«Өрлеудің» жұмысына күмән көп
«Өрлеудің» жұмысына күмән көп
Қазақстандағы педагогикалық оқу орындарының сапасы қандай? Деңгейін арттыру үшін не істеу керек? Осы тақырыпта Adal Bilim алаңында сөз қозғалған еді. Жиын­да педагогтердің білімін көтерумен айналысатын орта­лықтың жұ­мысын сынға алғандар аз болған жоқ. Бір байқағанымыз сарап­шылардың бірқатары орта­лықты педагогикалық қыз­меттен алыс деп санайды екен. Бірақ орта­лықтың қызметіне көңілі тола­тындар да аз емес.  

Не тындырып жатқаны белгісіз

Тікелей эфирде осындай ау­қымды тақырыпты талдай келе, ADALBILIM жобалық офисінің әкімшісі Сергей Пен мынадай қызық пікірді ортаға салды. Тақырыпқа тұздық болсын деп қаз қалпында бергенді жөн көрдік. «Кадрларды қайта даярлау мен білікті арттыруға келгенде, квазимемлекеттік «Өрлеу» сынды ұйымдарға біз үнемі қарсы шығып келдік. Өйткені біздің ойымызша, осы жылдар ішінде атқарған жұ­мысы жемісті бола алмады. Ол министрлікке формальды көр­сеткіштерді көрсетуге көмектесті. Мысалы, «үш тілділік бойынша осынша курс өткізілді, одан мы­нанша адам сертификат иеленді» дегендей нәтижемен шектелді. Бұл ешқандай да шынайы көрсеткіш емес. Осы ретте біздің ұсыныс мынау: білікті арттыру жүйесін қайта бағдарлап, арнайы бес педа­гогикалық жоғары оқу орнын бас­ты орынға қою керек. Себебі мұ­ғалімнің білігін арттыру стан­дарт­тарын тәуелсіз ак­ционерлік қо­ғамның қалып­тастыруы – аб­сурд. Олардың тіпті универ­ситеттер мен педагогикалық фа­куль­теттер сын­ды академиялық институцияға қатысы жоқ. Ал енді аталған оқу орындарының бұған қаншалықты дайын екеніне келсек, ол жерлерге дені дұрыс менеджерлер керек. Сонда олар кадрды сапалы іріктеп, жалақыны көтеріп, реттейді. Аса ұзақ уақыт та қажет емес, әрі кетсе екі жыл», – дейді. Сарапшының бұл сөзін «Мұ­ғалім мәртебесі» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Мейіржан Темірбек те қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, педагогикалық оқу орын­дарына кадрларды қайта даяр­лау мен білікті арттыру міндетін тапсырған әлдеқайда тиімді. «Олай дейтін себебім, егер педагогика мамандығын оқытатын универ­ситеттерге жүктейтін болса, мек­теппен, мұғалімдермен, жоғары оқу орындарымен арада байланыс пайда болады. Мысалы, әркім өзі оқыған университет не институтына барып, білігін арттырады. Ал қазіргі «Өрлеудің» жұмысына еш көңілім толмайды. Не бітіріп, атқарып жатқанынан хабарсызбыз. Курс­тарын жеке компаниялар алып ал­ған. Тендерді ұтып алып, мұға­лімдерді қайта даярлау жұмыстарын өткізіп жатыр. Меніңше, мұны педагогикалық ЖОО-ларға беру керек. Университеттердің тео­риямен шектелетініне келіспеймін. Себебі білдей мұғалімдерді даяр­лайтын оқу ордасы курс өткізе алмауы мүмкін емес», – дейді Мейіржан Темірбек.
 

Ұстаздар «Өрлеуді» жақтайды

Бірлестік төрағалары, уни­верситет басшылары «Өрлеу» орта­лығының жұмысына риза бол­маса да, ұстаздардың дені көңілі тола­тынын білдіріп отыр. Сауал­нама ретінде әлеуметтік желдегі «Қа­зақстан ұстаздары» деп ата­латын топқа бірнеше сауал қал­дырғанбыз. Мұғалімдердің пікірі де екіге бөлінді. Бірақ қолдағандары басым әрі аргументтері де салмақты. «Өрлеуде» негізінен мектептің қазанында қайнап пісіп, барлық кезеңнен өткен тренерлер жұмыс істейді. Мысалы, өзім жас болсам да, «идеялар аукционы» кон­курсына идеямды апардым. Яғни, жаңа, ешкім білмейді-ау деген, сабақты өткізуде қолданылатын, оқушының сабақты тез игеруіне, мұғалімнің қолайлы өткізуіне септігін тигізетін идеяларды ортаға салдым. Қызылорда облыстық «Өрлеу» орталығы филиалынан талай әдістемелік көмек алдым. ЖОО-ға ауысса, күмәнім бар. Олар қарапайым мектептен бастаған мамандар емес», – дейді Айдана Жауғашарова.  

Не бітіріп, атқарып жатқанынан хабарсызбыз. Курс­тарын жеке компаниялар алып ал­ған. Тендерді ұтып алып, мұға­лімдерді қайта даярлау жұмыстарын өткізіп жатыр. Меніңше, мұны педагогикалық ЖОО-ларға беру керек. Университеттердің тео­риямен шектелетініне келіспеймін.

 
Шұғыла Оңбасиеваның ойын­ша, университет оқыту­шылары прак­тикадан гөрі ғылымға бағыт­тайды. «ЖОО академиялық білімді жүзеге асырады. «Өрлеу» таза практик мұ­ғалімдердің әдістемелік тұрғыдан білігін арттыру жұмыс­тарын іске асырады. Тек «Өрлеу» жұмысының сапасына назар аударып, шетел­дегідей сапасына бақылау жүргізсе құба-құп. Мысалы, қашықтан оқыту кезінде әдістемелік орта­лықтардың кемшін тұстары қатты байқалды. Шетелдің кез келген әдістемелік «ко­пил­касын» ашып қалсаң, іздегеніңді оңай тауып аласың. Ал бізде бұл әлі жолға қойылмаған. Әлі мұғалімдер ресурс іздеп, бір сабақты 3 сағат дайын­дайды. «Өрлеудегі» әдіс­керлерге үйренетін нәрсе әлі көп. Бір жат­танды әдіспен жұмыс істеуді до­ғарып, жаңғыртып отыру керек, шетелдегі орталықтармен бай­ланысқа шығып, тәжірибені да­мыту қажет. Өздерінің санасы жаң­­ғырмайынша, қарапайым мұға­лімге не береді?! Ол жерде әлі ескі стандарттан шыға алмай жүр­ген маман болмауы керек», – деген тұшымды ой білдірді.
 

Орталық мамандарының да уәжі бар

Біліктілікті арттыру орта­лы­ғында қазақ тілі мен әдебиетінен тренер Ләззат Орман­бекова педа­гогтердің таңдау жасауға мүмкіндігі туатын күн жақын екенін алға тартып отыр. «Жақында Ваучерлік жүйе онсыз да кіргелі жатыр. Педа­гог өз білігін қайдан жетілдіреді, өзі таңдайды. «Өрлеу» орталығының негізгі міндеті педагогикалық оқу орындарынан өзгеше. Орталық мамандарының беретінін жоғары оқу мамандары жетік біле бермейді. Мұнда практиканы көбірек назарға ұстайды. «Өрлеу» курс өткізіп, сертификат берумен шектеледі деген сынды пікірге еш келіс­пей­мін», – дейді маман.
Бұл саладағы ваучерлік жүйе деген не? Ваучер арқылы білім беру қызметтері нарығындағылар про­вайдерлерді таңдай алады. Егер үздіксіз білім алудан тыс қалса, ақшасынан айырылады. Бұл бір жағы, монополияны «құ­латуға» септігін тигізетін жүйе. Өйткені мұғалім қай оқу орнын таң­дай­тынын өзі шешеді. Қа­лауына қарай таңдау жасап, бұрынғыдай бір ғана жермен шектелмейді. «Білім туралы» заңда (1-баптың 7-1-тар­мағы) білікті арттыру ны­сандарының бірі ретінде ваучерлік-модульдік жүйе аталады. Мемлекет бел­гілеген және ваучер түрінде рә­сімделген жан басына қар­жы­ландыру негізінде білім беру қыз­­­меткеріне оқытудың ұйым­дас­тырылуын, мазмұнын және мер­зімін таңдауға мүмкіндік беріл­ген.
 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев та ваучерлік жүйені қолдайтынын білдіріп отыр. «Өрлеу» орта­лығының жұмысына қатысты сынмен аса келіспес едім. Өйткені курстарының мазмұны, сапасы талапқа сай, көңілге қонымды. Бізде бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс көбіне «Өрлеуге» бері­леді. Ал жоғары оқу орын­дарының курстар өткізуіне мүмкіндік жоқ. Қазір біз мектеп мұғалімдеріне сабақтар өткізіп жатырмыз. Сер­тификаттар да беріледі. Жақсы баға алып жатыр. Бұл ретте айтқым келетіні, ваучерлік жүйе енгізілсе, әр мұғалім өзі таңдар еді. Қайта даярлау мен білікті арттыру мүм­кіндігін бәріне беру керек. «Өрлеу­ден» алып, педагогикалық оқу орындарына бергеннен гөрі вау­черлік жүйе бойынша жұмыс істе­ген дұрыс деп ойлаймын. Сонда бәсеке болады», – дейді ректор.
Қысқасы, ұстаздардың білік­тілігін көтерумен айналысатын орталық жайлы ұстанымдар бір­жақты емес. Сынаушылар да, жақ­таушылар да бар. Орталық бас­шылары да құрылымды өзгертуге талпынып жатқаны байқалады. Дегенмен қалай болғанда да салада бәсекелестік қалыптасуы керек. Өйткені кез келген саладағы моно­полия түптің-түбінде тоқырауға алып келеді.  

Жадыра АҚҚАЙЫР