Жүгері жинау науқаны басталды
Жүгері жинау науқаны басталды
270
оқылды
Биыл бүкіл облыстағы сияқ­ты Панфилов ау­данын­дағылар да су тапшы­лығын бастан өткеріп, құрғақ­шылық­тың қиындығын тартса да, өткен жылғымен салыстырғанда дала аруын 124 гектарға артық егіпті. Жалпы, жаздағы ауа райының кесірінен  70 гектар алқабы күйіп кеткен дақылды аймақтан диқандар бір гектардан 64,1 цен­тр дәндік жүгері алуды жоспарлап отыр. Жалпы, ша­руалар 26 059 гектар алқаптан 167,3 тонна сары алтындай дән  жинаймыз деп құлшынып отыр. «Биылғы  пандемияның диқандарға кері әсері болма­ды. Өйткені мемлекеттік бағ­дарламалармен қарастырыл­ған қолдаулар мен жеңілдіктер тоқтаған жоқ. Басқаны айт­пағанда,  біздің ауданға ғана 380 тонна дизель отыны беріліп, төменгі бағамен сатылды», – дей­ді ауылшаруашылық бөлімі­нің басшысы Жұмағазы Най­мантаев Жыл басынан бері бү­гінге дейін аудан­дағы  ауылшаруа­шылық саласына 1 млрд 20 млн теңгеге инвестиция тар­тылып, 48 дана техника са­тып алынған. «Аграрлық не­сие корпорациясы» АҚ ар­қы­лы 5 шаруа қожалығы жеңілдікпен 305 млн 955 мың теңгенің несиесін алса, 44 жеке серіктестік иелеріне 142,4 млн соманың  қаржылай қолдауы көрсетілген. Бабын тапса, Жетісу же­рінде өспейтін дақыл жоқ. Об­лыстағы екі ауданда – Қаратал мен Балқашта күріш өсіру жыл­дар бойы қалыптасып, қа­­зір­гі кезде қос аймақтағы ди­­­қандар өңірді өзіміздің ақ­маржанмен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа облыстарға күріш жөнелтеді. Маржандай  дәнін баптаған, ысырапсыз сақтаған диқаншылар қауымы қызу еңбекпен ақ күріш ору жұмыстарын бастап кеткелі де біраз  болды. Балқаш ауданының шар­уа­лары ауа райының қолай­сыздығына қарамастан, күн-түн демей дала төсіндегі қызу еңбектің көрігін қыздырып, ортақ іске жұдырықтай жұ­мылуда. Балқаш ауданы бо­йынша 8 861 гектар алқапқа кү­ріш егілген болса, бүгінгі таңда оның 2 184 гектары шабылып, 1 061 гектары бастырылды. Күріш орудағы еселі еңбектерінің арқасында басқалардан озық тұрған шаруашылықтар қа­тарында  «АФ Бірлік» ЖШС, «Динара» ӨК және «Өтес-Ақдала» ЖШС, сонымен қоса «Өтес» ұжымы сынды жоғары өнімдерге қол жеткізіп отырған шаруашылықтар бар.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы