«Еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз балалар арнасы Balapan биыл 10 жасқа толып отыр. Телеарна мерейтойына тарту ретінде кішкентай көрермендеріміз сүйіп көретін 10 үздік мультхикаяны ертегіге айналдырып, ұсынып отырмыз. Бұл «Balapan әлемі» сериясымен жарыққа шыққан алғашқы кітап. Көгілдір экраннан жақсы таныс кейіпкерлерді бүлдіршіндеріміз ертегілер еліндегі қызықты оқиғалар арқылы басқа қырынан танитыны анық. Ертеңгі ел азаматын тәрбиелеуде өз қаһармандарымызды үлгі етуіміз тиіс екенін үнемі айтып келеміз. Осыны ескере келе кейінгі жылдары арна эфирінен отандық анимацияларды шығаруды қолға алсақ, енді ондағы қаһармандарды ертегі кейіпкеріне айналдырып отырмыз. Balapan арнасын сүйіп көретін көрермендер бұл кітапты да қызыға оқитынына сенімдіміз», – дейді «Қазақстан» телера диокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.Атап айтсақ, кітапқа «Пырақтар», «Күлкі іздеген Күнекей», «Ертемір», «Алан мен Қозықа», «Дала ойындары», «Әли мен Айя», «Ертегілер еліне саяхат», «Айдар», «Ерден атаның әңгімелері», «Қызыл мен Күлтегін» мультхикаяларының ертегі нұсқасы топтастырылған. Balapan телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, ертегілер жинағын шығарудағы басты мақсат – көрермен көзайымына айналған кейіпкерлер мен қаһармандар арқылы балаларды кітап оқуға қызықтыра отырып, кішкентай оқырмандардың көбеюіне ықпал ету және бұл бастама алдағы уақытта да жалғасады.
«Балақайлар экрандағы сүйікті кейіпкерлерімен кітап беттерінде қауышып, ой-қиялдарын ұштай түспек. Ізгілікке, отансүйгіштікке баулитын, тілге жеңіл болса да терең мазмұнды ертегілер бүлдіршіндерді көркем де тартымды иллюстрациясымен баурап алады деген үміттеміз. Алдағы уақытта «Balapan әлемі» сериясымен тұрақты түрде кітаптар шығаруды мақсат етіп отырмыз», – деді балалар арнасының директоры. Жинақ алдағы уақытта Balapan көрермендеріне сыйға тартылып, облыс орталықтарындағы кітапханаларға таратылады. Сонымен бірге кітап дүкендеріне сатылымға шығарылады.
Исмаил ҚУАНЫШ