Лукашенкоға қарсы санкция салынды
Лукашенкоға қарсы санкция салынды
Беларусьтегі президент сай­лауының өткеніне де екі айға жуық уақыт болды. Ресми билік салған беттен А.Лукашенконы жеңімпаз деп танығанымен, оппози­ция атынан сайлауға түскен Светлана Тиха­новская дауыс санау кезінде биліктің тізеге басқанын алға тартқан. Сөйтіп, оның жақтастары сайлауда жеңіске жеткенін ж­а­риялаған еді. Әрі жалпыхалықтық нара­зылық акциясын бастаған. Содан бері Беларусьте наразылық тоқтаған жоқ. Ал елдің орталық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялап, халықтың басым көпшілігі А.Лу­кашенконы қолдағанын мә­ліме­деген. Тіпті, А.Лукашенко инаугу­рация да өткізді. Бірақ оны ресми түрде президент ретінде танығандар қатары аз. Батыс жұрты оның сайлауда жеңіске жеткенін мойын­дамай отыр. Енді оған санкциялар қосылды.  

Беларусь шенділерінің шоттары бұғатталады

Беларусь президенті А.Лука­шенко мен командасына салынған санкциялар көшін Ұлыбритания мен Канада бастады. Ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, санкцияға ілінгендер қатарында ел прези­денті мен баласынан бөлек президент әкім­шілігінің жетекшісі И.Сер­геенко, Ішкі істер министрі Ю.Караев, оның орын­басарлары А.Барсуков пен Ю.Назаренко, Ішкі әскер қолбас­шысының орынбасары Х.Атабеков, Минск ОМОН-ының командирі Д.Балаба бар екен. Санкция бұл тұлғалардың Ұлыбритания мен Канадаға баруына тыйым салу мен активтерін бұғаттауды қамтиды. Ал Еуропа одағы персоналды санкция мәселесінде пәтуаға келе алмаған еді. Оған Кипрдің Түркияға қарсы санкция салу туралы ұсыныс айтып, қасарысып отырып алғаны себеп болған. Дегенмен ерте ме, кеш пе, Еуропа елдері де Лукашенкоға қарсы санкция салуға келісуі мүмкін. Әрине, бұл санкциялар Беларусь президентіне салын­ғанымен, елдегі кәсіпорындарға қатысы жоқ. Біздің пайымдауымызша, батыс елдері кәсіпорындарға санкция салмауы мүмкін. Өйткені Беларусьтің ірі кәсіпорындары жұмысшыларының көбі наразылық шеруіне қатысып жатыр. Атап айтқанда, МТЗ, МАЗ, МЗКТ, ГродноАзот, БелКалий, Нафтан, Коммунмаш, МЭТЗ, Бела­русьнефть тәрізді кәсіпо­рын­дарда ереуілшілдер комитеттері құрылған. Яғни, Светлана Тиханов­скаяны жақтаушылар бұл кәсіпо­рындарда аз емес. Егер кәсіпо­рындарға санкция салынар болса, ереуілшілердің батыс жұртынан көңілі қалуы мүмкін. Бірақ еуро­палықтар Беларусь президентін қызметтен кетірмей қоймайтын тәрізді. Лукашенко неғұрлым көбірек қасарысса, санкциялар да соғұрлым ауырлай түсуі ғажап емес. Ал А.Лука­шен­коның санкцияларға қанша­лықты төтеп бере алары белгісіз.  

Еуропаның танығаны басқа

Беларусьтегі сайлау нәтижелерін Еуропа әу бастан-ақ мойын­дама­ғанымен, Тиха­новскаяны пре­зидент ретінде тану қыр­күйекте басталды. Тіпті, соңғы кездері бірқатар елдің басшылары онымен кез­десу жасап та үлгерді. Айталық, Виль­нюсте Франция президенті Эмма­нуэл Макрон Светлана Тиханов­скаямен кездесті. Француз басшысы Беларусьтегі жағдайды реттеуге атсалысуға даяр екенін мәлімдеді. Біздің пайым­дауымызша, Макрон Тихановскаяны президент деп тану ісінде Еуропа елдеріне кәдімгідей ықпал етіп отырған сияқты. Ол біраз бұрын Le Journal du Dimanche газетіне берген сұхбатында Лука­шенкоға қатысты көзқарасын ашық білдірген. «Бұл – демо­кратия логи­касын қабылдай алмайтын және қара күшке сүйеніп, орнында қал­ғысы келген биліктің, авто­ритарлық биліктің дағдарысы. Лукашенко орнынан кетуі тиіс» деген еді Макрон. Кейін Германия канцлері Ангела Меркель де С.Тиханов­скаямен кездесуге даяр екенін мәлімдеді. Сөйтіп, Еуро­паның ірі елдері Лукашенконы барынша тықсырып барады. Оған әу бастан-ақ Тихановскаяны қолдаған Поль­ша, Литва, Латвия, Эстония тәрізді Шығыс Еуропа мен Балтық бойын­дағы мемлекетті қосыңыз. Оның үстіне, Еуропа одағының кеше басталған кезектен тыс самми­тінде Беларусь мәселесі де қаралып жатыр.  

Екі лагерьге бөлінудің басы болмаса игі

Беларусьтегі жағдай әлемдік саясатта кәдімгідей топ-топқа бөлі­нуі көрінісінің айқын байқала бастағанын көрсетті. А.Лука­шенко­ны президент ретінде мойын­даған мемлекеттер әу бастан ым-жымы бір елдер. Көп жағдайда бұл мемлекеттер батыстың саяса­тына келіспейтінін байқатады. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Түркия, Қазақстан, Әзер­байжан, Армения, Қырғыз Респуб­ликасы, Молдова, Тәжікстан, Өз­бек­стан, Сирия, Ни­карагуа, Вене­суэла, Вьетнам, Түрік­менстан қа­тарлы мемлекеттер Лука­шенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтаған еді. Бірақ осы топтың өзінде өзара қырғи­қабақ болып отырған елдер бар. Әзербайжан мен Армения, Түркия мен Сирия біраз­дан бері «жараспай» жүр. Әрі жаһандық саясатта Азия-Оңтүстік Америка тобы мен Еуропа-Америка, Океания тобы қалыптасқандай көрінеді. Өйткені Беларусьтегі сай­лау нәти­жесіне келіспейтін топта Еуро­па елдерінің басым көпшілігі, АҚШ пен Канада бар. ХХ ғасырда әлемдік саясат идеологиялық тұр­ғыдан екі лагерьге бөлінсе, енді конти­ненталды бөлініске ұқсайды. Бірақ Бе­ларусьтің Батыс Азия мен Солтүстік Африка елдерінен бір артықшылығы бар. Ол – елдегі биліктің бейбіт жолмен алмасу мүмкіндігі. Біздің пайым­дауымызша, қалай болғанда да Еуропа елдері өздерімен іргелес отырған елде қантөгіске жол бере қоймайды. Ал Ливия, Сирия, Тунис, Мысыр тәріз­ді елде адам құны «көк тиын» болып қан төгілген еді. 10 жыл бұрынғы дүрбелеңнің зардабын аталған елдер әлі тартып келеді.  

Амангелді ҚҰРМЕТ