Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиыны өтуде деп хабарлайды "Қазақпарат".
«2019 жылдың басында Қазақстан арнайы «Жусан» операциясын жүргізген болатын. «Жусан» операциясы – Қазақстан осы адамдардың (кезінде Сирияға кетіп қалған азаматтардың – авт.) үйі екенін көрсетті. Операцияның арқасында елге 600-ге тарта адам қайтарылды. Олардың 406-ы бала. Олардың бәрі де оңалту шараларынан өтіп, қазақстандық қоғамға бейімделді. Қазіргі уақытта Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың аналары сол жақта өмір бойы бас бостандығынан айырылған», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында.
Министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан мұндай гуманитарлық акцияларды жүргізіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. «Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», - деді ол.
Атап өтерлігі «Жусан» гуманитарлық операциясы 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.