Сенаторлар жүктеме мен зияндығына орай медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді ұсынды
Сенаторлар жүктеме мен зияндығына орай медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді ұсынды
Сенатта Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысы болды. Сенаторлар денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде ауруханалардың апаттық жағдайы, медициналық пункттердің жетіспеушілігі және дәрі-дәрмектерді жеткізудегі кідірістер туралы да айтылды.
Отырыста Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров: «Аймақтарға барған кезде жергілікті тұрғындар үш ауылда бір-бірден амбулатория бар екенін, емделу үшін 400 шақырымға бармау үшін бір аурухана салып беруді сұрайды. Дегенмен, біздегі стандарттар бойынша 4-5 мың халқы бар елді мекенде ғана аурухана болуы мүмкін. Сонымен қатар, Президент дәрігерлік қызметтердің қолжетімді болуы туралы міндет қойды. Әрине, салалық мамандар қажет болған жағдайда облыс орталығына апару қажет. Ал негізгі медициналық қызметтер қадам басар жерде болуы тиіс», – деді.
Сенатор Ақмарал Әлназарова алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің тарифтеріне назар аударды, олар ұйымдардың нақты шығындарын жабуға мүмкіндік бермейді, ал жеке секторды қызықтырып отырған жоқ. Сенаторлардың қорытындысы бойынша МСАК денсаулық сақтау саласының басқа бағыттарымен салыстырғанда толық қаржыландырылмай келеді.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар дәрігерлердің мәртебесін одан әрі арттыру мақсатында «Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» ҚР заң жобасын әзірлеу қажеттігін қарастыруды, психоэмоционалдық жүктемелер мен зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақының мөлшерін қайта қарау, өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды сатып алуға арналған көпжылғы шарттардың қолданылуын өзгертуді ұсынды.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, министрдің орынбасары – бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов, медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов және көпсалалы медициналық орталықтың басшысы Шынар Мәлік қатысты.