Телефонын қуаттап жатқанда қайтыс болған қыздың өліміне қатысты тың деректер шықты

Телефонын қуаттап жатқанда қайтыс болған қыздың өліміне қатысты тың деректер шықты

Алматы облысында 15 жастағы бойжеткен телефонын қуаттаймын деп қаза тапты. Ол смартфонын тоққа сұққан күйі сыныптасымен сөйлесіп жатқан. Кенет тоқ соғып, сол жерде тіл тартпай кетіпті. Қазір балқыған телефон мен қуаттағыш құрылғы сараптамаға жіберіліп, тергеу басталды, - деп жазады КТК телеарнасы. Телефонын қуаттаймын деп қыршынынан қиылған Ақерке – Қарғалы ауылының тұрғыны. Ол өткен сенбіде смартфонын тоққа сұғып сыныптасымен сөйлесіп жатқан екен. Кенет бойжеткенді тоқ соққан. Мұны көрген жақындары дереу жедел жәрдем шақырады. Алайда 10-сынып оқушысы оқиға орнында жан тапсырыпты. Ақылжан Өмірбаев, марқұмның әкесі:

"Телефоны балқып кеткен, телефонның іздері бетінде қап-қара болып тұр. Телефон арқылы тоқ ұрып, құлақ жағынан миына әсер еткен, миынан сразу жүрекке барған. Жүрегі сол кезде тоқтаған деді ғой", - дейді марқұмның әкесі Ақылжан Өмірбаев.
Бауыр еті баласынан айырылып қабырғасы қайысқан әке үйдегі электр желісінде ешқандай ақау болмағанына сенімді. Сол күні де басқа техника күймеген. Сондықтан қайғылы оқиғаға сапасыз қуаттағыш себеп деп топшылайды. Марқұм соңғы телефон қуаттағышын ауыл ішіндегі базардан бір ай бұрын сатып алған. Расында, мұндай жерлерден смартфонның кез келген түрін қуаттайтын құрал табылады. Алайда сапасы мен қауіпсіздігіне ешкім кепіл бермейді. Сондықтан ұялы телефон жөндейтін мамандар қуаттау құрылғысын көрінген жерден сатып алмау керектігін ескертеді.
"Мұндай жағдай көбіне сапасыз қуаттағыш қолданғаннан, құрылғыны дұрыс пайдаланбағаннан, не болмаса жасырын зауыт ақауынан болуы мүмкін. Сондықтан қуаттағыштың түпнұсқасын қолдану керек. Не болмаса, ең сапалысын таңдау қажет", - дейді телефон жөндеуші Александр Гросс.
Қазір бойжеткеннің қуаттау құрылғысы мен балқыған телефоны сараптамаға жіберіліп, тергеу басталған.
"Алғашқы болжам бойынша қыз қуатталып тұрған телефон арқылы тоқ алған. Қазір аталған дерек бойынша адам өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды",- дейді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Қайғылы оқиғаның нақты себебін сараптама қорытындысы көрсетпек. Ал  қыршынынан қиылған бойжеткен кеше жер қойнына тапсырылды. Ол бір айдан кейін 16 жасқа толуы тиіс еді.