Сенаторлар «2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы» да ратификациялады. Құжат 2017 жылы ШЫҰ-ның толық құқылы мүшесі болған Үндістан мен Пәкістанға енді осы ұйымның бірлескен әскери оқу-жаттығуларына қатысуға мүмкіндік береді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі кезде әлемде геосаяси ахуалдың қиындай түскенін айтты. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Сондықтан тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту ең маңызды мәселеге айналды. Сенат Спикері осы тұрғыдан келгенде Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызы зор екенін жеткізді. – Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы ұйым аясында бірлесіп әрекет етуіміз керек. Ынтымақтастықты арттыру арқылы жаңа қауіптерге қарсы тұруда әлеуетімізді күшейтеміз. Бүгін қабылданған заң ШЫҰ тиімділігін одан әрі арттырады деп сенеміз, – деді ол. Сондай-ақ депутаттар «2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қойылған Хаттамада енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2008 жылғы 26 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Заң салық салудан дивидендтерді босата отырып, ел бюджетінің мүдделерін қорғауға негізделген. Бұл игілік Люксембургте тіркелген мемлекеттік меншіктегі отандық кәсіпорындарға қолданылады. Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттар бірқатар сауал жолдады. Ауыл мектептерінің жұмысын қалпына келтіруді кезең-кезеңімен шешу жайы А.Нұхұлының сауалына арқау болды. Н.Нұрсипатов әскери-патриоттық тәрбие мәселелерін тілге тиек етті. Ғ.Дүйсембаев мал шаруашылығын субсидиялау ережелерін өзгерту қажетін жеткізді. Н.Бекназаров көмірсутектер бойынша электронды аукциондар ұйымдастыру тәртібіне байланысты мәселелерді қозғады. Ал Д.Мусин құс тұмауына қатысты жағдайға алаңдайды.
Айхан ШӘРІП