Нұр-Сұлтанға күзетші қажет

Нұр-Сұлтанға күзетші қажет

Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша электрондық еңбек биржасындағы түйіндемелер мен бос жұмыс орны санының арақатынасы бойынша күзетші Қазақстандағы ең тапшы маман болып тұр.

Сарапшылардың айтуынша, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша еңбек нарығында 3,3 мыңнан астам күзетші жұмыс орны бос қалған. Тапшы мамандардың бестігіне тәрбиешілер (1,5 мыңнан астам бос орын), даяшылар (1,5 мың), сатушы-кассирлер (1,3 мың) және тәрбиеші көмекшілері (1,2 мың) кіреді.

Ең сұранысқа ие мамандықтардың ондығына санитарлар, жүк көлігі жүргізушілері, орта мектеп мұғалімдері, жол тазалайтын жұмысшылар, сатушы-кеңесшілер кірді. «Республика бойынша еңбек нарығындағы сұраныс айтарлықтай ерекшеленеді.

Күзетші тапшы екі өңір — Қостанай облысы (1050 бос жұмыс орны) және Нұр-Сұлтан қаласы (1034 бос жұмыс орны). Ал Шымкентте күзетшілер тапшы 25 мамандықтың тізіміне де енбей қалған. Еліміздің оңтүстік мегаполисінде ең сұранысқа ие мамандар - орта мектеп мұғалімдері (935 бос орын) болды» делінген хабарламада.