Тентіреткен тендер – телміріп тапқан тиын

Тентіреткен тендер – телміріп тапқан тиын

 

Тендерге көп жүгінетін министрліктер

«Электронды мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінің дерегінше, бір жыл ішінде Goszakup.gov.kz мем­порталына 3 миллион 143 мың 962 тендер шығарылған екен. Нә­тижесінде, 6 триллион 512 мил­лиард 259 миллион теңге ел қар­жысы бөліске салынды. Оның ішінде республикалық меморгандар 611 мың 540 сатып алу өткізіп, 1 триллион 158 мил­лиард 713,3 миллион теңгені шығын­даған. Ең көбі Асхат Аймағамбетов басқаратын БҒМ-ге тиесілі – министрлік өзіне бағынышты 146 ұйым арқылы 63 мың 211 тендер ұйымдастырып, 191 млрд 172,7 млн теңге жұмсады. Екінші тұғырда Нұрлан Ермекбаев тізгінін ұстаған Қорғаныс министрлігі тұр (211 ұйым, 31 мың 806 тендер, 143 млрд 596,3 млн). Үштікке 107 ұйымы арқылы өткізілген 74 мың 149 тендерімен және үлестірілген 102 млрд 972,1 млн теңге көрсеткішімен Алексей Цойдың Денсаулық сақтау министрлігі кірді. Негізі, ведомстволық ба­ғыныш­ты ұйымының көптігі жөнінен Ерлан Тұрғымбаевтың Ішкі істер министрлігі бәрінен алда: бірақ ол 292 ұйымы арқылы 138 мың 521 мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізіп, бизнеске 80 млрд 720,2 млн теңге бағыттады. Премьер-Министр Кеңсесі бір жыл ішінде 435 тендерді ғана  жүзеге асырды, оған 937,2 млн теңге кетіпті. Президент Әкімшілігінің шығыны одан да аз: 546 бірлік және 897,9 млн теңге. Әрине, бұдан қарапайымдары бар: Мемлекеттік күзет қызметі 533 тендерге – 136 млн, Конституциялық Кеңес – 113 бірлікке 120,6 млн теңге, Жоғарғы сот кеңесінің аппараты – 130 лотқа 60,8 млн теңге, ал Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық 61 лотқа 24,4 млн теңге шығындады. Қалған 5 триллион 353 мил­лиард 545,6 млн теңгені мемсатып алуларда әкімдіктер мен олардың басқармалары жұмсап жіберді. Бірінші орында еліміздің ең ірі мегаполисі  Алматы тұр: қала әкімдігі 630 бағынышты ұйымы арқылы 133 мың 825 тендер өткізіп, 582 миллиард 766 миллион теңгені таратты. Одан елорда қалар емес: Нұр-Сұлтан әкімдігі 378 ұйымы кө­мегімен 122 мың 950 лотты және 558 миллиард 889,9 млн тең­­гені игерді. Үштікті 1 мың 324 ұйы­­мы бар Алматы облысының әкім­дігі тұйықтады: ол 147 мың 812 тен­дер өткізіп, оған 476 миллиард тең­геден астам соманы бағыттады. Түр­кістан облысының шығыны да соған жетеғабыл: ұйымының саны – 1 мың 287, мемсатып алу саны – 155 мың 864, шығыны – 471,7 млрд теңге. Ал «сыпайы» өңірлер қатарына ұйымының саны – 820, лоты – 91 мың 260, шығыны – 171,8 млрд бо­ла­тын Атырау облысы, СҚО 793 ұйымы, 128 005 лоты және 166,5 млрд шығыны бар СҚО, 648 ұйымға 81 082 лот 164,1 млрд теңге берген Маңғыстау облыстары кіреді.  

Сұр схемалар сандалтады

6,5 триллион сома қаншама ша­ғын және орта кәсіпкер-ком­панияны бақытты етіп, дамуына қу­ат­ты серпін беруге тиіс еді. Алайда дәрменсіз жағдайға жетіп, банкрот болған кәсіпорындар жыл сайын артуда. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, тендерлердің барлығы бірдей отандық өндірушіге тие бермейді. Қытайдан не өзге елдерден әлдеқайда арзан тауарды таситын алыпсатар компаниялар арзан бағасымен қарсыластарын шаң қаптырып жататыны құпия емес. Біразы тіпті тек қазақстандық өнімге ғана берілетін СТ-KZ серти­фикатын иеленген. Екіншіден, кәсіпкерлер ірі лот­тардың жеңімпазы әу бастан белгіленіп қойылады дейді. Егер сатып алу кезінде ғайыптан тайып сыбайлас компания жеңіліп қалса, тендерді адал ұтқан қарсыласына олжаны бермеудің, оны жолдан тайдырудың әртүрлі тәсілі іске қо­сылады: тендер өтпеді деп та­ныла­ды не қорытындысы жоққа шығарылады, ал өнім «бір көзден», яғни ымыраластан сатып алынады. Үшіншіден, егер заң жолымен жеңісті қанжығалаған кәсіпорын қиянатқа мойынсынбай, құзырлы органдарға қуынып, сотқа сүй­реп, ақыры әділдікті қалпына кел­тірсе, онда мемсатып алуды өткі­зуші ұйым өнім жеткізгені үшін бекітілген сомадан аз ақша ұсынуы мүмкін. Сөйтіп, ке­лесі жолы тендерге қа­тысуға құл­шынбайтын күйге жет­кізіп, бар құлқын, ынтасын жояды. Кәсіпкер Нұрлан Нұркин тен­дерлерден көңілі қалғанын айта­ды. «Бірнеше жылдан бері Gosreestr порталындағы мемлекеттік актив­тердің саудасына қатысып келемін. Бағасы төмендетілетін саудалар түйткілге толы. Өйткені таласуға тұ­рар­лық, құнды лоттарды адал кү­ресте сатып алу мүмкін емес. Мә­нісі неде? Бағасы азайтылатын лоттардың саудасын өткізу кезінде төмендетілген қолайлы баға жа­зы­лып тұрады. Электронды аук­цион залында ол сатылған деп шыға келеді. Яғни, ондай лотты са­тып ала алмайсың, сенен бірер секу­нд бұрын ғана біреу сатып алып қойған. Соған қарағанда сер­вердегі уақытқа, сағатқа қатысты әлдебір манипуляция жасалатын секілді. Барлығы өте қымбат және майшелпек лоттар осылай сатылып кетті. Тендер құнының 10 пайызы көлемінде ұсынсаң, әлдебір IT мамандары кез келген лотты төмендетілген бағасымен қоржыныңа салып береді деген әңгіме бар», – дейді Н.Нұркин.   Кәсіпкердің айтуынша, ал­дау келесідей схемамен іске асырыл­ады: порталдың және аук­циондар өткізудің ережесі бо­йынша бастапқыда мемактив дұ­рыс нарықтық баға бойынша сау­даға шығарылады. Оның қа­тысу­шылары кепіл жарна енгізуі керек. Алаяқ компания ең жоғарғы бағаны ұсынып, бүкіл қарсыласын жолда қалдырады. Әйткенмен же­ңімпаз ретінде артынша активті сатып алмайды. Кепіл жарнасын құрбан етеді: ол бюджетке ау­дарылады. Екінші рет дәл сол ак­тив бағасы төмендетілетін аук­ционға шығарылады және әлгі компания ымыраластарымен бірге портал сағатының тілін әрлі-берлі жылжыту арқылы жеңіске жетеді: аукционның соңғы секундтарында кім жақсырақ ұсыныс енгізсе сол жеңетіні белгілі. Нұрлан Нұркин Gosreestr пор­талын тексеруді және істің мән-жайын анықтауды сұрап, анти­коррупциялық ведомствоға жүгініпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл өті­нішті қарағанын жеткізді. Заң бұзушылық таппаған. Дегенмен мәселені жан-жақты әрі объективті зерделеу үшін оның өтінішін Қар­жы министрлігіне жіберді.  

Келісімде сан қулыққа орын бар

Жақында бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов «СҚ-Фармация­ны» «жеткізушімен арадағы ке­лісімнің талаптарын бұзды» деп айыптады. Оның тендерін жеңіп алған отан­дық компания 1,5 миллиард тең­геге ПТР-анализдерге арналған 507 мың 975 реагент кешенін жет­кізуі тиіс болған. Алайда бірыңғай дистрибьютор соның жартысын ала сала  жос­парын өзгерте қойыпты. «СҚ-Фармация» коронавирус­пен күресті жарға жыққалы отыр ма? Маған Wirius  ЖШС шағым­данды. Компания келісімде бел­гіленген мерзімде реагенттердің 315 552 кешенінен тұратын бірінші пар­тиясын жеткізген. Ол енді 192 480 кешеннен құралған екінші партиясын сатып алған. Осы кезде «СҚ-Фармациядан» хат келеді, онда ол реагенттерді қабылдаудан және жеткізілген өнімнің шы­ғынын өтеуден бас тартатынын ха­барлапты. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі реагенттерге деген қажеттілік жоғын жеткізген. Яғни, бірыңғай дистрибьютор екінші партияны қабылдамау сыртында  бірінші партияның қабылдап ал­ған өнімінің бір бөлігі үшін ақы төлемеуге ұйғарған. Оны тіпті ак­тіге қол қойылып тасталғаны да тоқ­тата алмаған», – деді бизнес-омбудсмен. Жеткізуші бүкіл өнімді сатып алу үшін кредит рәсімдепті, егер оны мемлекетке сата алмаса, қа­рызға белшеден батады. Рустам Жүрсунов пандемияның екінші толқыны келе жатқанын, демек реагенттерге бәрібір сұраныс болатынын алға тартады. «СҚ-Фармация» баспасөз қызметі 1,56 миллиард теңгеге 507 975 реагент жеткізу туралы же­ңімпаз компаниямен келісімге қол қойылғанын растады. Меди­цина­лық ұйымдар сонша реагентке өтініш беріпті. «Өтініштер 19-25 маусым ара­лығында жиналды. Әйткенмен, 11 та­мызда тапсырыс берген 59 мед­ұйымның тек 27-сі ғана 125 376 ке­­шен көлемінде келісімге қол қойды. Қалған ұйымдар тауарды қабылдаудан бас тартуда және ке­­лісімді бұзуды талап етіп отыр», – деді «СҚ-Фармация». Әрине, ол бизнесменді құтқару үшін заң бұза алмайды. Ведомствоаралық комиссия (ВАК) 3 қыркүйекте осы жағдайды қарай келе Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және БҚО, Қарағанды, Павлодар облыс­тарының әкімдіктеріне бұрын тап­сырыс берілген көлемде ПТР-тест жеткізу жөнінде «СҚ-Фармация­мен» келісімге қол қоюды жедел­детуді жүктеді. 22 қыркүйекте ВАК мә­селені тағы қарады. «СҚ-Фар­мация» жеткізушіден реагенттерді толық көлемде сатып алуға күш салатынын мәлімдеді. Қалай болғанда, тендер келісімі орындаудың кез келген сатысында сатып алу көлемін өзгерте беруге жол ашады екен. Nurtai Business Group бас­шысы Қайсар Нұртаев болса, жеткізушілерге өнім ақысын ұзақ күтуге тура келетінін айтады. «Біз биылғы 11 маусымда Ал­маты қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты №5 қалалық перзентханасы өткізген мемлекеттік сатып алуларды же­ңіп алдық. 2 шілдеде келісімге қол қойдық. Нәтижесінде, тех­спецификаға сай жалпы сомасы 877 мың 500 теңгеге 1 мың 500 метр төсеніш-клеенка жеткіздік. Тауар 10 шілдеде толық көлемде жеткізілді. Содан бері 80 күннен асты. Телефон арқылы хабарлассақ, мекеме бухгалтериясының қызмет­кері ақша жоқ дейді», – деп қын­жылыс білдіреді кәсіпкер. Тәжірибе былайғы кәсіпкер­лерге мемлекеттен адал түрде мү­лік пен ақша алу күрделі екенін көрсетіп отыр. Әрине, билікте сыбайласы, қамқоршысы бар биз­несмендер бұл қиындықтың не екенін білмейтін болар. Шынында, ондай қиындық пен кедергіні бар­лық қатысушы білмегені абзал. Сон­да жемқорлық та жойылады. Мем­лекеттің сатып алу және жеке­шелендіру порталдары отандық кә­сіпкерліктің дамуына қуатты ықпал етуі шарт. Әйтпесе, игілігін көргендерге қарағанда көңілі қал­ғандар қатары қарқынды артып барады.  

Елдос СЕНБАЙ