Дәрігердің бәрі біліксіз бе?

Дәрігердің бәрі біліксіз бе?

Елімізде ақ желеңділерді орынды кінәлаудан бұрын орын­сыз күйе жағып, даттау басым болып барады. Тіпті олардың заң­сыз, біліксіз әрекеттері дәлелденбей жатып жұртшылық тара­пынан моральдық қысым көрсетіліп жатқаны ойландырып қой­ды. Еліміздің әр өңіріндегі жағдайдан соң білікті, ширек ға­сырлық тәжірибесі бар мамандар өздері армандаған, нанын жеп отырған қызметтерінен өз еркімен кетуге байлам жасап отыр­ғанын көз көріп отыр.

Ақиқат айтылуы керек. Бірақ ол ақиқаттың да дәлелдемелері нақ­ты болса, сын көзқарастар, оқи­ғалар дәлме-дәл орнымен ай­тылса қанеки...

Соңғы жылдары еліміз бойын­­ша ана мен бала өлімі көр­­сеткіші таразының екі жа­ғын тербелтіп қойды. Айталық, Аты­рау – бала туу көрсеткішінен алда келе жатқан өңір. Ал сәби өлімі көрсеткіші – орташа дең­гейде. Оның басты себебін ал­ды­мен құнарсыз тағамнан, өңір кли­матының жайсыздығы, әйел­дердің жүктілікті жоспарламауы мен денсаулығына аса көңіл бөл­меуі мен кейбір жағдайда бі­лік­сіз дәрігерлердің кеңесінен деп қабылдау дұрыс шығар. Әйтпесе, жергілікті атқарушы би­лік тарапынан денсаулық са­ласына қажетті ғимараттар салу, заманауи құрал-жабдықтармен қамту, ТМД мен шетелдің білікті дәрігерлерін шақырып, жергілікті мамандардың практикасын же­тіл­діру, медицина мекемелерін қыз­меттік көліктермен қамту жұ­мыстары жүйелі жолға қойылып отыр.

Осы игілікті істерден соң да дәрігерлер тарапына шағымдар түсу тыйылмай тұр. Еліміздің әр өңіріндегі түрлі жағдайларда қай­тыс болған және дәрігер­лердің біліксіздігі салдарынан деп күдіктенген оқиғалардан соң, жұртшылық тарапынан дә­рігерлерді нақты фактілерсіз сынау, тіпті әлеуметтік желілерде балағаттау орын алуда. Осының барлығы дәрігерлердің мораль­дық-психологиялық қысым көріп, күні кеше өңіріміздегі сә­би өліміне қатысты деректен соң, 31 маманның қызметтен бо­сату туралы арыз жазуына себеп болды. Алды 25 жыл, соңы 10 жылдан бері өңірдегі жүкті әйелдерді күтіп, сәбидің өмірге келуіне аянбай еңбек етіп жүрген мамандар «халықтың сенім­сіз­дігінен сүйектен өтер сөз есті­генше, жұмыстан кеткен дұрыс» деген шешімге келгенін айтып отыр.

Аймақтардағы дәрігерлерге қатысты оқиғаларды зерделеп көрсеңіз, білікті дәрігерлер үшін араша сұрап жатқан да – халық, дәрігерлерді біліксіз деп жатқан да – халық. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мәселені жан-жақты сараптау жағы ха­лыққа жетпей жатыр. Сайып кел­генде, бұл мәселе елдегі дә­рігер мамандардың тапшылы­ғы­нан зәрезәп болып отырғанда жұ­дырық үстіне жұдырық ти­гендей болып отыр.


«Ұлттық Медициналық ассо­циациясы» президенті Айжан Са­дықова да осы мәселе туралы өз пікірін білдіріп отыр. Елі­міз­дегі денсаулық саласындағы жағдайларды саралап отырған Айжан Садықованың «Біз онсыз да білімі мен біліктілігі жоғары тәжірибелі мамандарымыздың армиясын жоғалту алдында тұрмыз. Бүгіндері жалақысы аз, жұмысы көп қызметті атқарып отырғандар, осы мамандықтын иесі болуды армандаған жандар екенін естен шығармауымыз қажет» деген сөзі алдымен Ден­саулық сақтау министрін ойлан­дырса дегіміз келеді. Себебі дәрігерлердің кінәсі дәлелденбей жатып оларды қылмыскер деп атау, бетіне айту – ақ желеңді жандар үшін өте ауыр. Оларға алдын ала айып тағуға болмай­тынын түсіндірудің өзі министр­лік тарапынан жылдам әрекет етуді талап етіп отырғандай.

Әйтпесе, облыстағы респуб­ликаға танымал білікті дәрігер­лер өз лауазымдарынан бас тартса, жұрт емшілерді жағалап, қала берді өз бетімен емделіп, онсыз да ауру көрсеткіші жағы­нан оңбай тұрған дерттер қата­рын көбейтіп алу қаупі бар. Бұ­ған «Онсыз да жақсы атақ жоқ» деп өз ісіне жауапсыз қарай бас­тайтын мамандардың да қата­ры толығып кетуін қоссаңыз, ел­де денсаулық саласы дамудың орнына кері кетіп, ұлт ден­сау­лы­ғы түйеше шөгіп қалары сөзсіз.

Атыраудағы жағдайға қайта оралсақ, өңірге нәрестелер өлі­мінің себебін анықтау үшін рес­публикалық деңгейдегі маман­дар келді. Бақылау тобы бала­лардың өлу себептері мен оқи­ғаларын зерттеп жатыр.

– Біз балалар хирургиясы­ның ғылыми педиатрия ма­мандары, еліміздегі педиат­рия­лық қызметті қадағалайтын республикалық медициналық ұйым болғандықтан, аймақтағы медициналық көмекті бақылауға келдік. Қазір біз перинаталдық орталықтамыз. Қайтыс болған балалардың барлық оқиғаларын зерттеп, жинап жатырмыз. Себеп-салдарын анықтау үстін­деміз. Жалпы, қазіргі жағдай тұрақты, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – дейді ұлттық педиа­трия және хирургия ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева.

Қалай десек те, еліміздің ден­саулық саласындағы проб­ле­малар, алдымен экологиямызға, тағамымыздың құнарлы болу­ы­на, дәрігер антына адал болып, бастысы, әр адам өз денсаулы­ғына немқұрайды қарамауына қоғам болып бірлесе жұмылу керектігін түсінетін уақыт жет­кенін мойындатып отыр.


Атырау облысы