Қырылған жылқыға өтемақы төленбей ме?

Қырылған жылқыға өтемақы төленбей ме?

«Біздің ауылда 200 жылқыдай өлді. Бұл сонау тамызда басталған. Әлі жалғасып жатыр. Неден өліп жатқанын білмейміз. Осылай мал бағып жүргеніміз 50 жыл болды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес», – дейді Бейкенже ауылының тұрғыны Ке­нетбек Кембай. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жылқы малы шамамен 10 күндей ауырады екен. Сол уақыт аралығында тәбеті тартпай, ештеңе жемейді. Соның соңы жылқының өлуіне әкеледі. Жасаған ем-дом шаралары да көмектеспейді екен. Ауырған жылқыны айғыры табынға жақындатпайды деседі. «Солтүстікте қырылған құстар үшін өтемақы беріліп жатыр. Бізге де азғантай көмек көрсетсе дейміз. Біреулердің 20-30 жылқысы қырылып қалды. Ондай отбасы көп», – дейді ауыл тұрғыны Әбдіманап Әкімбек. Ветеринарлық инспекцияда болған жайтқа тұрғын­дардың өзі кінәлі екенін айтып отыр. Жай­лауда жайылып жүргенде асқазан бөгелегінің құртын жейді екен. «Биыл күн аптап ыстық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Малға арнайы күтім керек. Жайылымға күндіз емес, кешірек жіберу керек еді. Сонымен бірге дезинфекция жасап отыруы тиіс еді. Жылқыларды тазартып, жуып, шыбын-шіркей үймелетпеу қажет болатын» деп түсіндірді Жаңақорған аудандық ветеринарлық стансасының директоры Марат Қазыбаев. Аталған ауруды ресми түрде облыстың төрт ауданында растаған. Әкімдік комиссия құрып, зардап шеккендерге өлген малы үшін өтемақы беруге бола ма, жоқ па деп талқылап көрмек. Облыстық ветеринария басқармасы 200 емес, 29 бас жылқының өлгені туралы ақпарат беріп отыр. «Экспертиза нә­тижесінде, жылқылар гастрофилезі деген паразиттік ауру екені анықталды. Оны тудыратын – бөгелек құрт­тар. Егер профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізіп отырмаса, ішке кеткен құрттар тез өсіп кетеді. Оған еш ем көмек­теспейді. Содан жылқы өліп қалады. Ауыл шаруа­шылығы ми­нистрінің бұйрығына сәйкес, бұл ауру аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына кірмейді», – дейді басқарма. 14 тамыздан бері төрт ауылдық округте гастрофилезге шалдыққан 94 бас жылқы тіркелген. Оның 29-ы өлді деген ресми ақпарат бар.  

Исмаил ҚУАНЫШ