Нұр-Cұлтандағы №71 мектеп-лицейінде сабақ барысында кабинеттің төбесі опырылып құлап түсті. Салдарынан бір оқушы зардап шеккен. Ол аяғынан жарақат алған. Бұл туралы қалалық білім беру басқармасы хабарлады деп жазады Baq.kz.
«Бүгін бірінші ауысым сабағында үшінші қабаттағы сылақ қопарылып түсіп, онымен бірге жарық шамы жерге құлаған. Жан-жаққа шашыраған сылақ оқушыға тиген. 2 қалалық аурухана мамандары оқушыны тексергеннен кейін аяғынан жарақат алған деген диагноз қойылды. Қыз баланы үйіне босатқан, өзге зардап шеккендер жоқ», - делінген ведомство хабарламасында. Қазіргі уақытта білім басқармасының қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп кабинетке алдын ала сараптама жүргізіп жатыр. Оқиғаның себебі қарап тексерудің нәтижесінен соң белгілі болады. «Барлық қалған сыныптарға техникалық байқау белгіленді. Сондай-ақ мұндай жағдай болмас үшін басқа білім беру орындарында да тексеру жүргізіледі», - деді басшылық.