Павлодар антирекордтан алда келеді
Павлодар антирекордтан алда келеді
 

Антирекорд

Экология мәселесіне келгенде Пав­лодар облысы антирекорд орнатудан ал­дына жан салмайды. Қазақстанның Эко­логия министрлігі таратқан ресми мә­ліметтерге сүйенсек, өткен жылы елі­міз бойынша өндіріс орындарынан ауаға тараған зиянды заттардың мөлшері 2,4 млн тонна болған. Оның 717 мың тоннасы павлодарлық кәсіпорындардың үлесіне тиіп отыр. Соңғы үш жылда аталған өңір­дегі бұл көрсеткіш 14 пайызға, яғни 100 мың тоннаға артқан. Аймақ онкология, жүрек-қан та­мыр­лары аурулары бойынша да респуб­ликада «үздіктер» қатарында. Тағы бір антирекорд елдегі карантин кезінде тіркелді. Павлодар облысында жыл басы­нан бері пневмониядан 500-ге жуық адам көз жұмған. Мұның тақырыпқа не қатысы бар дерсіз? Мамандар лас ауа жергілікті тұрғындардың иммунитетін әб­ден әлсіретіп бітірді деп есептейді. Сал­дарынан олар қарапайым тұмаудың өзіне қарсы келе алмауда.
Еліміз бойынша ауаға тарайтын өн­дірістік зиянды қалдықтардың ең көп мөлшері біздің облысымызға тиесілі. Павлодар пневмониядан көз жұм­ған­дардың саны бойынша да елдің алдында. Бұл жай сәйкестік емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары атмосфераны ластайтын зиянды заттар адам иммунитетін едәуір төмендететінін дәлелдеп отыр. Ал елде тараған қауіпті кесел бірінші кезекте иммунитетке кері әсер ететіні белгілі, – дейді павлодарлық «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк.
 

Пайдасынан зияны басым

Құрылысы жоспарланған жаңа кәсіп­орынның жырына оралайық. Мұнда ел нарығында зор сұранысқа ие кальций содасын өндіру көзделген. Бүгінде Қа­зақстан аталған өнімді шетелден экспорт­тайды. Алайда елде жоқ өндірісті іске қосып, шаш-етектен пайдаға кенеле қоя­мыз деген жергілікті биліктің бастамасына қоғам белсенділері мен тұрғындар түбе­гейлі қарсы келіп отыр. Ол түсінікті де. Кә­сіп­орынның жобалық құжаттарына көз жүгіртсек, кальций содасының өндірісінен жылына 2 млн текше метр көлемінде сұйық зиянды қалдықтар шығады. Сондай-ақ ауаға 1 200 тонна көлемінде өндірістік қалдықтар тарайды. Яғни, бір тонна дайын өнім алу үшін он тонна қоқыс қоршаған ортаға шығарылады. Онымен қоймай, қала іргесіне салынуы тиіс зауыт Ертіс өзенінен 2,5 млн  текше метр су тұтынады деп жоспарланған. Экологиялық технологиялар бойынша құзырет орталығының директоры Ахан Өмірбек аталған кәсіпорын жобасы ескі технологияға негізделгенін айтуда.
Сұйық қалдықтарды далаға төгу эко­­логиялық апатқа әкеледі. Павлодар об­лысының аумағындағы барлық зауыт  мұндай көлемде су пайдаланбайды. Мен облыс орталығында бұл кәсіпорынның салынуына түбегейлі қарсымын. Олардың басты мақсаты – өндіріс құнын арзандату. Қоршаған ортаны ойлап жатқан ешкім жоқ, – дейді Ахан Өмірбек.
Халықтың қарсылығына қарамастан об­лыстың құзырлы органдары кальций со­да­сын өндіретін зауыт құрылысы бо­йын­ша бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйым­дастырды. Барлық тыңдау сәт­сіз аяқталды.  Биліктегілердің беті қай­тпай­тын сияқты. Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас­­шысы Қадылжан Сәтиев тұрғындар мен экология бағытында жұмыс істейтін қо­ғамдық ұйымдар өкілдерінің пікірі ес­керіліп, кәсіпорын жобасына түзетулер енгізілетінін мәлімдеді. Сәйкесінше, бұл мә­селе тағы да қоғамдық тыңдауға шы­ғарылатын сыңайлы.  

Әкім уәде берді

Қоғам белсенділері кальций содасы зауытының құрылысына қатысты мәселені өткен айда Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің алдында да көтерді.
Павлодар облысында қоршаған ортаға қосымша зиянын тигізетін жаңа өндіріс орындарын салуды тоқтату қажет, – деді «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк. – Егер қоршаған ортаға келтірілетін зиян көлемі тым арта түсетін болса, онда жаңа өндіріс орындарын салудан бас тарту қажет. Жаңа Экологиялық кодексте мұндай ұстаным қарастырылады, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Ал Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Ысқақов экологиялық тұр­ғыдан жаңа өндіріс орындарының сан­ын шектеу мәселесін қарастыруға уәде берді. Алайда бұл уәде кальций содасын өндіретін кәсіп­орынға жатпайтын сыңайлы. Себебі жыл соңына дейін аталған зауыт құрылысына қатысты тағы бір қоғамдық тыңдау өткіз­ілуі мүмкін.  

Данияр ЖҰМАДІЛОВ