Ұсталғандардың біреуі Ұлан Атамбаев шекара қызметінің аға сержанты болғандықтан, сот Алматы гарнизонының әскери сотында өткенін айта кеткен жөн. Ал сот үкімі бойынша Абзал Нұрахановқа Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» және 188-бабына сәйкес «ұрлық жасады» деген айып тағылып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бақытбек Ибрагимовты «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп 7 жылға соттады. Нұраханов пен Ибрагимов жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Бұдан бөлек, Мырзағали Дүйсенбаев «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деген айыппен 5 жылға сотталса, «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған Рүстем Бежібаев 5 жылға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев 3 жылға темір торға тоғытылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа абақтыда өтейді. Осылайша, 7 азаматқа сот үкімі шықты. Судья Дихан Әлиасқаров күдіктілердің кесімін айтқан кезде, сот шешімімен келіспей залды басына көтергендер болды. Мәселен, Алмат Тілеуғалиев 3 жылға сотталғанын естігенде бұған дейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткенін айтып, «енді қарнымды жарып тастаймын» деп қорқытты. «Сәуірде өз-өзіме қол жұмсағанмын. Себебі заңсыз айып тағылды. Заңсыз соттап жатыр. Әділ үкім шығарсын деп тілеймін. Тағы да өзіме қол жұмсаймын. Бұлай өмір сүргенше өлгенім артық» деп «ауыр жазаға кесіліп» жатқанын жеткізді. Сотталушы Мырзағали Дүйсенбаев отбасының жалғыз асыраушысы екенін, Қордайға білместіктен барғанын айтып, көз жасын төкті. «Үйде бала-шағамды бағатын жалғыз өзім. Келіншегім ауырады. Қызым да жүрек ақауымен тіркеуде тұр. Мыналар ешқандай жеңілдік қарап жатқан жоқ. Мен таксист болып барғанмын. Ұрлық жайында білмедім. Соны біле тұра, 6 жылға соттап жіберді» деп соттың кешірімді болуын сұрады. Ал сотталғандардың жақындары сот отырысына қатыстырылмай, үкімді журналистердің аузынан естіді. Олар да сот үкімімен келіспейтіндерін, апелляцияға беретіндерін айтты. «Сот үкімімен келіспейміз. Баламның қылмыс жасағаны, біреуді ұрып-соққаны немесе ұрлық жасағаны тергеуде дәлелденген жоқ. Соған қарамастан, бас бостандығынан айырып отыр. Олай болса, Қордайға барғандардың бәрін соттай берсін», – дейді сотталушы Ұлан Атамбаевтың әкесі Сәрсен Атамбаев. Қордайлықтар сотталған жеті азаматтың есімін қарап шығып, олардың арасынан ауыл азаматтарын кезіктірмегендерін айтады. Демек, бұл Қордай қақтығысына сыртқы күштер әсер етті дегенді тағы бір айғақтап тұрғандай. Десе де, ұлтаралық кикілжіңнен кейін Ішкі істер министрлігі 120-дан аса іс бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның 11-і адам өліміне қатысты. Алайда жаппай тәртіпсіздіктен кейін күдікке іліккендер мен қамауға алынғандардың нақты саны айтылмады. Сондықтан тергеу амалдарынан кейін жазаға тартылатындардың арасында ауыл азаматтары да болуы мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Айтпақшы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай қақтығысына қатысы бар делінген күдіктілердің ата-аналарымен кездесу кезінде тергеу амалдарының материалдары тараптарға таныстырылуы керегін айтқан еді. «Біз болған қайғылы оқиға 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, 200-ге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады, ұсталғандармен кездесу мен телефон арқылы сөйлесу ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады, ол материалдармен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және олардың кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек» деген болатын облыс әкімі. Алайда қордайлықтар сот үкімімен тек әлеуметтік желілердегі ақпараттан танысқанын айтады. Демек, Қордай қақтығысына қатысты құпиялылық әлі де қатаң сақталуда деуге негіз бар секілді.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы