, ойы­мен, қасиетімен толысып-қо­мақтанып тұрды. Ол зейнетке шы­ғып та зейінді, мұратты жұ­мыс­тар атқарды. Ол өз елінің өр­кениетті, бәсекеге қабілетті ел болатынына имандай сеніп, өмірден көшті.

Жазушының қай шығар­ма­сын, қай қызметін алсаңыз да ұлт діліне, тіліне, мәдениетіне, та­ри­хына, дініне, пәлсапасына адал қызмет еткенін аңғарамыз. Ата-бабамыз айтып кеткен «Бір кем дүниеге» өзі сенді, ө­згені илан­­дыра білді. Ілгеріде өт­кен­­дердің, замандастарының қо­лынан келмегенді өзі жазуға бел буды. Ол – нақты жазудың классигі, заманауи форматтың көшбасшысы, жаңашыл, батыл қаламгер-тін. Қысқа-нұсқа, қуа­ты тас жаратын көркемсөзбен кестеленген «Бір кем дүниесі» – кіршіксіз тілдің, көркемсөз бен көсемсөз үйлесімінің, мұнтаздай мұраттың рәмізі деуге негіз бар. Бұл – ұрпаққа аманат сөз. 

Кеңсай пантеонындағы бейі­­тіне ел боп жиылып Құ­ран ба­ғыштау, тұрған үйі қа­быр­ға­сы­на мемориал тақта орнату, елі­міздің төрт бұрышынан Қа­лам қайраткерін іздеп келген халыққа имани ас беру – сауабы мол парыздың бірі немесе бірері ғана. Зор парыз – Шер-ағаң ама­нат­таған ұлттың ұлы мүддесі мен мұратына әрқашан адал болу.

Өмір мен өлімді, екі дүниені жалғастыратын тек парыз екен.

Парыз өлгендерді тірілтеді, тірі­нің тіршілігін мәнді етіп, дем береді. Парызды орындау қо­ғамды тазартып, сананы өсіреді. Сон­дықтан парыздан асқан биік міндет жоқ. Бұл – енді біз жаса­ған пайым.

 

Дархан МЫҢБАЙ, 
Мәжіліс депутаты