Алтынкөл мен Достық арқылы Қытай тауары еуропалықтарға жетеді
Алтынкөл мен Достық арқылы Қытай тауары еуропалықтарға жетеді
256
оқылды
Жақында  «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың бейнеконференция форматында «Қытай темір жолдары» директорлар кеңесінің төрағасы Лу Дунфумен жүздесуінде ҚР мен ҚХР темір жолында жүк тасымалының оң қарқын көрсетіп отырғаны айтылды. Қос тараптың басшылары Достық – Алашанькоу және Алтынкөл – Қорғас шекаралық өтпелері арқылы тасымал көлемін арттыруды қамтамасыз етуге ерекше назар  аударылып отырғандығына тоқталды. 2020 жылғы 30 қыркүйекте қазақстандық БАҚ үшін «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ портына және Алтынкөл шекаралық теміржол станциясына баспасөз-хабарлама туры өтті, оның барысында қатысушыларға Қазақстан-Қытай шекарасында жүк ағындарын жедел өткізу үшін «ҚТЖ «ҰК» АҚ құрған заманауи инфрақұрылым таныстырылды. «KTZE-Khorgos Gateway» логистикалық хабы – Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында стратегиялық тиімді жерде орналасқан Орталық Азиядағы ірі құрғақ порт. Құрғақ порт аумағында жалпы ауданы 102,8 га жоғары класты логистикалық сервисті қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 24 шақырым теміржол жолдары, контейнерлерді, басты жүктерді, автомобильдер мен жабдықтарды қайта тиеу бойынша тиеу/түсіру жұмыстарына арналған контейнерлік терминалда 6 кірме жол, біржолғы сақтауға арналған 18 мыңнан астам мамандандырылған контейнерлік алаң орналасқан. Құрғақ порт Алтынкөл станциясындағы ең қуатты терминал, ол қазіргі заманғы қайта тиеу техникасымен, вагондар мен контейнерлерді есепке алудың жаңа автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін жүктерді өңдеу, сақтау және ауыстырып тиеу саласында қызметтердің толық спектрін көрсетеді. «KTZ Express» АҚ Логистика жөніндегі Вице-президенті Нұрлан Игембаевтың айтуынша, Қытайдан Еуропаға, Ресейге және Орталық Азияға баратын маршруттар дәстүрлі түрде Қазақстан аумағы арқылы өтетін ең сұранысқа ие маршруттар болып табылады. – 2020 жылғы қаңтар – тамыз айында Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша тасымалдау көлемі 306,6 мың ЖФЭ құрады, бұл 2019 жылғы ұқсас кезең көлемдерімен салыстырғанда 62%-ға өсті. Қытай – Орталық Азия – Қытай бағыты бойынша өсім 29%-ды құрады. Егер Алтынкөл станциясы мен Құрғақ порт арқылы тасымалданатын жүктердің номенклатурасы туралы айтатын болсақ – бұл халық тұтынатын тауарлар, металдар, химикаттар және габаритті емес жүктер. Мысалы ағымдағы жылдың қыркүйек айында «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ портының тиеу терминалын іске қосу арқылы Қытайдан Түрікменстанға 300 габаритті емес техника – John Deere ауыл шаруашылығы комбайндары жіберілді. Айта кетейік, John Deere компаниясы 2017 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын тасымалдауға бізге сенім білдіреді. Ынтымақтастықтың үш жылы ішінде біз 1 474 комбайнның тасымалдауын жүзеге асырдық. Ал Алтынкөл станциясы арқылы биыл біз бірқатар жаңа контейнерлік маршруттарды іске қостық: Цзиньхуа (ҚХР) – Баку (Әзірбайжан), Сиань (ҚХР) – Измит (Түркия) Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша, Чэнсян (ҚХР) – Жодино (Белоруссия), Цзинань Нань (ҚХР) – Қыпшақ (Түрікменстан), Түркменбашы (Түрікменстан) – Циндао (ҚХР), сондай-ақ Алтынкөл – Мәскеу түйіні станциясының тұрақты контейнерлік сервисі, – деді Н. Игембаев. « KTZ Express» АҚ компаниясы бүгінгі таңда ең қолайлы тарифтік шарттарды жасап, Қазақстан арқылы өтетін барлық бағыттардағы жүктердің жылдамдығы мен сақталуының толық параметрлерін ұстанып отыр. Ұзындығы 3128 шақырым құрайтын Алтынкөлден Ақтау портына дейінгі учаскені контейнерлер үш тәулік ішінде өтеді, ал 2019 жылғы 16 сәуірден бастап «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының фидерлік кемесі апта сайын Баку портына 210-ға жуық контейнер жеткізеді, сол жерден жүктер темір жол арқылы Грузия мен Түркияға жөнелтіледі. Мысалы, қытайлық Сианнан түркияның Стамбулына дейінгі сапардың жалпы уақыты 16 күнді алады. Баспасөз турының соңында, Алтынкөл бекетіне сапары барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Алматы бөлімшесі ЖТ» филиалының Алтынкөл станциясы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Құрманәліұлы журналистерге Жетіген – Мемлекеттік шекара учаскесінде орналасқан кластан тыс жүк станциясының жұмысы туралы айтып берді.