Әскери жаттығуға екі алпауыт шақырылады
Әскери жаттығуға екі алпауыт шақырылады
165
оқылды
Сенаторлар «2007 жылғы 27 маусымдағы Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мем­лекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы» да ратификациялады. Құжат 2017 жылы ШЫҰ-ның толық құқылы мүшесі болған Үндістан мен Пәкістанға енді осы ұйымның бірлескен әскери оқу-жаттығуларына қатысуға мүмкіндік береді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі кезде әлемде геосаяси ахуалдың қиындай түскенін айт­ты. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Сон­дықтан тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту  ең маңызды мәселеге айналды. Сенат Спикері осы тұрғыдан келгенде Шанхай ынты­мақтастық ұйымының маңызы зор екенін жеткізді. – Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы ұйым аясында бірлесіп әрекет етуіміз керек. Ынты­мақтастықты арттыру арқылы жаңа қауіп­терге қарсы тұруда әлеуетімізді күшейтеміз. Бүгін қабылданған заң ШЫҰ тиімділігін одан әрі арттырады деп сенеміз, – деді ол. Сондай-ақ депутаттар «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамада енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 мау­сымда Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің үкіметі ара­сындағы Табыс пен капиталға салынатын са­лықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Заң салық салудан дивидендтерді босата оты­рып, ел бюджетінің мүдделерін қорғауға негіз­делген. Бұл игілік Люксембургте тіркелген мемле­кеттік мен­шіктегі отандық кәсіпорындарға қолда­нылады. Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бірқатар сауал жолдады. Ауыл мектеп­терінің жұмысын қалпына келтіруді кезең-кезеңі­мен шешу жайы А.Нұхұлының сауалына арқау болды. Н.Нұрсипатов әскери-патриоттық тәрбие мәсе­лелерін тілге тиек етті. Ғ.Дүйсембаев мал шаруа­шылығын субсидиялау ережелерін өзгерту қажетін жеткізді. Н.Бекназаров көмірсутектер бойынша электронды аукциондар ұйымдастыру тәртібіне байланысты мәселелерді қозғады. Ал Д.Мусин құс тұмауына қатысты жағдайға алаң­дайды.  

Айхан ШӘРІП