Қайырымдылық жасаушы да қолдауға зәру
Қайырымдылық жасаушы да қолдауға зәру
206
оқылды
 

Қайырымдылық реестрі жасалады

 Мемлекет басшысы қайырым­дылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкіл­дерімен өткізген онлайн  кез­десуін­де  қайырымдылық және во­лонтерлік ұйымдар мемле­кет­­пен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуі үшін заң жүзіндегі шынайы мәртебеге ие болуы тиіс екенін тілге тиек етті. «Үкі­метке бұл мәселені пысықтау тап­сырылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеудің мәні зор. Со­нымен қатар салықтық жеңіл­діктер мәселесі де маңызды», – деді Президент.
Бүгінде қайырымдылық жоба­ларына бағытталған ірі бизнестің та­бысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салық­тан босату   қарастырылған. Бірақ ШОБ бұл жеңілдіктерді пай­даланбай отыр. Себебі бизнестің қайырымдылыққа қаржы ау­дар­­уы  ыңғайлы әрі тиімді  бол­май отыр. Сонымен бірге қа­йырымдылық қорларындағы қар­­­­жының ашықтығы да өзекті. Бұл ретте қайырымдылық жа­сай­­тын азаматтар мен көмек алу­шылардың реестрін құру қолға алын­бақ. Бұл қайырымдылық жобалар арқылы өтетін қаржының жұмсалуына ақпараттық және қо­ғамдық бақылауды қамтамасыз етеді. Әйтпесе, ел арасында ірі компаниялар қайырымдылықпен салықтан жалтару үшін ғана ай­налысады деген дөрекілеу пі­кір бар. «Аяла» қайырымдылық қо­рының президенті Айдан Сүлейменова бұл жаңсақ пікір деп санайды.
«Коммерциялық емес қа­йырым­­дылық қоры ретінде біз кор­поративтік табыс са­лы­­ғын төлемейміз, өйткені қа­йырымдылықпен айналысатын­дар салықтан босатылған.  Айт­пақ­шы, қайырымдылық салықтан құтылу үшін жасалады деген түс­і­нік басы бүтін қате. Біздің ел­де­гі салық салу ірі бизнесті қа­йырым­дылық жобаларына қаты­суға ын­­та­­ландырмайды да – салық  жең­­іл­­діктері  мардымсыз дер едім», – дей­ді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қайырымдылық туралы заңға тү­зетулер дайындалып жатыр. А.Сүлейменова басқа ірі қорлар басшыларымен бірге аталған  заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамында жұмыс істеп жатыр екен.  «Қайырымдылқ жасауға ке­дергі болатын мәселелерге ше­неуніктер көзін жеткізіп, өз ұсыныстарымызды айтуға мүм­кіндік алдық. Ұсынысымыз қабыл­данады деп ойлаймын», – дейді.
 

Қайырымды компанияны білесіз бе?

Қайырымдылықпен ай­налыса­тын компаниялар кор­поративтік табыс салығын тө­леуден бо­сатылады. Яғни, олар қа­йырым­дылыққа салық төлемейді. Тек әлеуметтік төлемдерді төлейді – бұл жалақы, зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық. Бірақ олар жеткіліксіз дейді. Шет мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, тағы да салыққа жеңілдік алғысы келеді. Ол туралы сәл кейінірек. Ал қазір қайырымдылықпен ай­налысатын ірі компаниялардың ара­сындағы «атымтай жомарттарды» атап көрсек. Бұл рейтингте әзірге Еуразиялық Топ (ERG) топ бас­­тап тұр. Бұл компания 2016-2017 жыл­дары демеушілік пен қайырымдылыққа 52 миллиардтан астам теңге жұмсапты. Одан кейінгі орындағы Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры 29,8 млрд теңге бөлген. «Қазцинк» те қара жаяу емес, аталған мер­зімде    22 млрд теңге шығарған.  «Теңізшевройл» компаниясының жомарттығы  16,5 млрд теңгемен бағаланыпты. Алғашқы бестікті KAZ Minerals Тобы тәмамдай­ды –  қайырымдылық мақсатына 6 млрд теңге бөлген.  Бұл біз үшін қомақты қаржы болып кө­рінгенімен, олар үшін аса үлкен сома емес. Себебі олар жер қой­науын пайдалану ар­қылы телегей табысқа кенеліп отыр. Ең қызығы, еліміздегі ірі ком­­паниялар қайырымды іс­терін жарнамалауға құмар бол­ғанымен, оған жұмсалған қаржы көлемін жариялауға аса құлықты емес. Әйтпесе, біздің елде қа­йырымдылықпен айналысатын ком­пания өте көп. Әдетте ірі ком­паниялар қайырымдылықпен ті­келей өзі айналыспайды. Ком­пания жанынан қор құрып, қар­жыны соған аударады. Басқа да қорларға демеушілік ететіні бар. Біздің елде ауқатты қорлардың басында   белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың есімімен аталатын  құрылым  тұр. 2014 жылдан бері жұмыс істейтін бұл қор жыл сайын бюджетке ондаған миллион теңге аударып отырады. Сонымен бірге Әсел Тасмағамбетованың  «Сәби» қоры да бюджетке қомақты қаржы құятындар қатарында.  Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнәр Досаеваның «Дара» қайырымдылық қоры 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл қор 153 мил­­лион теңгеге қарапайым салық төлемдерімен көмек көрсеткен.  Айдан Сүлейменова жетекшілік ететін  «Аяла» қайырымдылық қо­рының айналымы да назар ау­дарарлық. Былтыр бұл ұйым 110 миллион теңгенің көмегін көр­сеткен.  

Қор жұмысына кедергі қайдан?

Шотында миллиондар айна­латын қайырымдылық қорлары  жұмыс істеуімізге кедергі көп десе, таңғалатындар көбейетіні заң­ды. Бірақ шыны сол, мұндай қорлардың да мұңы жетіп артылады екен. «Сәби»  қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың ай­туын­ша, өркениетті елдер­де қа­йырым­дылықпен айналысатын­дарға бірнеше салық жеңілдігі қарастырылған. Мысалы, АҚШ-та  донор компаниялар федералды кіріс салығынан, бірқатар жер­гілікті салықтан босатылса, қа­­­йырым­дылыққа қаражат са­ла­­тын жеке тұлғалар, салған ин­­вес­­тициясына табыс салығынан бо­са­тылады. Нәтижесінде, ком­мерциялық емес ұйымның АҚШ ЖІӨ-ге қосқан үлесі 10% -ды құрап отыр. Ал Еуропада қа­йырымдылық қорларына салық шегерімдері қабылданған. Шегерім шегі елге байланысты өзгереді, бірақ әдетте салық кірістің 10-20%-ын құрайды.
«Бізге осындай тәжірибені де қолдануға болар еді. Біздің қор Қызылордадағы 60 орынға арналған балалар үйі, Ақтөбедегі балалар үйінің түлектеріне ар­налған 80 пәтерлі коттедж қала­шығы, Алматыдағы 1 200 орынға арналған орта мектеп және ны­сандарды салу кезінде   барлық салықты, оның ішінде ҚҚС-ты мемлекетке толығымен аударуға мәжбүр болды. ҚҚС бойынша төлемдердің жалпы сомасы 365 миллион теңгені құрады. Ал Еу­роодақ елдерінде, мысалы ҮЕҰ-ға қатысты салық заңнамасы бұл ұйым­дарды «қоғамдық мүддеде жұмыс істейді» деп жіктейді де, ҚҚС төлеуден босатады. Сонымен қатар КЕҰ сатып ала­тын тауарлар мен қызметтерге ҚҚС мөлшерлемесін төмендету қарастырылған. Тіпті, Ресейде де құрылыс жұмыстары ҚҚС-нан босатылады», – дейді ол.
Тағы бір мәселе, біздің елде қорлар жұмыс істейтін өңірде ин­фрақұрылымды қалыптастыруға да, байланыс құралдарынан да ешқандай көмек болмайды екен. Ал әлеуметтік нысандарға арналған жер телімдері   қала орталығынан, өркениеттен алыс жерден беріледі. Сондай-ақ әкімдіктерде ҮЕҰ-мен серіктестік жасаудың құқықтық ме­ханизмі мүлдем жоқ көрінеді.
«Бізде (Қорда – ред.) бар жалғыз ресми құжат – әкімдік пен қор арасындағы меморандум, іс жүзінде заңды күші жоқ келіссөз. Бұған жергілікті жердегі шексіз ротацияны қосыңыз, әр кездесуден кейін бәрін қайта бастауға тура келеді. Бұл аз десеңіз, құрылыс аяқ­талғаннан кейін  нысанды қала балансына беруде мәселе туындайды. Жергілікті жердегі бю­рократиялық кідірістер, жұ­мыстардың кәсіби дәрежеде бол­мауына байланысты бұл про­цедура кейде бірнеше жылға со­­зылады. Біздің елде ешкімге жаңа мектептер, ауруханалар, мұ­ражайлар қажет емес сияқты кө­рінеді...»  – дейді қор жетекшісі.
Жалпы, қайырымдылық қор­лары басшыларын халықтың ҮЕҰ-ға деген көзқарасын тү­бегейлі өзгерту үшін мемлекет пен қоғам тарапынан нақты қолдау қажет деп санайды. Ол үшін ҮЕҰ мен әкімдіктердің ынтымақтастығының құқықтық базасын әзірлеуді, қайырымдылық саласындағы, соның ішінде ірі әлеуметтік нысандар салу кезіндегі салық заңнамасын жақсартуды ұсынады. Бұл ұсыныстар Қайырымдылық туралы заңда қалай көрініс табарын уақыт көрсетеді.  

халимаХалима  БҰҚАРҚЫЗЫ