Қазақстан аудандары арасындағы алғашқы кинотеатр Атырау облысының Индер ауданында ашылды. Аудан халқы заман талабына сай 3D форматтағы INDERBOR CINEMA кинотеатрының ашылуын қуанышпен атап өтті. Жұртшылық жаңа кинотеатрда «Томирис» фильмін тамашалады.
Елбасы жариялаған Жастар жылы елімізде игілікті істердің атқарылуына жол ашты. Елімізде жастардың келешегіне арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болып, тегін гранттармен білім алып, жұмысқа орналасып, кәсіп ашып жатқан жастардың қатары көбейді. Бұл үрдіс, әсіресе, экономикалық дамуды, рухани кемелденуді бастан өткеріп отырған Атырау облысында қарқын алып отыр. Облыс орталығынан қашықтағы аудан жастарының тәлім-тәрбиесін назардан қалдырмау – ел басқарған азаматтардың еншісінде. Жастарға арналған жобалар мен олардың бас қосып, кеңесіп іс тындыруына лайықты орталықтар Атырау облысының барлық ауданында бар. Ал Индер кентінде еліміздегі аудан орталықтарының арасынан алғаш рет жаңа форматтағы INDERBOR CINEMA атты кинотеатр ашылды. Бұл да болашағымыз сеніп тапсырылар жастарға арналған Жастар жылының тартуы.
Аудан орталығында кинотеатр ашу Индер ауданы әкімдігі мен «Меломан» компаниясының бірлескен жобасы. «Жастар орталығы» ғимаратында орналасқан кинотеатрдың сыйымдылы-ғы – 200 адам. Кинотеатр 3D форматтағы заманауи, лазерлі экран сапалы құрылғылармен жасақталған.
Кинотеатрдың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Мейірім Қалауи ауыл жастарының болашағы үшін атқарылып жатқан істерді тілге тиек етіп, жиналған жұртшылықты кино әлемімен табыс-қандарымен құттықтады.
– Елбасы мен Мемлекет басшысының мемлекеттік саясатына сәйкес ел азаматтарының қолайлы, жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасалу қажет.
Ауыл тұрғындарына арналған аудан орталығында алғашқы кинотеатрдың ашылуы – осы саясаттың нәтижесі. Бұл игі істерге бастамашыл болып, бар мүмкіндік туғызғаны үшін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына ерекше алғысымызды білдіреміз, – деді аудан әкімі Мейірім Қалауи.
Аудан тұрғындарын ғана емес, облыс жұртшылығы қуанышпен қабылдаған кинотеатрдың ашылуында сөз алған «Меломан» компаниясының өкілі Низами Махмедов: «Қазақстанда 3D үлгіде кинотеатрдың ашылуы алғаш рет. Енді Индер ауданы тұрғындары мен қонақтары еліміздегі барлық кинотеатрдағы кинотуындылар-ды облыс орталығына бармай-ақ аудан орталығында ашылған кинотеатрда көре алады. Мұнда заманға сай құрылғылармен киноларды сапалы көре алуға мүмкіндік бар» деп халықтың қуанышына ортақтастық білдірді.
Кинотеатрдың ашылуына ауыл қарттары мен жастары да қуанып, өзге аудан тұрғындары өз аудандарында да кинотеатр ашылып, қуанар күнге жетерінен үмітті екенін айтты. Кинотеатрдың ашылу салтанатынан соң жұртшылық кинотеатрдың алғашқы көрсетілімі Ақан Сатаевтың «Томирис» кинофильмін тамашалады.
Атырау облысы