Шымкенттіктер мегаполистік болғандарына өкініп отыр
Шымкенттіктер мегаполистік болғандарына өкініп отыр
156
оқылды

Ал, биылғы Шымкент қаласындағы салық мекемелері алдындағы кезек нөпірдің жөні бөлек.  Қалаға қарасты төрт аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларының алдында бірнеше күннен бері ұзын-сонар кезек пен айқай-шу. Себебі, мүлік салығына  келген түбіртектектегі төлем елдің есін алған.

Мәселен, Қаратау ауданы аумағында тұратын Айгүл есімді тұрғын осы уақытқа дейін 7 мың теңге көлемінде мүлік салығын төлеп жүрген екен. Биыл төлеуі тиіс салық көлемі 28000 теңгеге өскен. Қандай да бір түсінбестік болған шығар деп бірнеше күннен бері тиісті мекемемен байланыса алмаған соң, басқармаға келіпті. «Жұмыстан сұранып арнайы келдім. Алайда таңертең келгеніммен түске дейін кезек күтіп,  енді кіріп шықтым. Биыл салық төлеу қымбаттап кеткенін айтады. Алайда, жөні түзу жауап ала алмадым. Ешқайсысы мардымды жауап бермейді. Төленуі тиісті салық құнын жылжымайтын мүлік орталығы шығарып береді, сол жақтан есептетіңіздер деп отыр. Бірнеше есікке кіріп, үйіміз бен жеріміздің салығын артық есептеп қойғанын біліп шықтым. Енді 28000 емес, 16 700 теңге көлемінде қаржы төлейтін болдым. Жеріміз бен үйіміз жеке-жеке есептеліп кеткен екен.  Білуімше, салықтың ұлғаюы тұратын аймағымызға да байланысты өзгеретін сияқты» дейді қала тұрғыны Айгүл. Шымкент қаласы 2018 жылы республикалық маңызға ие қала атанды. Салық кодексінің 529-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалалықтар үшін салық көлемі 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап көтерілуі тиіс. Алайда тәртіп бойынша қазіргі төленіп жатқан салықтар 2019 жылдың төлемі. Заңда 2020 жылдан бастап деп жазылған. Жиналғандардың да ашуына тиіп тұрғаны осы мәселе. Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Бауыржан Омартаевтың түсіндіруінше  Салық кодексінің 529 бабының 1 тармағына сәйкес, ағымдағы жылы мүліктің бір шаршы метрінің базалық құны 36,0 мың теңгеден 60,0 мың теңгеге өскен. Осыған байланысты есептелінген салық соммасы да тиісінше өсіпті. «Бағалау құнын уәкілетті орган бекітеді. Яғни, азаматтарға арналған үкіметтен келген мәлімет бойынша жұмыс істейміз. Бізге жылжымайтын мүлік орталығынан келіп түскен ақпарат негізінде қаламазда тұратын әрбір тұрғынның мүлік салығы (пәтер, гараж, дача және жер)  арнайы бағдарламамен автоматты түрде есептелінеді. Сонымен қатар, салық органдары тарапынан жеке тұлғалардың мүлік салығы, Салық кодексінің 531 бабына сәйкес салық салу объектiлерiнiң құнын, уәкілетті орган "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласының филиалы айқындап, Мемлекеттік кірістер органдарына ұсынған мәліметіне сәйкес есептеледі» дейді салық мекемесінің өкілі. Сондай-ақ, салық төлеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, есептелген салық сомалары туралы ақпараттарды Еsalyq қосымшасындағы жеке тұлғалардың алдағы төлемдерді төлеу қызметі сервисі арқылы және екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы (Каспий, Халық банктері) білуге және онлайн түрде төлеуге болады екен. Сұрақтар туындаған жағдайда, 1414 нөмірі арқылы «Байланыс орталығына» хабарласу арқылы ақпарат алу мүмкіншілігі қарастырылғанын атап өтті бөлім басшысы. Алайда, жиналғандардың мұны елдегі пандемия жағдайында шықпа жаным шықпамен күн көріп отырған халықты қанау деп есептейді. «Бизнес өкілдерінен ала алмаған салықты бізден өндіріп алмақшы ма, бұл не деген сорақылық. Дәл қазір мұндай көлемдегі салықты төлеуге мүмкіндігіміз жоқ» дейді жиналғандар. Сонымен, шымкенттіктер мегаполистік болғандарына дәл қазір риза емес. Мемлекет қоржынына қомақты қаржы құюға қалтасы көтермейді. Алайда, заңға бағынуға тағы тура келіп тұр. Дегенмен, бірнеше есе көбейген салық төлемінің неге бір жыл бұрын есептегендеріне ешкім түсіне алар емес. Басқа басқа карантин кезінде уәкілетті органның мұнысы дұрыс болмады.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.