– Праймериз батыс елдерінің тәжірибесінен алынып, біздің елімізде бірінші рет қолға алынып отыр. Бұл бастама Елбасының тапсырмасына сәйкес, болашаққа нық қадам басқан «Nur Otan» партиясының жұмысын жаңғырту аясында жүзеге асуда. Мақсаты да айқын, мықты лидерлерді анықтау. Әрине, кандидаттың сайлауалды бағдарламалары партия платформасына, Президент Жолдауына және аумақтық партия сайлауалды бағдарламасына негізделген. Міне, бүгін сол мықтыларды анықтаудың шешуші кезеңіне жетіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл – дода. Дода болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы азаматтық ұстанымды сақтап қалу керек. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді Илья Ильин.Партияның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышына айналған Илья өз дауысын онлайн түрде берді. Яғни, жұмыс орнында отырып, веб портал көмегімен 5 минут уақытта жүзеге асырды. Ол праймериз ақпараттық жүйесінің ерекшелігін еліміздегі цифрлық технологияның дамуы нәтижесі екенін атап өтті.
– Праймериз үміткерлеріне дауыс беру үшін бірнеше мүмкіндіктер қарастырылған. Мобильді қосымша, веб портал, учаскеге барып онлайн немесе офлайн дауыс беру деген секілді. Мен primaries.kz порталы арқылы онлайн дауыс бердім. Бұл – Елбасы айтып жүрген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жемісі, – дейді ол.Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 485 үміткер бақ сынауда. Облыстың қалалары мен аудандарында дауыс беруге арналған 133 орын анықталды. Олардың 103-інде дауыс беру онлайн форматта, 30-ында қағаз бюллетеньдер арқылы өтеді. Дауыс берудің алғашқы күнінде қызылордалық нұротандықтардың 8 мыңнан астамы өз таңдауын онлайн жасап үлгерді.
Әбілмансұр ЖАСАН