Турнирлік кестеде екінші орында тұрған елордалық ұжымның шабысының шау тартқаны маусымдағы сүреңсіз ойындарынан-ақ байқалды. Чемпиондық тұрмақ еурокубоктағы іріктеу матчтарында да өзінен тәжірибесі аз, деңгейі мен бюджеті төмен командалардан жеңіліп, жағдайының жақсы емес екенін көрсетті. Сөйтіп, жыл сайын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап жүрген азулы командамыз осы жылғы жолдамадан тыс қалды.Михал Билек тізгіндеген команда мардымды ойын көрсетпек түгілі, маңызды кездесулерде бір емес бірнеше рет білгенінен жаңылды. «Астана аренаның» да жыры ұзаққа созылып, стадионсыз қалған команда сырт алаңда сенімді ойнай да алмады. Ақырында чех маманы қызметінен кетті. Бір сөзбен, бұл маусым «Астананың» сәтсіз маусымдарының бірі болды деуге де болады. Бес дүркін чемпиондар қайта ес жиямыз дегенше чемпиондықтың да ауылы алыстап кететін болды. Турнирдегі басты қарсыласын 5 ұпайға ұзатып алған «Астана» футболшылары 21 ұпаймен әзірге 2-орында тұр. Олар 11-турда турнирдегі аутсайдер командалардың бірі маңғыстаулық «Каспийге» 1-2 есебімен есе жіберді. Абырой болғанда, «Қайрат» командасы да «Шахтермен» ойында қолда тұрған үш ұпайдан айырылып, тең есепті қанағат тұтты. "Каспиймен" ойын алдында чемпионаттағы тартыс, командалардың деңгейі мен мүмкіндіктері туралы «Астана» футбол клубының баспасөз хатшысы Дмитрий Нестеренко пікір білдірді. – Дәл қазір «Астананың» алдында күрделі міндет тұр. Ол – ішкі біріншілікте топ жару. Әрине, жеңіс оңайлықпен келмейді. Ол үшін әр ойында үздік болуың керек. Өзге командаларға мықтылығыңды дәлелдеу қажет. Осы жылы чемпиондыққа үміткер командалар, олар: алматылық «Қайрат», қостанайлық «Тобыл» және шымкенттік «Ордабасы» командалары. Кейінгі уақытта қызылордалық «Қайсар» мен қарағандылық «Шахтер» де жүлделі орындарға таласатынын керемет ойындары арқылы көрсетті. Сондықтан жарыс соңына дейін алдағы орындарға талас қыза түсетін секілді – дейді ол. Көпшілігі осы маусымда «Қайраттың» чемпион болатынын айтып алдын ала болжам жасауда. Өйткені құрамы жаңарған, қарқыны күшейген алматылық команда маусымға дайындығын жақсы өткізді. Шпилевский де «Қайраттан» кеткен Исаэль Барбоза, Жерар Гоу, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат секілді үздік ойыншылардың орнын басатын футболшыларды алдырып, өзінің командасын жасақтады. Олардың арасында бразилиялық сұрмерген Вагнер Лавтың есімі ерекше аталады. Әрі команда сапында чемпионаттағы ең қымбат футболшы польшалық Яцек Гуральский бар. Сондықтан да шығар «Қайрат» маусым басталар алдында чемпиондыққа басты үміткер командалардың бірі атанып шыға келді. Алматылық ұжымның чемпионатты жеңбегеніне тұп-тура 16 жыл болыпты. Соңғы рет «Қайрат» 2004 жылы чемпион болған. Осы жылы Шпилевскийдің шәкірттеріне сол жетістіктерін қайталауға керемет мүмкіндік туып тұр. Оның үстіне, осы жылы пандемияға байланысты елімізде карантин жарияланып, чемпионат қатарынан екі рет тоқтатылды. Қазіргі уақытта чемпионаттағы барлық ойындар Алматы қаласында өтуде. Сондықтан әр ойынын өз алаңында өткізіп жатқан «Қайрат» үшін бұл да жеңіске жетуге үлкен мотивация. Айтпақшы, чемпиондыққа «Астана» мен «Қайраттан» бөлек, «Тобыл» мен «Ордабасы» таласатынын айта кеткен жөн. Қос ұжымның оған толықтай қарым-қабілеті жетеді. Құрамына үздік футболшыларды топтастырған Цхададзе мен Бабаянның командасы маусым соңында жақсы көрсеткішке қол жеткізуді мақсат тұтып отыр. Әсіресе, «Тобылдың» топ жаруға қауқары жетеді. Құрамында Карлос Фонсека мен Джереми Манзорросы бар команда алдағы «Жетісумен» ойында жеңіске жетсе, «Қайратпен» арадағы ұпайы 5-ке дейін қысқарады. Шымкенттік «Ордабасы» командасының да чемпиондыққа аз да болса мүмкіндігі бар. Бірақ топ жарады дегеніне сенудің өзі қиын. Өйткені маусымның басында Цхададзенің шәкірттері көп ұпай жоғалтып алды. «Жақсы құраммен жақсы көрсеткіш көрсете ме?» деп сенген мамандар бұл ұжымды үздік үштікке таласады деп болжап отыр. Жалпы, Ордабасының жыл сайын дәстүрлі түрде 3-орын алатынын еліміздегі футбол жанкүйерлері де жақсы біледі. Ал «Жетісу», «Қайсар», «Шахтер», «Тараз», «Қызылжар», «Каспий», «Оқжетпес» клубтары турнирлік кестенің ортасынан ойып тұрып орын алуды мақсат тұтатыны белгілі. Расын айтар болсақ, олар үшін төменгі лигаға түсіп қалмаудың өзі үлкен жетістік саналады. «Каспий» командасымен ойыннан соң «Астана» командасының бас бапкері Пол Эшуорт командасының чемпионаттың соңына дейін күресетінін, чемпиондықтан үміт үзбейтінін айтыпты. – Бүгін маусымдағы ең сүреңсіз ойындарымыздың бірін өткіздік. Бір есептен «Каспийдің» де жақсы ойнағанын айта кеткен жөн. Олар бұл кездесуде жеңіске лайық болды. Ал біз өз мүмкіндігімізді пайдалана алмадық. Әрине, жанкүйерлер командаға ренжулі. Енді еңсемізді тіктеп, алға ұмтылуымыз керек. «Қайратқа» қарсы матчта жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз. Өйткені бұл кездесу чемпиондық үшін күресте шешуші рөл атқарады. Кейін шегінуге жол жоқ, сондықтан соңына дейін күресеміз, – деді «Астана» командасының бас бапкері. Көрейік, егер алдағы ойында «Астана» жеңіске жете алмаса, клуб басшылығы команданы чемпиондыққа жетелейтін жаңа бапкер іздеуі мүмкін. Футболдан Қазақстан біріншілігі бел ортасына таяды. Чемпионат нақ қызған шағында десе де болады. Командалардың ойыны да ақырындап қалыпқа түсті. Енді 3-4 турдан кейін үздіктер де іріктеледі. Алда маңызды кездесу келе жатыр. 4 қазанда «Қайрат» пен «Астана» арасындағы кездесу өтеді. Қазақ футболының жанкүйерлері «Ел классикосы» деп айдар таққан матчта «Қайрат» қайрат танытып 3 ұпайды еншілесе, чемпиондыққа сенімді қадам жасайды. Ал «Астананың» асығы алшысынан түсер болса, қос команда арасындағы арақашықтық 2 ұпайға дейін қысқарып, чемпиондыққа талас та қыза түседі. Қорыта айтқанда, бабын жоғалтқан «Астана» мен бағын іздеген «Қайраттың» ойыны чемпиондыққа таластың қашанға дейін жалғасатынын айғақтап береді.
Абылайхан ЖҰМАШ