Аты аңызға айналған жан
Аты аңызға айналған жан
209
оқылды
Биыл әлемге әйгілі опера әншісі өмірден озғанына 12 жыл болды. Тірі болғанында ол 60 жасқа келер еді. Ерік Құрманғалиевтің әншілік өнеріне таңданып қана қоймай, оны көзінің қарашығындай қастерлейтін тыңдармандар жетіп артылады.

Туған күніне орай елордада әншіге арналған бірнеше шара өтті. Оның ішінде Ресейден арнайы келген өнерпаздар – фортепианошы Александр Котовщиков, контренорлар Рустам Яваев пен Олег Рябецтің қатысуымен «Астана Опера» театрында «Вокалды параллельдер» концерті болды. Өнерде жүрген жора-жолдастарының ұйымдастыруымен өткен кеште Ерік Құрманғалиевтің репертуарындағы әндер орындалды.

– Жалпы, біз жыл сайын қараша айында Ерікті еске алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл оның өмірден өткеніне 12 жыл болды. Тіпті он жылдығында опера залында үлкен концерт өткіздік. Ол жерде жай ғана ән орындап қана қоймай, шеберлік көрсетумен емес. Ұмыт болған ұлы шығармаларды халыққа қайта тірілту. Еріктің де мақсаты сол еді. Біз сол үрдісті үзгіміз келмеді, – деді Александр Котовщиков.

Кеш Фридрах Гендельдің, Моцарттың, Пучинидің, Чайковскийдің шығармасымен бірге, Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әні орындалды. Екі сағатқа созылған концерт «көзді ашып-жұмғанша»  өте шықты. Ресейлік әншілермен бірге, сахнаға қазақстандық өенр майталмандары шықты. Оның арасында «Астана Опера» жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, халықаралық байқаулардың лауреаты Батыржан Смаков және аспаптық музыканттар қатысты.

Осы құраммен өткен концерт Ерік Құрманғалиевтің туған жері Атырауда жалғасын тапқан. Сол кеште әнші ждайында жазылған Маржан Ершудің «Феномен» альбом-кітабының тұсауы кесілді. Сонымен бірге, бұрын ол тұрған үйге естелік тақтасы қойылды.

Айта кетерлігі, Ерік Құрманғалиев – Кеңес Одағындағы тұңғыш контртеноры, Қазақстанның халық. Ол – вокал өнеріндегі ерекше құбылыс болды. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның өнері бүкіл әлемнің алабын аралап, атағы шартарапқа жайылды.

Ол негізі  Атырау облысының  Жылыой ауданында, Құлсары кентінде  дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі – Сәлім  хирург, анасы – Меруерт балалар дәрігері болды. Олар кейін жұмыс бабымен Атырауға көшіп кеткен. Әкесі ұлының әнші болғанын, әнге құмартқанын ұнатпаған. Бірақ өнерге деген қолдауын анасынан тапқан.

Ерік бала кезінде әнге, әуенге құмар болған. Сол кездің өзінде мектепте жүріп жіңішке альт дауысымен атақты әнші апалардың әнін орындаған. 12  жасқа толғанда классикалық музыкаға  аңсары ауады. Бірақ ол өзінде табиғат сыйлаған  таңғажайып дауыс бар екенін білмеген екен.

https://youtu.be/YGi56aP3zKM