«Қырғыздың қазақ тәжірибесін ескермеуі бекер болды» – Ермұхамед Ертісбаев
«Қырғыздың қазақ тәжірибесін ескермеуі бекер болды» – Ермұхамед Ертісбаев
4 қазанда Алатаудың арғы баурайындағы ағайын ел жаңа Парламентті қалыптастыратын партияларға дауыс береді. Сайлаушыларға ең сүйкімді болудан 16 партия үмітті. Мемлекеттік қайраткер, Президенттің бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Azattyq Rýhy сұрауымен Қырғыз Республикасындағы парламенттік сайлаудың ерекшеліктеріне талдау жасады. Таңдаудың зіл салмағы Қырғызстан – бізге ең жақын әрі туыс ел. Мен онда болып жатқан оқиғаларды зейін қоя қадағалап отырамын. Қараңыз, алдыңғы жылы Атамбаев пен Жээнбековтың Социал-демократиялық партиясы қаққа жарылды. Өкінішке қарай, қырғыз президенті Жээнбеков қазір парламенттік сайлауға қуатты саяси күшсіз шығуға мәжбүр. Бұл өте жаман нәрсе. 16 партияның додаға қатысуы да – өте-мөте жаман дүние. Саяси пікірлердің әралуандылығы сонша, олар елді әр жаққа тартуда.

Қырғыз электоратына айқындалу қиынға түспек. Оның үстіне осы 16 партияның жартысы сайлауға бірінші рет түсіп отыр. 

Бізді, қазақстандықтарды, биліктің саяси процесті қатаң бақылағаны үшін сынай береді. Ал демократиясы асып-тасыған Қырғызстанда не болды? Электораттың 75-80%-ы кімге дауыс беретінін әлі күнге анықтамаған. Арғы күні – сайлау. Кімге дауыс береді? Пандемия заманында, бүкіл әлемді әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жайлағанда күшті президенттік, үкіметтік саяси партиясы жоқ аморфты парламент жасақталса, бұл дағдарысты ушықтырып жіберуі мүмкін. Сайлауалды қарбалас Мен көптеген көзден инсайдерлік, ішкі ақпаратты аламын. Қырғызстанда достарым көп. Олар 16 партияның басым көпшілігіне қырғыз олигархтары билік ететінін, олар оны отбасылық бизнеске айналдырып алғанын айтады. Партиялар, кландар арасындағы күрес кезінде орталық сайлау комиссиясына қысым көрсетілуі ықтимал. Бір палаталы парламентке 1 912 кандидат ұсынылды, қарасам, 221-і сотталған екен. Жазасын өтеген. 19-ы сотталуда. Тағы ондаған адамның қылмыс әлемімен байланысты әртүрлі проблемасы бар. Бұл демократия емес, демократияның шіруі. Путинге тағзым Жээнбеков пен Путиннің кездесуін алайық. Оның интернетке салынған бейнежазбасын мұқият көріп шықтым. Президент Жээнбеков қолдау іздеді және Путин қолдау көрсетті. Бұл жақсы. Президент Жээнбеков кредит бергені үшін Путинге алғыс айтты. 100 млн доллар Қырғызстан үшін қомақты сома. Мысалы, Беларуске Лукашенкомен кездесуден кейін Путин 1,5 млрд доллар ұсынды. Путин іс басындағы мемлекет басшысын қолдайтынын қадап айтты. Мұны әрине, Қырғызстанның бүкіл элитасы естіді. Өз елінде қуатты саяси партиясы жоқ болғандықтан Лукашенко да, Жээнбеков те Мәскеуден қолдау іздеуге мәжбүр болды. Рас, Қазақстан да қолдау көрсете алатын еді. Бірақ біз экс-президент Атамбаев кезіндегі жағдайды ұмытқан жоқпыз: ол кандидат Бабанов Қазақстанға келгені үшін бізбен қырғиқабақ болды, жанжал шығарды. Қазақстан тәжірибесі Біз 2007 жылы тарихи іс тындырдық: Елбасы басқарған «Отан» партиясы Азаматтық партиямен, Аграрлық партиямен және «Асармен» бірікті. 4 ірі әрі жетекші партия «Nur Otan»-ға айналды. Партия Мәжіліс пен Сенатта, жергілікті билікте қуатты басымдыққа ие болды. Меніңше бұл елімізге үлкен игілік әкелді. Біз қырғыз елі жолығып отырған теріс құбылыстардан құтылып кеттік. Қазақстан ширек ғасыр бойы Назарбаев формуласы бойынша дамыды: бірінші экономиканы көтердік, содан кейін саясатқа мән бердік. Бүгінде саясат бірінші орында келеді.

Айхан ШӘРІП