30 қыркүйекте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Tengri Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді бастады. 17:00-дегі жағдай бойынша агент банк Қор атынан және есебінен азаматтарға шамамен 4,8 млрд теңге төледі. Бұл «Tengri Bank»АҚ салымшыларының алдында кепілдік берілген өтем сомасы бойынша міндеттемелердің жалпы көлемінің 27%-ын құрайды. Кепілдік берілген өтемді төлеу рекордтық қысқа мерзімде – «Tengri Bank» АҚ барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған күннен бастап 8 жұмыс күнінен кейін басталды (18 қыркүйектен). Салыстыру үшін алдыңғы банктер бойынша төлемнің басталу мерзімі оларды қаржы реттеушісі лицензиясынан айырғаннан кейін 80-нен 107 жұмыс күніне дейін болды. Салымшыларға қаражатты жедел төлеу 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген және 2019 жылы Қордың ұсынысы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкімен бірлесіп жасаған заңнамалық өзгерістердің арқасында мүмкін болды. Осы өзгерістерге сәйкес Қор сот шешімін күтпей-ақ, өзіне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды. Еске сала кетейік, кепілдік берілген өтемді алу үшін «Tengri Bank» АҚ салымшылары Еуразиялық банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, төлем алуға өтініш толтырулары қажет. Салымшылар өтеу сомасын «Еуразиялық банк» АҚ сайтында (https://eubank.kz/tb/) онлайн тексере алады. «Еуразиялық банк» АҚ бөлімшелері «Tengri Bank» АҚ салымшыларына таяудағы демалыс күндері – 3 және 4 қазанда қосымша қызмет көрсететін болады. Қор салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне бармай тұрып, оның сайты арқылы бөлімшелердің қаншалықты жұмысбасты екендігін қадағалауға кеңес береді. Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс тәртібі туралы ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.