Ал өзге инсайдер Лэнс Пагмайердің сөзінше, кездесу АҚШ-тың Карсон қаласындағы Dignity Health Sports Park аренасында өтеді деп жоспарланыпты. Қазіргі кезде GGG сол штаттың Биг Беар деген жерінде кездесуге дайындығын пысықтау үстінде, ал Шеремета өз Отанында жаттығып жүр. Кездесудің өтетін күні мен орны туралы инсайдерлік ақпаратқа польшалық боксшы Камил Шереметаның промоутері Анджей Василевский де түсініктеме берді. «Қос боксшының жекпе-жегінің уақытын бекіту ұзаққа созылған процесс болды. Енді ол 21 қараша күні өтуі тиіс. Аталған кездесуді Калифорнияда өткізуді жоспарлап отыр деп естідім» деп жазыпты Василевский. Иә, расымен, Головкин мен Шереметаның IBF белбеуі үшін жекпе-жегі осы жылдың басында өтуі керек еді, бірақ түрлі себепке байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Алдымен қазақстандық боксшының жарақатына, кейін пандемияға байланысты түрлі кедергі туындады. Енді міне, көп күттірген кездесудің қараша айына жоспарланғанын барлық басылым жарыса жазуда. Тіпті, жақында Шереметаның Instagram-дағы кездесу туралы салған фотосуреттерінің біріне бокс жанкүйерлері пікір қалдырған. Онда көпшілігі полякты Головкин алтыншы раундта нокаутқа түсіреді деп болжам жасаған. Ал оған поляк боксшысы: «Жекпе-жекті күтейік. Бәрі сол кезде белгілі болады» деп жауап берген. Негізінде, барлығы Камилмен емес GGG-дің мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жегін күтіп жүргені белгілі. Әрине, бокс жанкүйерлері үшін мексикалық боксшымен кездесудің орны бөлек. Өйткені бұған дейінгі екі шайқас та тартысты өткен болатын. Үшінші кездесуде де қос мықтының шаршы алаңдағы текетіресін тамашалағысы келеді көрермендер. Қараша айына жоспарланған жекпе-жек Головкин үшін түрлі экспериментке баруға және бұған дейінгі кеткен қателіктерді жөндеп, түзету енгізуге тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Әрі боксшы келер жылы жоспардағы Альвареспен кездесуіне де дайындығын пысықтап алмақ. Бұл туралы Геннадий Головкиннің промоутері Эдди Хирн «GGG қарсыласы Камил Шереметаны жеңсе, келесі жылы әлем қайта қалпына келген кезде Канеломен үшінші кездесуді жоспарлаймыз» деп сенімді түрде айтқан болатын. Жалпы, бұл кездесуден не күтуге болады? Спорт мамандарының пікірі қандай? Енді нақты соған тоқталайық. «Камил – шабуылдау үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, сериялы соққыларды оңай жасайтын техникалық шеберлігі мықты боксшы. Егер ол алты раундқа шыдас берсе, онда әрі қарай жеңіске жететін мүмкіндікке ие болады» деп баға беріпті польшалық боксшы Петр Гудель. Ол Шереметаның жеңісіне сеніммен қарап отыр. Өйткені Головкин бұрынғыдай бабында емес екенін айтады. Керісінше, Камилдің спорттық формасы мықты екенін тілге тиек еткен. Ал ESPN телеарнасының журналисі Сальвадор Родригес «Головкинге Шереметамен шайқаста аса қатты қиындық туындамайды» десе, польшалық спорт комментаторы Матеуш Борек отандасының Головкинді жеңетініне сенбейді. Ол Камилдің жеңіске жетуге мүмкіндігі 10 пайыз деп бағалады. Букмекерлік кеңселердің польшалық боксшының жеңісіне беріп отырған коэффициенті де тым жоғары. Әрі шетелдік спорт сарапшылары мен мамандарының басым бөлігі Камилдің жеңісіне үлкен күмәнмен қарайды. Біз өз кезегімізде қазақстандық боксшы Бақтияр Артаевтың да аталған кездесу жөнінде пікірін білдік.
– Былтыр 5 қазанда Нью-Йорктегі Мэдисон Сквер Гарденде Камил Оскар Кортесті екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді, бірақ бұл дебютті сәтті болды деп айтуға келмейді. Алайда 21 кездесудің 21-ін жеңіспен аяқтаған Шеремет осал қарсылас емес. Головкин өткен жылдың қазан айында украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы өткен кездесуінде IBF және IBO титулдарын қайтарып алды. Алдағы Шереметамен кездесуде де өзінің мықтылығын дәлелдейді деп ойлаймын. GGG жұдырықтасу кезінде бір сәтке де дамыл таппайтын, жиі шабуылға шығатын боксшы. Соққысы да жойқын. Сондықтан отандасымыздың жеңісіне сенемін, – дейді Бақтияр Артаев.Спорт журналисі Есет Төлеш те Шеремета Головкиннің ауыр соққыларына шыдас бермейді деп отыр. Сондықтан бұл кездесу мерзімінен бұрын аяқталуы тиіс деп болжам жасады.
– Шереметаны кәсіпқой бокс әлеміндегі жұлдыздардың бірі деп айтуға келмейді. Боксшы көбіне өз елінде ғана танымал. Бүгінге дейін рингке 21 рет шыққан. Оның бәрінде де қарсыласынан айласын асырған. Бірақ Камилді қарсыласын нокаутқа түсіретін панчер деп айта алмаймыз. Ол тек 5 жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жеткен. Қалғандарында ұпай санымен басым түскен. Боксшының айтарлықтай титулы жоқ. EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағы бар. Бұл – оның кәсіпқой бокстағы жалғыз жетістігі. Ал Головкиннің қандай боксшы екенін біз ғана емес, әлем жұртшылығы жақсы біледі. Өз басым кездесу Головкиннің айқын басымдылығымен және нокаутпен аяқталады деп есептеймін, – деді ол.Бір нәрсе анық, күрзі жұдырық иесі Геннадий Головкин IBF белбеуі үшін шайқаста айқын фаворит саналып отыр. Көпшілік спорт мамандары жеңісті осы бастан GGG-дің еншісіне жазуда. Бірақ бұл болжам ғана. Ал нақты шешімді қараша айында жоспарланған кездесуде білетін боламыз.
Абылайхан ЖҰМАШ