Еуропалық Одақтың климаттық дипломатиясы және #EU4GreenKZ науқаны аясында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ЕО-ға мүше мемлекеттермен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ЭКСПО аумағында ағаш отырғызу іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты — Нұр-Сұлтан қаласының тұрақты және «жасыл» дамуына үлес қосу және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту.
– Еуроодақ Қазақстанның орнықты даму жолында жасаған батыл қадамдарын жоғары бағалайды. 2013 жылы Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу бойынша жоспарды іске қосты. Бұл Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі ең өршіл жоспарлардың бірі. Біз екіжақты және аймақтық «жасыл» бағдарламаларымыз арқылы Қазақстанның бұл жетістіктеріне үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Қоршаған орта мен «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастық – 2020 жылдың наурыз айында күшіне енген Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптeстік пен ынтымақтастық туралы келісімнің басты бағыттарының бірі, – деп атап өтті Қазақстандағы Еуропалық Одақ елшісі Свен-Олов Карлссон мырза. Іс-шараның ашылу салтанатында ЕО елшісі Свен-Олов Карлсcон, Германия елшісі Тило Клиннер (қазіргі уақытта Германия ЕО Кеңесінде төрағалық қызметін атқаруда), Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков алғыс сөз сөйледі. Сонымен қатар шараға Қазақстанда тіркелген ЕО-ның 21 мүше мемлекеттерінің Елшілері мен жоғары өкілдері қатысты.