Жол саласындағы жаңалық
Жол саласындағы жаңалық

Алматыда «Жол құрылысының өзекті мәселелері» та­­қы­ры­­бында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренция өтті. Конференция Қазақстан жол ғылыми зерт­теу инсти­ту­тының 60 жылдығын атап өту аясында ұйым­дастырылды.

Іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі Автомобиль жолдары комитетінің, «Жол активтері са­па­сы ұлттық орталығы» РМК, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ, «Қазақ­авто­­жол» ЖШС, жобалау және мердігер компаниялар, мате­риал­­дар мен технологиялар өнді­ру­шілері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жолдарды салу және қалпына келтіруде аталған институттың үлесі мол. Әсіресе, шұғыла қағидаты бойынша тиім­ді көліктік-логистикалық инфра­құры­лым құру туралы айтылғалы бұл салада жұмыс қыза түсті.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаевтың айтуынша, жылжымалы зертханалық кешен заманауи компьютерлік, бейне­тех­­никалық, ақпаратты жинау мен өңдеу құралдарымен жаб­дық­­талған. Аталған жылжымалы зертхана көмегімен 2013 жылдан бері 9 081 шақырым автомобиль жолы мен 545 көпір құрылыста­ры­ның диагностикасы жүргізілді. Жалпы ұзындығы 10 284 шақы­рым республикалық маңызы бар авто­мобиль жолдарын паспорт­тау жұмыстары атқарылды.

– Посткеңестік елдердегі жол­дар­ды жобалау тәсілдері 50 жыл­дан астам жаңартылмаған, сон­дықтан қолданыстағы норма­лар­ды жетілдіру қажет деп шештік. ҚазжолҒЗИ осы жұмыс­қа бел­сенді қатысып келеді. 2002 жылы институт ТМД бойынша бірінші болып отандық стан­дарт­­тарды ше­телдік стан­дарт­тармен үйлес­ті­ру мәселесін шешуге кірісті. Қазіргі уақытта 116 ұлттық стан­дарт әзірленіп, үй­лес­тірілген. «Техникалық рет­теу туралы» заң­ға сәйкес 5 техникалық регла­мент әзірленді. 2014-2015 жыл­дар ара­­­лығында ке­ден одағының 11 мем­­леке­т­ара­лық стандарты да­йын­­­далды. Инсти­тут осы уа­қыт­қа дейін 870-тен астам нор­матив­тік құ­­жат әзірледі және қайта өң­деді, – деп атап өтті ҚР ИИДМ Ав­­­­­то­­­мобиль жолдары комитеті­нің төрағасы Сайранбек Барма­қов.

2010 жылдан бастап респуб­ли­каның түрлі аймақтарындағы автомобиль жолдарының жол жамылғылары мен жер төсе­ме­ле­рінің су-жылу режимі заңды­лық­тарын зерттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жер төсемесіндегі ылғалдың фа­за­лық ауысуын ескеріп, соңғы эле­менттер әдісін қолдана оты­рып, жол құрылымдарының тұ­рақты және тұрақсыз темпера­ту­ра­­­лық өрістерінің математи­ка­лық модельдері әзірленді. Асфальт­­бе­тон мен битумдардың бе­ріктігі, тө­зім­ділігі, созыл­ғыш­ты­­ғы терең зерт­телді. Бұл зерт­теу­­лердің нә­ти­­жесі «Төменгі тем­­пе­ратура­лы жарықшақтардың пайда болуы кезіндегі асфальт­бетонды жа­мыл­­ғылар­дың өзін-өзі ұйым­дас­ты­ру заңдылығы», «Тұтқы­р­сер­пім­ді материал­дар­дың тозу дерс­трук­циясы заң­ды­лықтары (Тел­таев прин­ципі)» және «Әртүрлі аз қуатты битум шайырларының ас­фальтен мен майға айналу құ­бы­­лысы» атты 3 ғылыми жаңа­лық­ты ашуға мүм­кін­дік берді. Бұл әлем бойын­ша автомобиль жол­дары саласын­дағы тұңғыш ғылыми жаңалық­тар.

– «ҚазжолҒЗИ» – еліміздің жол саласындағы бірден-бір инс­ти­тут. Бұл институтпен жол сала­сына қатысы бар барлық мекеме бірлесіп жұмыс істеп келеді. Сала­дағы нормативтік құжаттың бә­рін осы институт жасап шық­ты. Институттың осы уақытқа дейін атқарған жұмыс­тары көңіл толарлықтай, соңғы он жылдың ішінде 3 ғылыми жаңалық ашты. Бұл институт президенті Бағдат Телтаевтың еңбегі. Жа­ңа­­лық­тардың ішінде әлі толық­тай өн­діріске енбегендері бар. Өйт­кені ғылыми жаңалықтар бірден өндіріске ене қоймайды. Алды­мен сынақтар жүргізіледі. Біз осы мақсатта бірге жұмыс істеп келе­міз. Құрылыста немесе жөн­деу жұмыстары барысында туын­даған кез келген сұрақтар болса аталған институтқа жүгі­не­­міз. Өйткені ғылыми зерттеу инс­титуты ешкімге тәуелсіз са­рап­­­шы ретінде белгілі, – дейді «Қаз­автожол» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасы Ұлан Әліпов.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ серік­тес­тері атап өткендей, институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы еліміздің климат­т­ық жағдайларын ескере оты­рып, жолдарды салу және күтіп ұстау бойынша үздік ше­шім­дер қабыл­дау­ға мүмкіндік береді.

Шараның екінші күні қо­нақ­тар институттың жылжы­ма­лы жә­­не стационарлық зертхана­ла­ры­­­м­ен танысты, сонымен қатар сек­­циялар мен семинарлар жұ­мы­сы да жалғасты. «ҚазжолҒЗИ» рес­­публика бойынша жол-құры­лыс материалдарының сапасын ба­­ғалау және бақылау жөнінен көш­­басшы екенін тағы да дәлел­деді.

Үшінші күні техникалық тур аясында конференцияға қатысу­шы­лар «Алматы – Қапшағай», «Алма­ты – Қорғас» автомобиль жол­дарына барып, «Алматы – Қорғас» теліміндегі төлем алу жүйесімен танысты.


Гүлнар ТӘЖИЕВА