Бірлескен құрылыс мәселесі: 40 млрд игерілмеген, әкімдік тағы да 170 млрд сұрап отыр
Бірлескен құрылыс мәселесі: 40 млрд игерілмеген, әкімдік тағы да 170 млрд сұрап отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бойынша әкімдікте өткен жиынға қатысты.

«Бірлесен құрылыс мәселесі тез арада шешілуді талап етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалды, 13,5 мың үлескер құрылыстың аяқталуын күтуде. Бұл мәселені шешу үшін 2018-2019 жылдары 40 миллиард теңге бөлінді. Бірақ бар болғаны 4,5 миллиарды игерілді, бұл ретте әкімдік қосымша 170 миллиард теңге сұрап отыр», - деді мемлекет басшысы.

Қала әкімі Алтай Көлгінов жобалық-сметалық құжаттамада қиындықтар болды деп жауап берді.

«Қала тұрғындарын сан соқтырып кеткен бірқатар алаяқтар сотталды. Олар заң бойынша жауапқа тартылды. Құжаттарды жоғалтып, сосын қайтып бермеген. Осы уақыт ішінде біз құжаттар дайындап, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен және орталық мемлекеттік органдармен жұмыс жасадық. Сіздің тапсырысыңызды орындаймыз »,- деп уәде берді Көлгінов.

Тоқаев бұл мәселеде мемлекет те тыс қалмау керектігін алға тартты.

«Алаяқтар» деген сөз айтылды. Олар құрылысшылардың арасында да бар. Бас прокуратураға да, ІІМ-ге де жүгіндік. Бұл мәселемен нақты айналысу керек. Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Осындай әрекеттерімен олар біздің азаматтардың құқығын аяққа таптайды. Оларды алдап, далада қалдырады. Әрекет етіңдер және есеп беріңдер!», - деді Тоқаев.