Бидай түсімі аз шықты
Бидай түсімі аз шықты
149
оқылды

Елімізде егін орағы жұ­мыстары аяқталып қалды. Ресми мәліметке сүйен­сек, Солтүстік Қазақстан облысында жиын-терім жұмыстары – 65%-ға, Ақ­мо­ла облысы – 87,9%, Қос­танай облысында 80%-ға орындалған. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің 7 қазандағы мәліметі бойынша, 14 084,5 мың гек­тар алқаптың астығы орылды.

Алайда астық түсімі мәз емес, өнім өткен жылмен салыстыр­ған­да 17,4%-ға аз. Оған басты се­беп – республикамыздың ас­тықты өңір­­лерінде биыл қуаң­шы­лық болып, егістік жерлер аптап ыс­тыққа ұрын­ды. Орташа өнім­ділік 11,9 ке­лі/га-ға құрайды, бұл был­тырғы көрсет­кіш­тен 14,1 ке­лі/га-ға төмен. Былтыр астық­тың кө­лемі 20,3 млн тонна болса, биыл шамамен 17 млн тон­на жи­налады деп күтіліп отыр. Жалпы, соңғы алты жылдағы ас­тық өнді­рісіндегі төмен көрсеткіш биыл тіркелгенін айта кету керек. Де­ген­мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапар­хан Омаров ішкі қа­жеттілік 100% қамтамасыз еті­леді деп сендірді. Ведомство бас­шысының ай­туын­ша, ішкі на­рық­та астық жет­кілікті. Қазірдің өзін­де 14 млн тон­на ас­тық бас­ты­рылған. Жос­парға сәй­кес, еліміз 2019-2020 жы­лы 7 миллион тонна бидай мен ұн экспорттайды.

Қазақстан – астық экспорты бойынша Орталық Азияда көш басында тұрған мемлекет. Астық алқабының көлемі мен егістік шаруашылығы әлеуеті жөнінен республикамыз аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ше­шуші рөлге ие болған. Оңтүс­ті­гімізде жатқан бидайға тәуелді бауырлас елдерден бөлек, бүгінде еліміздің бидайын АҚШ, Нидер­ланды, Бельгия, Корея, Испания, Түркия, Вьетнам, Қытай мем­ле­кеттері тұрақты тұтынып келеді. Одан бөлек, Беларусь пен Ресей, Украина да ішінара біздің астық­ты алып тұрады. Әсіресе, Қытай соң­ғы жылдары Қазақстаннан бидай импорты көлемін артты­рып келе­ді. Мәселен, биыл еліміз Қытайға жарты миллион тонна астық экс­порттауды жоспарлап отыр. Есте­ріңізде болса, үш жыл бұрын (2016) шығыстағы көр­шінің ­на­ры­ғына 300 мың тонна жеткіз­сек, былтыр ол 600 мың тоннаға өскен. Астық экс­пор­ты жөнінен аймақта Қазақстанға бәсекелес болатын ел – Ресей мен Украина. Дегенмен бізге қа­рағанда тұрғын саны анағұр­лым артық бұл мем­лекеттер үшін ең алдымен ішкі нарығын жабу мәселесі бар. 2018 жылы Ресей Қытайға 1,5 млн тон­надан астам астық экспорттаған. Әйтсе де, қытай нарығы үшін бұл өте аз өнім. Қытайдың астық тұтыну көрсеткіші 390 млн тоннаға жуық. Бұл тұрғыда сатып алу­шы­ны алыстан іздемейміз. Яғни, экс­порттық бағыт айқын, нарық­қа жол салынған.

Десек те, астық шаруашы­лы­ғының өзіне тән ішкі мәселе көп. Соның бірі – техниканың тозуы. АШМ мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта республикада ауылшаруашылық техникалары паркінің ескіруі – шамамен 80%. Мамандардың есептеуінше, техника мен саладағы техно­ло­гияның тозуы салдарынан Қазақ­станда 95 млрд теңге жөндеу жұ­мыстары мен жанар-жағар­майды артық жұмсауға, яғни шы­ғынға әкеледі екен. Сондай-ақ комбайн-трактордың санын са­лыстыра қозғасақ, 1 мың гектар егістік алқабына Германияда 65 трактор, 11 комбайннан келсе, бізде бұл көрсеткіш мың гектарға 6 трак­­тор, 3 комбайннан айналады. Бұл тұрғыда дамыған мемлекеттер көрсеткішінен көп артта қалға­ны­мыз көзге көрініп тұр. Техникалық жабдығы сай, жаңарған техноло­гияның арқа­сында ол елдер әр гектардан 50-60 центнерден өнім алса, біздің қол жеткізіп отырған көрсет­кі­шіміз жартысына да жетпейді. Себебі түсінікті де. Астық экс­пор­ты жағынан алдыңғы орын­дағы Қазақстан үшін ендігі шешуі керек мәселе – техникалық пар­кін жаңарту.

Биыл астық шаруашылы­ғы­мен айналысатын фермерлер үшін қиындық тудырған тағы бір мәселе – дизель отынының ба­ғасы. Былтыр литрі 128 теңге болған солярканың құны биыл 170 теңгеге шықты. Әсіресе, жиын-терім кезінде дизель отынын саудалаушылар өздеріне ыңғайлы баға қалыптастыруды әдетке айналдырып алатыны жа­сырын емес. Бұл да астық өнді­рісіндегі өнімнің өзіндік құнын қымбатқа түсіріп отыр.